ТӘРТІПТІ ЕЛДІҢ ҰЛЫ
Қорқыт Ата атындағы университетте жоғары білім алдық. Ең белсенді жастар «Ұлағат ұландары» қоғамдық бірлестігің мүшесі болатын. Түрлі шараларға белсенді қатысып, оқу орны басшылығының арнайы степендиясын алатын жастар болды. Солардың бірі Бақытжан Сәбитұлы деген замандасымыз. Бақытжан жоғары оқу орнын жақсы көрсеткішпен бітірді.
Жуырда Бақытжанды полиция қызметінің формасымен көрдік. Жағдай сұрастық. Замандасымыз бүгінде облыстық полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының инспекторы екен. Полицияда қызмет ету үшін табандылық пен қызметке деген адалдық қажет. Қашанда шынайылық пен төзімділікті, сауаттылықты талап ететін қызметке қабылданғанына қуандық.
Жас та болса, департамент қызметкерлері туралы, іс-қағаздарды сауатты жүргізіп Бақытжан іскерлігімен көзге түсуде. Ол ‒ үлкен ұжымда алдыңғы буынды құрметтеп, замандастарымен тез тіл табысқан ақкөңіл жігіт.
− Отан үшін отқа да, суға да түсуге даяр полиция қызметкері болуды армандап өстім. Қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалау оңай шаруа емес. Өзгеден тәртіпті талап ету үшін өзіміз тәртіпті болуымыз керек. Өзіме жүктелген міндетті абыройлы атқаруға күш саламын. Полиция қызметкері болуды ер баланың басым бөлігі армандап өседі ғой. Бұл қызмет маған үлкен міндет жүктейді. Департаментке жұмысқа қабылданып жатқан жастар бар. Ең бастысы біліммен қатар, табандылық және қызметке адалдық қажет, − дейді кейіпкеріміз.
Бақытжан ‒ бір сөзді, рухты жігіт. Маңына ақ адал достарын жинаған ол асқартау әкесі Сәбит пен батыр бабамыз Бауыржан Момышұлын үлгі тұтады. Әке өсиетін естіп, бабаның қанатты сөздерін оқып жігерленеді. Алға қойған арманы асқақ. Полиция қызметі үнемі қырағылық пен сақтықты, батылдық пен жылдамдықты қажет етеді. Бақытжан осы талап үдесінен шыға білген сақшылардың қатарынан деп нық сеніммен айта аламыз. «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, тәртіпті – елдің ұлы», деген Бауыржан Момышұлы. Болашақта да Бақытжанның биік рухты, өршіл намысты жас ретінде құқыққорғау саласында жемісті еңбек етері сөзсіз.
Гүлбану МАҚАЖАН