АТА-АНА ҚИЯНАТЫНА КЕШІРІМ ЖОҚ
Ата-анасын сыйламайтын ардан безген хайуандардың қандай болатынын білдім. Олармен бетпе-бет кездестім. Сол кезде "атаңа не істесең, алдына сол келеді" деген мақалды еске түсірумен болдым. Қазақта "жамандыққа жақсылықпен" деген сөз бар ғой. Міне, тек жамандығы жақсылықпен қайтарылсыншы дегім келеді. Әке-шешеге қиянат жасағанға кешірім жоқ деп ойлаймын.
Бұлай айтуымның өзіндік себебі бар. Бүгінде ата-анасын сыйламайтындар қатары көбейді. Қарттар үйіндегі тағдыр туралы сөз қозғамаймын. Дегенмен үйдің өзінде қадірі қашып, сыйластықтан кеткен кісілердің қарасы қалың. Мұны қоғамда орын алып жатқан жайттардан да аңғаруға болады. Жақында бір танысым шетелге саяхаттауға шығыпты. "Әкеңнің хабары бар ма?" десем, "оған білудің маңыздылығы жоқ" деп жауап берді. Ойланып қалдым, қалай жауап беру керегін де білмедім. Ол жігіттің әкесі ауруханада жатыр дегенді естіген едім. Жүрек талмасы екен. Отбасылық кикілжіңнің соңында аурухана палатасынан бір-ақ шығыпты. "Ағаның жағдайы қалай?" десем, бармағаныма 9 күн болды, ертең ауруханадан шығады. Ал мен кешке жол жүремін, білгің келсе өзің барсайшы..." деп қарап тұр. Күніне екі-үш мәрте үйге хабарласып, ата-ананың жағдайын сұрап тұратын адам үшін бұл ерсі көрінеді.
Әлеуметтік желіде видеоролик бар. Ол уатсап арқылы барлығына таралуда. Сонда ұлы мен келіні әкесін қарттар үйіне өткізіп жібереді. Ай сайын зейнетақысын алып тұрады. Бір күні 9 жасар ұлы әкесіне "атамды неге әкелмейсіз" деп сұрады. Әкесі "атасының демалып жатқанын, ол жақта жағдайы жақсы" екенін алға тартты. Ұлына "сабағыңды жақсы оқы, әкеңнен үлгі ал. Өскенде мені асырап-бағасың" дейді. Сол сәтте ұлы "мен сіздің айтқаныңызды істеймін. Сізден үлгі аламын. Сіз салған сара жолмен жүріп келемін. Өскенде де сіз секілді боламын. Сол кезде мен де сізді қарттар үйіне өткізе берейін бе?" дейді. Күтпеген сөзді естіген әкесі сөйлерге сөз таппайды. Ақырында өз болашағын ойлап, жасаған қателігін түсініп, әкесін қарттар үйінен алып қайтады. Әкесінен кешірім сұрап барғанда қарт кісі "мен сенің келетінінді білгенмін, себебі сен маған ұқсағансың, ал мен ешқашан әкемді ренжіткен емеспін" дейді. Бұл оқиға бір-екілі кісіге ғана емес, көпке үлгі болады деген ойдамын. Өйткені өз дегенімен жүріп, опық жеп, кінәсін сезінетін адам жетерлік.
Ескі базарға бара қалсаңыз, сөк, талқан сатып тұрған сексеннің сеңгіріне шыққан әжені көресіз. Сол сәтте "бұл кісінің отбасы жоқ па?" деген сұрақтың еріксіз оралары рас. Ал қарсысында қолдан тоқылған жүн шұлық сатып орыс әжесі отырады. Ол кісілерге қарап тұрып, осынша өмірі, ұл-қыздарына берген тәрбиесі зая кеткен бе дейсің. Жақында бір кісінің жан сақтау білімінде жатқанын естідім. Көкейіңізде "неге?" деген сауал тұрған шығар, айтайын өзі науқас кісіге келіні қол жұмсапты. Ақыры осындай жағдайға ұласады.
Бір апамыз айтыпты дейді: "Ұлды қой, одан пайда жоқ болды, келіннің айтқанынан аса алмайды, қайта күйеу балам жақсы, қызымның айтқанынан шықпайды" деп. Сол апамыз айтпақшы, әлгі ұрыс-керіс дегеніңіз тек өзіме дұрыс болсын деген парасатсыз шолақ ойдан шығатын секілді ғой өзі...
Мұны не үшін айтып отырмын. Ұлдың әкені сыйламауы, ата-ананың өз үйіне қожалық жасай алмауы табалдырық аттаған келіннің ой-өрісінің төмендігінен болса керек...
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА