» » ЖАҚСЫ МҰҒАЛІМ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

ЖАҚСЫ МҰҒАЛІМ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

   Менің досымның аты – Дүзелбек. Олар ауылға алғаш көшіп келгенде «аты қызық екен өзінің» деп таңқалдық. Қатар құрдас болған соң тез араласып кеттік. Дүзелбек өнерлі бала болды. Оның салған суреттеріне қызығатынмын. Түрлі түсті бояумен табиғатқа тіл бітіреді. Өлең шығарып, әңгіме жазатынын да білдік. Мектептегі жас тілшілер үйірмесіне бірге қатысып, облысқа жас тілшілер форумына келгеніміз есімде. Аймақтан жетпіс оқушы қатысқан сайыста Дүзелбектің жазған шығармасы да жүлделі орын алған. Сол кезде бізге «сендер қай аудансыңдар өзі?» деп қырын қарағандар да болды. Баламыз ғой жетістігімізге марқайып, ауылға мәз болып қайтқанбыз. Бұл – оқушы кездің әңгімесі. Мектеп бітірген соң Дүзелбек ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерді. Қазір қаладағы Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінде мұғалім. Оқушыларға ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп жүр.  
Жаңашылдыққа жаны құмар мұғалім әр сабағын қызықты етіп өткізуге тырысады. Балалардың тіл үйренуге деген ықыласын оятып, зор дайындықпен келеді. Жуырда Асқар Әділбеков атындағы ер мұғалімдер арасында өткен кәсіби байқауда көрініс қойып, ерекше өнерімен көзге түсті.
Дүзелбек бала десе жанын беруге даяр. 6 «ә» сыныбының жетекшісі. Сыныптағы 27 баланың құтты бір туған ағасындай, улап-шулап солардың бел ортасында жүреді. Жаз басталып әріптестерінің басым бөлігі еңбек демалысына асыққан уақытта ол «Балдәурен» мектеп лагерінде балаларға жетекші болып қалды. Балалармен бірге ойнап, бірге билеп, қаланы аралап жүр. Лагерьдің уақыты бітіп, ауылға қайтқан шығар десем, досым сыныбын жаңа оқу жылына дайындауда. «Балалардың алдында бәрі дайын тұру керек» дейді.
Мектеп десе осылай жанын беруге даяр мұғалімдер бар ғой. Әсіресе жас мұғалімнің қай шарадан да қалыс қалмай белсенді болуы көңілге қуаныш ұялатады. Аға буын ұстаздар да алғысын жаудырып, замандастары қызыға қарайтын жан-жақты мұғалім Дүзелбектің іскерлігі туралы бізден гөрі әріптестері айтсын деп оқу орнының басшысына хабарласқан едік.

Айгүл АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ, №101 мектеп-лицейдің директоры:
− Дүзелбек жалынды, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары мұғалім. Қандай қоғамдық жұмыс тапсырсақ та өзінің шығармашылығымен, белсенділігімен алып шығады.  Ең бастысы, балаларды, өзінің жұмысын жақсы көреді. Он жас мұғалім тұрса, солардың ішінде өзіне тапсырылған міндетті жоғары деңгейде орындай білетін білікті маман.
Дүзелбек − бауырмал жігіт. Өзінен кейінгі үш інісін ағалық қамқорлығына бөлеп, ылғи алға жетелеп келеді. Дүзелбектің әлеуметтік желідегі парақшасына қарап отырсаңыз, бір жас мұғалім жайлы кино көргендей боласыз. Бірде әріптестерімен «Рухани жағыру» бағдарламасы бойынша үгіт-насихат жасап жүрсе, бірде сабақ беруде, енді бір жерде әріптестерімен сайысқа қатысуда. Тіпті бір суретте балалардың ортасынан «мұғалімі мынау екен ғой» деп әзер табасыз. Енді бірде «өмірдің өзі тұрады ақ пен қарадан» деп екі қолына екі көжек ұстап алып гүлдердің арасында тұр. Ісіне мығым. Достарының арасында жарасымды әзіл қалжыңы бар.
 «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғаліммектептің жүрегі» деген Ыбырай Алтынсариннің жиырмасыншы ғасырда айтқан сөзі бүгінгі күні де маңызға ие. Білім саласы жаңашылдық пен жаһандануға қадам басқан тұста Дүзелбек Маратбекұлындай жас ұстаздар барлық мектепке қажет-ақ.
Гүлбану МАҚАЖАН
05 шілде 2019 ж. 1 504 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031