Миллиардтарды жоғалту
Осыдан екі жыл бұрын белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы "қазақ жастарының үштен бірі өз болашағын Қазақстаннан көре алмайды" деп пікір білдірген еді. Ойы қалыптасқан азаматтың айтпағы елден үдере көшіп жатқан жастардың тым көбейіп бара жатқаны. Тура екі жыл бұрынғы картина бүгінде тым қоюланып кетті. Ресми статистикаға көз салсаңыз, өткен жылы елден 40 мың азамат шет асқан. Ең сорақысы, тұрақ етер мекен-жайын ауыстырып, мұхит асқандар білімді, оқыған азаматтар. Яғни орыстардың дабыра қылып айтып жүрген "утечка мозгов" мәселесі біздің елге де жетті. Жеткенде қандай, ақылдылар ағынын тоқтату мүмкін емес. Айтар ойы қалыптасқан, жемқорлықтан ада жастардың сырт елге кетіп қалуы бүгінде көпті ойландыра бастады. Жаһанның жуан елдері ақылдылар үшін ашық таласқа барын беруге даяр. Бұл қабілетті қазақ жастарының құлшынысын арттырып, өзіне қарай тартып барады. Жоғары жалақы, тұрақты қызмет, тамыр-таныссыз қоғам іздеген бүгінгі жас арысы Америка асып, берісі батысқа қарай кетті. Мұның нақты себептері қандай? Рет-ретімен тізбектейік.
Алдымен, статистиканы сөйлетіп алсақ. Ішкі істер министрлігі қоныс аударған 40 мың азаматтың дені Ресей, Германия, АҚШ, Канада елдерін құп көрген деген ақпаратты растап отыр. Ал, саяси сарапшы Найля Әлмұхамедова "Ulys" журналына берген ақпаратында шетелге кеткен жастардың көрсеткішін жіліктеп берген. Айтуынша, 1990 жылдан 2015 жылға дейін, яғни 25 жылда Қазақстаннан 200 мың жоғары білімді азамат кетсе, бүгінде бір жылдағы көрсеткіш 38 мыңға бір-ақ жеткен. Өзге елден бақыт іздеген жастардың көбісі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, солтүстік аймақтағы жастар екені белгілі болған. Тіпті сарапшылар мәселеге атүсті қарауға болмайтынын біліп, жоғары сынып оқушыларынан сауалнама алған. Нәтижесінде, респонденттердің 50 пайыздан астамы Қазақстаннан тыс елдерде білім алуға ниетті екендерін, 30 пайызы елге оралуы екіталай деген жауап нұсқасын таңдаған. Демек, келешек Қазақстанның кадрлары қиыр ауып, сырт елдің экономикасына қызмет етуге әзір екендігін анық аңғартып тұр.
Хош! Енді себеп пен салдарға салмақ салсақ. Ең әуелі жастар білімнің сапасына бас ұрады. Елдегі жоғары оқу орындарының білім беру деңгейі көңіл көншітерлік емес деген ойды да жасырмайды. Себебі Қазақстанның жоғарғы білім жүйесіне реформа керек. Мұны АҚШ-та білім алып қайтқан, Болашақ стипендианты Диас Жорабеков те мойындайды.
– Шетелге кетудің тамырын жаһанданудан іздеген дұрысырақ. Заманауи медианың дамуы жастардың қалаған елде білім алуына жол ашып отыр. Елден кетіп жатқандарды сатқын дей алмаймын. Өзге елге аттанған қазақ жастарының бірқатарының мемлекетке реніші бар екені рас. Қазақстандағы заң, ішкі саясат саласы адамдарды біраз қыспаққа алатыны жасырын емес. Жемқорлықтың тамыр жаюы, жалақының төмендігі, бизнес жүргізудің кедергілері шешілсе, елде қалуға мүдделі болатын жастар көбейеді,-дейді Диас Жорабеков.
Болашақпен оқып келгендердің дені елдегі жемқорлық жайын айтпай кетпейді. Екеуара алыс-беріс, бармақ басты, көз қысты әрекеттердің орын алуынан қабілетті адамдардың жұмыс істеу еркіндігі тарыла береді. Бұған қоса мұхит асқандармен тілдесе қалсаңыз, еркіндік мәселесін алға тартады. Яғни "Қазақстандағы кадрлық жүйе батыстағыдай еркіндікке кең құлаш соза алмайды". Бұл шетелге кеткен жастардың түпкі ойы. Онымен белгілі саясаттанушы, батыс қоғамының білімін сарқып ішкен Нұрмұхамед Байғараев та келіседі.
– "Болашақ" бағдарламасының шартына сәйкес, 4-5 жылғы міндетті жұмыс істеу шартын бітірген соң, көп жас қайтадан шетелге кетем деп жүреді. Бұл проблема. Оларды елде қалдыру үшін тек патриотизмге үміт арту жеткіліксіз. Ол үшін сол Батыстағыдай Қазақстанда да еркін азаматтық қоғам құрып, адам еңбегі, маман бағаланатын, табысы жоғары орта, жүйе қалыптастыру керек. Басқа жол жоқ, – дейді саясаттанушы.
