Аймақ басшысы ардагерлермен кездесті
"Үлкен істі бастарда ардақты ақсақалдың батасын алып бастауды жөн көретін халықпыз. Қазақ – қашан да қартын қазынам деп танып, үлкенін сыйлай білген халық. Содан да болар бізде ұрпақтар сабақтастығы берік орныққан. Бүгінгі кездесуге өзінің ізгілікті ісімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік қасиеттерімен елге танылған беделді ардагерлеріміз қатысып отыр. Сіздердің әрбіріңіздің Сыр өңірі үшін орындарыңыз бөлек. Кезінде еселі еңбек етіп, ел мерейін арттырған Сіздер зейнеткерлікке шықсаңыздар да үйде қарап жатпай қоғамға қажетті істерге белсене араласып келесіздер. Сыр өңірі бүгінгі күні ілгері дамып жатқан өңір екенін білесіздер. Айта кетсем деймін, бүгінге дейін қол жеткізген барша жетістіктеріміз - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Сыр еліне деген ерекше қамқорлығы мен маған дейін облысты басқарған азаматтардың еңбегі. Соның ішінде облысты алты жыл абыройлы басқарып, аграрлы аймақтан іргелі индустриялы-аграрлы аймаққа айналдырған Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың үлесі шексіз. Біз бұл істерді әрі қарай жалғастырып, жетістіктерді еселей беретін боламыз ", - деді аймақ басшысы.
Қуанышбек Ысқақов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі міндеттерін атап өтті. Өз кезегінде ардагерлер өңірді одан әрі дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры Құдайберген Қазыбаев өңірге қажетті мамандарды оқыту үшін облыс әкімі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің гранттарын бөлу тәжірибесін әрі қарай да жалғастыруды ұсынды.
"Сыр бойылық жастар үшін бұл - үлкен қолдау. Сонымен қатар, 2019 жыл Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланды, осы ретте өскелең ұрпаққа қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз", - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, ардагерлер бірлескен жұмыстарды талқылап отыру үшін тоқсан сайын осындай кездесулер өткізу туралы ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу соңында аймақ басшысы қолдау көрсеткендері үшін ардагерлерге алғысын білдіріп, олардың барлық ұсыныстары назарға алынатынын атап өтті.