» » ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУДА ӘКЕММЕН КЕҢЕСЕМІН

ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУДА ӘКЕММЕН КЕҢЕСЕМІН

   Сағдат НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ, Нағи Ілиясов ауылының әкімі:

‒ Сағдат Нұрмағанбетұлы, облыстағы ең жас әкім өзіңіз екенсіз. Тұңғыш Президент ‒ Елбасы Н. Назарбаевтың өзі «XXI ғасырдың ауылы» деп жоғары бағалаған елді мекенді басқару сізге қаншалықты жауапкершілік жүктейді? Айтыңызшы, сіз келгелі екі жылда ауылда қандай бастамалар қолға алынды?
Елбасы  2011 жылы Сыр өңіріне жасаған сапарында біздің ауылға да ат басын тірегенін білесіз. Сол уақытта көшесі таза, мәселесі күрмеусіз ауылды көріп «Қазақстанның барлық ауылы Нағидай болсын» деп, халық абыройын биіктетіп, өзге елді мекендерге қозғау салды. Байқағаныңыздай, ауылдың жолы түзу, көшесі көрікті, суы таза, халқы тыныш. Менің ендігі міндетім ‒ ауылдың осы даму қарқынын бақылап, қолымнан келгенше одан әрі жақсара түсуіне жәрдемдесу. Бұл кезге дейін де, яғни 2011 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істеп келемін. Алғашында әдіскер, жетекші маман, бас маман қызметінде жүріп халықпен тығыз байланыс орнаттым. Сондықтан бұл қызметті жауапкершілікпен атқаруда алдыңғы буынның ақылы мен бірнеше жылғы тәжірибеме сүйенемін. Ауыл әкімі қызметіне келгелі ауылдағы шағын және орта бизнесті және кәсіпкерлік саласын дамыту, әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын жақсарту басты назарымда.
       ‒ Отбасы мүшелерінің бәрі дерлік мемлекеттік қызметте еңбек еткенінен хабардармыз. Бұл ‒ ата-ана тәрбиесінің бала бойында ұлттық иммунитетті қалыптастыра алуының әсері болар....
‒  Оныңыз рас, әкем Нұрмағанбет Қуандықов көп жылдар бойы мектеп қабырғасында директор қызметін атқарды. 2004-2013 жылдар аралығында осы ауылдың әкімі болып зейнеткерлікке шықты, қазір Нағи Ілиясов ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы. Ал анам Базаркүл Зәкірқызы талай жыл медицина саласында еңбек етіп, ел алғысына бөленген адам. Алдыңғы буын кейінгіге үлгі, біз де ата-анамыздың абыройлы жолын адал еңбекпен жалғап келеміз. Ағам Қайрат Қуандықов Сырдария ауданы әкімі аппаратында бөлім басшысы қызметінде, әпкем Салтанат Қуандықова Сырдария аудандық мұражайында ғылыми қызметкер. Бәріміз де жоғары білім алып, бүгінде ел мүддесі үшін жұмыс жасаудамыз.
‒ Ауылдың аты аталғаннан «Абзал и К» шаруашылығы ойға оралады. Ал мемлекет тарапынан ауыл дамуына қандай көмек көрсетілуде? Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
‒ «Абзал и К» толық серіктестігі 2003 жылдан бастап жұмыс істейді. Содан бері ауылдың жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар «Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі» негізінде жүргізіліп келеді. Мәселен, жергілікті бюджет есебінен ауылдағы 12 көше түгелдей асфальтталса, «Абзал и К» компаниясы сол көшелерге жарықтандыру жұмыстарын жүргізді. Шаруашылық жыл сайын ауылдың көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмысына 50-60 млн.теңге қаржы бөлуде, соның нәтижесінде ауылымыз осындай көрікті аймаққа айналды.
Ал кәсіпкерлік саласына келер болсақ, былтыр  ауылымызда 19 кәсіпкер субьектісі тіркелді. Оның ішінде мал шаруашылығы, жылыжай, қоян өсіру, ағаш өңдеу, жолаушы тасымалдау, тауық өсіру, шаштараз қызметі, массаж кабинеті мен кондитер өнімдерін шығаруға басымдық берілген. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының I бағытына сәйкес қысқа мерзімді техникалық білім алу және қайта даярлау мақсатында бес адам аспаз, массажист, шаштараз мамандығы бойынша арнайы курстан өтті. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 3 жоба және «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 5 жоба қаржыландырылды. Ал «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы 2 жоба 6 миллион теңгемен қаржыландырылды. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы ‒ 2020» бағдарламасы аясында конкурсқа жалпы құны 7.7 миллион теңгенің 6  жобасы ұсынылды.
‒ Ауылдағы білім беру саласының халі қандай? Мұғалім біліктілігі, түлектердің білім көрсеткіші, ғимараттардың сапасы жөнінде не айтасыз?
Кезінде «Хан мектебі» деп аталған №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің негізі 1903 жылы қаланған. Соған қарап-ақ, мектептің оқу-материалдық базасының жоғары деңгейде екенін түсінуге болады. Өткен оқу жылында 16 түлек мектеп бітірді, соның ішінде бір оқушымыз «Алтын белгісін» абыроймен қорғады. Қалған ҰБТ тапсырушы түлектер де толығымен мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Ал биыл бітірген 13 оқушының сегізі ҰБТ-ға қатысып, бақ сынайтын болады. 
