ҮЙЛІ БОЛУҒА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?
Қызылорда қаласында 14 пен 29 жас аралығында 67 583 жас бар. Арал, Қазалы, Байқоңыр қалаларында 79122 жас тұрып жатыр. Ал қанша жас отбасы баспанаға мұқтаж екені белгісіз. Себебі ешбір жастар ұйымы немесе қоғамдық бірлестік зерттеу жүргізбеген. Жастар жылының бел ортасынан астық. Бұл жыл жас шаңырақ иелерінің баспаналы болуына себеп болады деп қуанғандар көп. Алайда Қызылордалық жас отбасылар әлі пәтерден-пәтерге көшіп жүр.
Жуырда Атырау қаласында 47 жас отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. "Жас Отау" бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге жеңілдік жасаған. Қысқа дейін 53 жас отбасы жаңа қонысқа көшеді екен. Мұнан бөлек Ақтөбеде жастарды тұрғын үймен қамтудың бөлек бағдарламасы бар. Бұл бағдарламаның әзірге елімізде баламасы жоқ. Анығырақ айтсақ, бағдарламаға бюджеттен жалақы алатын 29 жасқа дейінгі мамандар қатысады. 50 маманға пәтер кілті табыс етілгенін «Хабар 24» тілшілері жарыса хабарлады. "Бұл бағдарламаға бюджеттік және мемлекеттік қызмет саласындағы 29 жасқа жетпеген 2 мыңнан астам отбасы қатсуға ниет білдірген. Жыл соңына дейін 150 жас баспаналы болады", - деп сүйіншіледі Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Тарғын Жақыпов. Ақтөбе жастар орталығының жас отбасыларды баспанамен қамтуға белсенді үлес қосып жатқанын естіп қызығып қалдық.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚтарапынан да Сыр өңірінің жас шаңырақ иелеріне жеңілдікпен баспана ұсыну айтылған емес.Мысалы, банктің 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға арналған "Алматы жастары" атты арнайы бағдарламасы бар. Бағдарлама аясында қаншама алматылық өз пәтеріне қоныстанды. Неге осындай жобаны біздің өңірде жүзеге асырмасқа?
Ілияс Мұхатайұлы, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалы директорының орынбасары :
–Жеңілдікпен пәтер алуға болатын 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға арналған бағадарламаларымыз бар. Тек белгілі бір қалаларда. Қызылорда қаласында мұндай бағдарлама жоқ. Жергілікті билік тарапынан да банкке ұсыныс түскен емес. Біз "Бақытты отбасы" бағдарламасын жүзеге асырамыз. Оған әкімдікте кезекте тұрған көп балалы отбасылар, толық емес отбасы және мүгедек бала асырап отырған отбасылар қатыса алады.
Қала әкімдігінде тұрғын үйге мұқтаж жандардың тізімі бар. Оның ішінде жас отбасы санаты жоқ. Жастар жылының аясында 35 жасқа дейінгі жас отбасыларды да тұрғын үй кезегіне қойса, жыл соңына дейін баспанамен қамтып үлгермесек те, қаншама жас отбасының үйсіз жүргенін білер едік. Басқа өңірлерде Жастар басқармалары мен жастар ресурстық орталығы бұл іске белсенді атсалысуда. "Жастар жылында жас отбасылардың жеңілдікпен баспанаға қол жеткізуі үшін сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар жасалып жатыр?" деген сауалымызға «Жастармен кездесулерге «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалы мамандарын да ала барамыз. Олар түрлі бағдарламаларын түсіндіреді. Ал қандайда бір жеңілдік сұрап, ұсыныс беру біздің басқарманың құзіреттілігінде жоқ" деп қысқа қайырды басқарманың бас маман Әйгерім Салниязова. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облысының жас отбасыларына арналған ешқандай бағдарламасы жоқ екенін біле тұра, қандай бағдарламаларды жастар арасында үгіт-насихат етіп айтып жүр? деген ойға қалдық.
Мәселені шешу үшін қайтпек керек? Мүмкін қаламыздағы тұрғын үйге мұқтаж жас отбасылардың тізімін жасап, қала әкімдігіне, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арнайы ұсыныс жасау үшін еріктілер көмегіне жүгіну керек шығар? Жас отбасылардың тізімін анықтап, мұқтаждыққа өтініштерін қабылдау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" АҚ секілді белсенді мекеменің қызметіне жүктесе қайтеді? Сіз не дейсіз, оқырман?
Гүлбану МАҚАЖАН