Денсаулыққа жауапкершілікпен қарайық
Күйзелістен құтылудың оңай жолы деп темекіге тәуелді болған жандар аз емес. Ғалымдардың есебі бойынша жер шарында өмір сүріп жатқан адамдардың 90 пайызы күйзелістен құтылу үшін темекіге жүгінеді. Зерттеушілер осы жаман әдетке үйірліктің де себебін тауыпты. «Адам күнделікті қайталанатын тіршіліктен, іс-әрекеттен жалыға бастағанда, жан қалтасын қарманып шылым іздейді» дейді олар. Шылымқорлардың көбінің бұл әдеттен арылғысы-ақ келеді. Адам саулығына тек ақша деп қарайтындар әдеттен арылтатын түрлі дәрілер мен антиникотиндік препараттар ойлап тауып, онысын жарқылдатып жарнамалап жатыр. Соның бірі – понс-сигара.
Ең алғаш 2003 жылы Қытайда шыққан бұл өнім қазіргі кезде сұранысқа ие. Тұтынушылары сәт санап көбейіп келеді. Электронды темекіні өндіруші компаниялар қанша жерден зиянсыз деп жарнамалағанымен де, понс-сигараның адам денсаулығына тигізер залалы әжептәуір. Электронды темекі дегеніміз – ішіне сұйық ерітінді құйылған, ауыстылылатын картриджі бар және никотин жеткізетін электрондық жүйеге (НЖЭЖ) жататын құрал болып табылады. Оның буында адам денсаулығына зиянды химиялық заттар бар. Олар: формальдегид, ацетальдегид, карбол қосындысы, ауыр металлдар (қалайы, мыс, хром, никель және т.б.). Электронды темекі не үшін қауіпті? Электронды шылымның құрамындағы никотин тез сіңіп, 8 секундтың ішінде миға тарайды. Никотин қантамырлардың тарылуына ықпал ететіндіктен барлық ағзаларды қанмен қамтамасыз ету нашарлап, бірінші кезекте жүрек-қантамыр ауруларының (инсульт, инфаркт) дамуына әкеліп соғады. Жүкті әйелдің ағзасындағы никотин түсік тастау мен ерте босану қаупін арттырып, ұрыққа ауа жетіспеуіне әкуі мүмкін. Никотин жасушалардың өзгеруін тудырады және келесі ұрпақтарда бұл өзгерістер көбейе береді. Электронды темекінің құрамындағы химиялық заттар қауіпті ісік ауруына шалдықтыруы мүмкін.
Электронды темекіні шеккендегі психологиялық тәуелділіктің даму қаупі басқа темекі өнімдерін тұтынғанмен бірдей. Бұл қорытындыны Францияда шығатын «60 миллион тұтынушы» атты журнал авторлары жасады. Жүргізілген сынаққа аталмыш өнімнің ондаған түрі қатысқан. Нәтижесінде олардың барлығында да канцерогенді заттардың үлкен мөлшері шоғырланғаны белгілі болып отыр. Тіпті кейбір түрлерінде формалиннің деңгейі кәдімгі темекімен бірдей екені анықталды. Одан бөлек, понс-сигарада потенциалды және өте қауіпті канцероген – ацетальдегид және акролеиннің улы молекулаларының мөлшері темекідегіден де асып түседі.
«Электронды темекілер біз ойлағандай зиянсыз емес. Оған ойыншық ретінде қарауға болмайды, ол біздің денсаулығымызға үлкен мөлшерде залалын тигізіп жатыр», – дейді журналдың бас редакторы Том Лоренсо. Мамандар электронды темекілердің адам денсаулығына тигізер зиянынан бөлек, оның қауіпсіздік ережелеріне де сай келмейтінін айтып алаңдаулы. Мысалы, темекіде оның қызуын сақтайтын қорғаныш қабаты мүлдем жоқ. Қолда немесе қалтада жарылу қаупі өте үлкен. Елді көбірек мазалайтын тағы бір сұрақ: «Негізінен Қытай мен Азия елдерінен келіп жатқан электрондық темекінің құрамында олар айтқан залалсыз заттардың бар-жоғына қалай көз жеткізуге болады?»
Электрондық темекінің қорабына никотиннің мөлшері «азырақ» немесе «көбірек» деп жазылғанына қарамастан, олардың құрамындағы никотинның құрамы жоғары екені анықталды. Түтінсіз темекінің иісін шығару үшін құрамына тағы не қосқаны да жете тексерілмеген. Сонддықтан өз денсаулығымызға, жарқын болашағымызға үлкен жауапкершілікпен қарасақ абзал.
Қараман