‒ Халық арасында жұмыссыздық мәселесі жоқ екені жиі айтылады. Бұл қаншалықты рас? Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін қандай көмек көрсетілуде?
‒ Сенесіз бе, ауылда агроном мен механизатор маманының жетіспеушілігінен көрші ауыл, ауданнан қызметкер алдыртудамыз. Бұл ауыл тұрғындары түгелдей жұмыспен қамтылды деген сөз. Мысалы «Мағжан и К» ЖШС-де 380 ауыл адамы жұмыс істейді. Кейде жастар тұрақты жұмысы болғандықтан бизнес бағдарламадан бас тартып жатады. Осыдан-ақ халықтың тұрмыстық деңгейін аңғаруға болады. Ал әлеуметтік көмекке келер болсақ, ауылдағы еңбек ардагерлері мен тұрмысы төмен отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп келеді. Айталық, әр маусым сайын азық-түлікпен қамтамасыз етумен қатар, мал шаруашылығы үшін шөп, жем түсіріп жәрдемдесеміз.
‒ Ауыл халқының басым бөлігі күріш шаруашылығымен айналысады, бұл орайда «Абзал и К» көш бастап тұр. Елдің несібесін арттырған құнарлы жердің қазіргі ахуалы қандай? Ауыспалы егістің жыл сайынғы сапасын жақсарту үшін қандай жұмыстар жүргізіледі?
‒ Бастапқы жылдары 600 га аумаққа күріш егілсе, қазір оның көлемі 5000 гектарға артты. Қазір жыл сайын әр гектардан 67-70 ц өнім алынады. Егістік жердің құнарлылығы басты назарда, әсіресе 8 ауыспалы егіс аумағы қатаң қадағаланады. Соңғы 3 жылдан бері қолданыстан тыс, игерілмеген жерлер оталып, сүдігер жыртылып, айналымға қосылуда. Айта кетейін, жерді өңдеуге қажетті минералды тыңайтқыш көлемі де нормаға сәйкес беріліп отырады.  
‒ Жуырда ауылда дзюдодан жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир, үстел теннисінен облыстық ашық біріншілік өткенін білеміз. Ауылда спорт саласының дамуына да басымдық берілген тәрізді...
Осыдан төрт жыл бұрын мемлекет пен жекеменшік әріптестік негізінде 384 миллион теңгеге спорт комплексі салынды. Оның 180 млн. теңгесі облыстық бюджеттен бөлінсе, «Абзал и К» компаниясы 204 млн теңге қаржы құйды. Осындай заманауи ғимаратта жыл сайын дзюдодан жасөспірімдер арасында жарыс өткізіледі. Оған қоса биыл үстел теннисін ұйымдастыруды қолға алдық. Жалпы ауылда жастардың спорт секциясына жазылып, бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. 
‒ Ауылдан жаңғыру мен жаңаруды көрдік. Халықтың көңілі жай, көшесі таза. Бізге беймәлім көлденең мәселе бар ма?
‒ Байқағаныңыздай, барлық ауылдың басты мәселесі саналатын жағдайлар мұнда шешімін тапқан. Көшелер көгалдандырылып, тұрғындарға ауыз су мен аяқ су жеткізілген. Жол да тегіс, мәдениет үйі, емхана, спорт кешені де халық игілігі үшін жұмыс істеуде. Сондықтан елді алаңдататын айтарлықтай мәселе жоқ деп айта аламын.
‒ Болар елдің баласы ел үшін шешім қабылдауда үлкенмен кеңеседі. Ал сіз кіммен ақылдасасыз?
‒ Қандай да бір жағдай болмасын алдымен әкеммен ойласамын. Ол кісі отбасымызда да бәрімізге бағыт беріп отырады, жұмыс барысында да солай. Ал халық арасындағы өзекті тақарыптарды қоғамдық кеңесте ауыл ақсақалдарымен бірге  талқылаймыз.
‒ Енді отбасыңыз тақырыбына ойыссақ, үш бірдей азаматты тәрбиелеп отырсыз. Әкім болмысыңыз пен әкелік бейнеңіздің арасында айырмашылық бар ма?
‒ Бір ауылдың тізгінін ұстап, жауапкершілік арқалаған соң отбасы тәрбиесіне де жіті мән беремін. Өзім үйдің кенжесі болғандықтан, қара шаңырақта ата-анама қолғабыс етіп, сол кісілерден көрген тәлімді балаларыма тәрбие етіп беремін.
‒ Әкімнің жұмыс кестесі 8 сағатпен шектеле ме?
‒ Қазір мемлекеттік қызметкерлер үшін кешкі сағат 19.00-де жұмыс біту керек деген тәртіп бар. Сол үшін әкімшіліктегі барлық қызметкердің тапсырманы уақытында орындауын мұқият қадағалаймын. Содан болар аса бір кешігіп, жұмыс кестесін ұзартатындай кезең болған емес.
‒ Халыққа  сіздің қай қасиетіңіз жақын? Біліктілігіңіз бе әлде елге етене жақын болуыңыз ба? 
‒ Ел арасында «адамның бір мінезі артық, бір мінезі кем туылады» деген түсінік бар. Көпшілік менің артық мінезімді қарапайымдылық деп бағалайды, демек жұмыс барысындағы біліктілік те, елмен қарым-қатынас жасау да тұрғындар үшін маңызды.
‒ Көшбасшы алдағы 10 жылдығын бағамдап, болашағын көреді, қалғандары соған ереді. Келешекте ауылды қандай өзерістер күтіп тұр?
Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлудеміз. Ал алдағы уақытта жастарға арнап демалыс паркін ашу, жас отбасылар үшін тұрғын үй құрылысын бастау жоспарымызда бар.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
14 маусым 2019 ж. 545 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031