Байғараевтың басқа жол жоқ дегеніне екінші бір тарап келіспейді. Білім саласының маңайына топтасып жүрген аға буын өкілдері шет елге кеткен кей жасты "сатқынға" балап, өз елінен жиренген деген пікірді төтесінен айтып жүр. Себебі Отанынан жыраққа кетіп, жоғары табыс үшін дорбасын асынған жастардың мәселені жалақыға тірейтіні аз айтылып жүрген жоқ. Ал, батыс елдерін бетке алған жастардың бүгінде елге оралып, түрлі салада тәп-тәуір қаржы тауып жүргендерінің қарасы қалыңдады. Оған себеп - Қазақстандағы бәсекелестіктің аса жоғары еместігі. Америка, Ұлыбритания, Швейцария, Германия, Францияның тәжірибесін елге енгізуге асық жастар елге білім құндылығын сіңіруде. «Нақты нендей бастама көтерді» деген басы ашық сұрақ бөлек бір тақырыпқа жүк.
Ақыры "Болашақ" бағдарламасын баяндаған екенбіз, ресми мәліметке де екпін салу артық емес. Халықаралық қаржы орталығының басшысы Жанболат Мелдешовтің мәлімдеуінше, 25 жыл ішінде 13 мыңнан астам түлек оқып, оның 11 мыңға жуығы оқуын бітіріп келген. Студенттердің көбісі Ұлыбритания, АҚШ, континентальды Еуропа елдері, Азия елдерінде білім алғанды құп көреді. Орталық директорының айтқан мына бір қызық дерегі де шетелге аңсары ауып жүргендерді бей-жай қалдыра қоймас. 26 жыл ішінде "Болашақ" арқылы оқып келгендердің қатарында 2 министр, 4 вице-министр, облыс, қала әкімдері және 5 облыс әкімінің орынбасарлары бар екен. Мұнымен қоса ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдер де, Төтенше және өкілетті елші, 2 Парламент Мәжілісінің депутаты да шетелдік бар.
Өз жерінен қолдау таппаған жастарды аттай қалап алатын мемлекеттер қатарында оңтүстік Корея елі тұр. Оқудың емес, қызметтің соңына түсіп жоғары жалақыны аңсап кеткендердің бәрі бірдей "табысты" оралды дей алмайсыз. Десе де "ай сайын 2 мың доллар жалақы қолына тиеді" дегенді естіп Кореяға тура тартқандар қызмет көрсету салаларына барып, нәпақасын айырып жүр. Бұл да елден кетіп жатқандардың санын еселетіп отыр. Бірақ таяқтың бір ұшы тиіп, құжатсыз қабылданып, елге қайта алмай, салы суға кеткен қазақстандық жастардың да аракідік айтылып қалатыны ақиқат.
Нарық қысып, сананы тұрмыс билеген заманда жоғары жалақы кімнің шекесін қыздырмайды дейсіз. Жайлы өмірді аңсап, өз елінен кете барғандардың жалақыны жыр етуі заңдылық дейді белгілі журналист Самат Нұртаза желіде жазған жазбасында. Ол тіпті қарапайым мысалға салып, мәселенің мемлекеттік деңгейде екенін қадап айтқан-ды.
– Шеффилд қаласында мұғалімнің айлығы – 3000 фунт стерлинг. Біздің теңгеге шаққанда 1,5 миллион теңге. Ал, ол жақта пәтер жалдау 300 фунт стерлинг. Сонда елестетіңіз, Ұлыбританияның Шеффилд қаласының мұғалімі өзінің айлығының 10 пайызын пәтерге жұмсайды. Тоқсан пайыз қаржысы өзінде қалады. Ал, біздің елде қарапайым мұғалім 100 000 теңге алып, соның 10 пайызын пәтерге жұмсаса, ол мұғалім Қазақстанды жақсы көріп, осында қалар еді. Бірақ біздің жағдайда пәтер бағасы мұндай емес қой, – дейді Самат Нұртаза.
Шетке кеткендерді зерделеп жүрген сарапшылар ІТ саласының мамандарынан да айырылып қаламыз деп дабыл қаққанына жыл толды. Тіпті Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл ретте Қытайдың мысалын сөз етіп жүр. Технологияның тілін тауып, елінен кеткен қытайлықтарды қазір өз билігі "жағдайыңды жасаймыз, табысыңды арттырамыз" деп қайта шақырып алдыруға кіріскен екен. Бір жылдың ішінде 432 мың маманды еліне қайта шақырып алған. Әлемнің алпауыт ІТ компанияларында да қазақ жастары бар екенін де біздің билік хабардар. Бұдан қалды, Америкаға "Work and travel" бағдарламасының қызығына батқан жастардың да елге оралу жайы проблемаға айналды. Қысқасы, жоғары білім сатысындағы бірсарынды жүйе, қызметке қабылдаудағы конверттік тәсіл, аға-көке салу, еркіндікке тұсау орнату, жетімсіз жалақы қабілеттілерді шет мемлекетке алып барады. Бұл фактілердің ең бастылары ғана.
P.S. Тоқсаныншы жылдардан бері қарай елден кеткен мыңдаған жастың әсерінен Қазақстанға шамамен 100-125 млрд. АҚШ доллар шамасында экономикалық залал келген. Қазіргі елден үдере күшкен жастардың тым көбейіп кеткені елге қаншама экономикалық соққы екенін осыдан бағамдай беріңіз. Демек, ақылдылар ағынын жоғалту миллиардтарды қолдан ұшырып, адами капиталдан айырылумен бірдей.
Абай ТАҒЫБЕРГЕН
журналист