Жазғы лагерь – жайдары орын
Қызылорда қаласында орналасқан А.Байтұрсынов атындағы №211 мектептің оқушысы Жансая Жақыпбек күні кеше 6 сыныпты бітірді. Ол да басқа балалар сияқты жылда жаз мезгілін асыға күтеді. Өйткені, бұл – үш ай бойы демалып, жаңа оқу жылын тың күшпен бастауға қолайлы уақыт. Әрбір бала демалысты жанға жайлы, қызықты өткізуді армандайды. Сабақ барысында берілетін демалыс күндері жаз кезіндей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды.
Биыл аймақ мектептерінде оқитын Жансая сияқты 148 мыңға жуық баланың шамамен 98 проценті жазғы тынығу түрлерімен қамтылады деген болжам бар. Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, маусымдық демалыс қала мен аудандардың сыртындағы 9 лагерьде 7 ауысыммен ұйымдастырылады. Олардың бағасы әртүрлі – 32 мың мен 15 мың теңге аралығында.
Балалар үшін ең қымбат демалыс орны – Арал ауданының Қамыстыбас елді мекеніндегі «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығы. Биыл мұнда 1200-ге жуық оқушы уақытты көңілді өткізуге асық. Ал, Қызылорда қалалық білім бөліміне қарасты облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында әр ауысымда 300 баладан барлығы 2100 баланы қамту көзделіп отыр. Жолдама құны – 25 мың теңге.
Онкүндік демалыстың құны «Сыр ұланы» лагерінде (Шиелі ауданы) – 17500, «Жалын» тынығу лагерінде (Сырдария ауданы) – 16 мың, «Сырдария» (Қызылорда қаласы), «Шағала» (Қазалы ауданы), «Ақтерек» (Жалағаш ауданы) және «Тау самалы» (Жаңақорған ауданы) лагерьлерінде – 15 мың теңгеден. Ал, 1300-ге жуық бала «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының демеушілігімен облыс орталығындағы «Арай-Санрайз» лагерінде ой сергітпек.
Аталған лагерьлерге әне-міне дегенше сырбойылық балалар ағыла бастайды. Десек те, олар келушілерді қабылдауға қаншалықты дайын? Мысалы, Қазалыдағы демалыс орталығының аумағына, ғимараттарға биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кіреберіс жолдың бойындағы гүл егетін құмыралар, рәміздер алаңы, ескерткіштер әктеліп-сырланды. Арнайы орындарға гүл егілді. Лагерьде 13 үйірме тұрақты түрде жұмыс істейді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың демалысы үшін жергілікті бюджеттен 7 млн 920 мың теңге қаржы бөлінді.
Сырдария аудандық білім бөліміне қарасты «Жалын» лагерінде де әртүрлі санаттағы оқушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Биыл 550 бала Үкімет қаржысы есебінен демалмақ. 1958 жылы типтік жобамен салынған тынығу орны, жатын орын, асхана, медпункт, стоматологиялық кабинет және тағы басқа қажеттіліктермен қамтылған.
– Іс-тәжірибе алмасу орындары, арнайы үйірмелер балалардың уақытты тиімді әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді. Одан бөлек, Қалғандария көлі – шомылып, бой сергіту үшін таптырмас орын. Келушілерге 5 мезгіл тамақ беріледі, – дейді лагерь директоры Миримхан Момбаева.
Жазғы тынығу орындары мен мектеп жанындағы лагерьлер өз қызметін 1 маусым күні – балалар мерекесінде бастайды. Ағымдағы жылы, сонымен қатар, дамыту, сауықтыру, білім беру бағытында және психотерапевтік, коммуникативтік қызмет көрсететін 550 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істемек.