Қолынан домбырасы түспейтін Ақбота
Бүгінде әнші болу екінің бірінің әп-сәтте қолынан келетін дүниеге айналды. Тіпті елде қанша әншінің барын санау мүмкін емес. Дегенмен дарыны мен қабілетіне күмән келтіресіз. Ішінде өнерге қатысы жоқ, таныс-тамырдың арқасында жұлдызға айналғандары бар. Ал өнерге жақын адамдар қарапайым халықтың арасында жүреді. Өзгелер секілді ән кешін беруге асықпайды. "Әнші болсам" деген арман да жоқ оларда. Десе де қабілетіне дауысына, өзін-өзі ұстау қабілетіне, көрген адам тәнті болады. Осындай жанның бірі – Ақбота Әшімова.
Біз Ақбота Махмудқызын кездейсоқ кезіктірдік. Бір концертте көп өнерпаздың ән шырқап, би билегеніне куә болдық. Бірі-бірінен өтетін, қызықты кештің көрермені болғанымыз анық. Сол кезде Ақбота көзге бірден ілікті. Қорқыттың Қобыз туралы толғауын орындады. "Әсем ән бойды билейді" деген сөз бар ғой. Ал әсем ән бойды билететіндей әншіде қабілет болу керек емес пе? Біз Ақботадан бұндай қабілетті байқадық.
Жан-жаққа хабарласып, кейіпкердің байланыс номерін таптық. Сөйтіп мән-жайға қанық болдық. Ақбота №1 гимназия-мектебінің түлегі екен. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ағылшын пәні бойынша білім алған. Қазіргі таңда Ж.Кизатов атындағы №23 мектеп-лицейінің мұғалімі. Жалпы өнерге отбасымен жақын. Ақбота ән айтып қана қоймай, домбыра тартады. Скрипканы да үйреніп жүр. Домбыраны арнайы курс арқылы меңгерген. Оның бала кездегі қызығушылығы өнермен табыстырды.
– Бос уақытымда домбыра тартқанды ұнатамын. Артымнан ерген бауырларыма да домбыра тартуды үйретіп жүрмін. Сондай-ақ өлең айтуды, сахнада өзін ұстау мәерін құлағына құйып келемін. Бір сөзбен айтқанда үлкен сахнаға дайынданлып жатырмыз. Дарыны бар баладан әнші шығару қиын емес. Ол үшін көп уақытымды жұмсамаймын. Менің қалауым қазақтың қара домбырасы ұмыт болмаса екен деймін. Сол себепті қолымнан домбыра түсірпейді, – дейді кейіпкеріміз.
Мөлдір САБЫРЖАН