Тәуелсіздік − елімнің басты байлығы

Бұл жеміске жетер жолда қалмақтар қақпан құрды, жоңғарлар шаптан тістеді. Әйтеуір қойдан момын қазақтың аңғалдығы арманына жүк болды. Анталаған жау қабырғамызды қайыстырып, рух діңгегін майыстыруға талпынды. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға әкеп тіреді. Көзден ыстық жас ытқып шықса да, тәуелсіздік таңын көрем деген сенім оты өшкен жоқ. Қалмаққа аяғымызды, жоңғарға таяғымызды берсек те, қарсы келген қасіретті тектілік сертімен теуіп тастап, тәуелсіздік шыңына өрмеледік. Уақыт сабақтап берген инемен жыртығымызды жамап, тәу етер тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезінер шақта патшалық ресейдің боданына айналып кете бардық. Тағы да аңғалдық, тағы да алдандық. Олар жетпіс жыл бойы жігерімізді үгітіп, жүгендеп ұстауға тырысты. Намыс қазанына от жағып, сүт бетіне қалқып шыққан қаймақтарымызды итаяққа құйғысы келді. Бірақ шың басындағы жеміс діңгегіне бас байлаған қазақты төмен қарату мүмкін емес еді. Себебі жүрегімізге қондырған тәңір құты – тәуелсіздікке ешкім қарсы тұра алмайтын.
Ет жүректі елжіреткен еркіндік атаулының екі түрі бар. Есті еркіндік және ессіз еркіндік. Есті еркіндік елдікке жетелеп, ессіз еркіндік жерге жығады. Біздің бабаларымыз мұның алғашқысына қол созды. Алып берді. Аманаттады. Енді біз «мықтымыз» деген сөздің алдына түсіп кетпей, нақты іске күш жұмсасақ игі. Табанымыз қырқылып жеткен тәуелсіздік тұғыры баянды болсын!
Анель ЭЛЬДОС
№2 «Мұрагер» мектебінің 11-сынып оқушысы