АҒЫЛШЫНША ҮЙРЕНУДІҢ ТИІМДІ ӘДІСІН ТАПТЫ
«Бәрі де армандаудан басталған»
ағылшын тілін қазақша үйретудің
төте жолын тапқан қазақ
журналист
ағылшын тілін қазақша үйретудің
төте жолын тапқан қазақ
Ағылшын тілін білетін аудитория үшін Диас Жорабеков есімі етене таныс. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Американың Индиана штатындағы Пёрдью университетінде тәлім алған Диас Жорабеков ағылшын тілін қазақ тілінде оқытудың төте жолын жасаған алғашқы азаматтардың бірі. 15 жылдан бері ағылшын тілін оқып, тілдік деңгейдің барлық сатысынан өткен ол қазірде қазақстандықтарға онлайн марафон ашып, тіл үйретудің оңай жолын тапқан.
- Қазақ азаматтар ағылшын тілінде үйренгісі келеді, бірақ тіл үйренудің грамматикалары орыс тілінде болғандықтан, бойларында қорқыныш қалыптасады. Бұл мені ойландыра бастады. Қазақ азаматтарына орыс тілін айналып өтетін төте жол табуды көздедім. Ағылшын тілін грамматикасын қазақ тілінде түсіндіретін видеолар түсіре бастадым. Адамдардан кері байланыс алып, пікір жинадым. Сондықтан халыққа ұнағандықтан ағылшын тілінде онлайн марафон ұйымдастырып кеттім,-дейді ол бізбен әңгімесінде.
Диас Жорабековтың негізгі мамандығы – математика. Десе де, ол бала кезден тіл үйренуге деген қызығушылығы оны ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын дәрежеге жеткен. Қазақ-түрік лицейінде жүріп жетістікке жеткен азаматтардан мотивация алып, «Болашақ» бағдарламасымен Америкаға аттанады. 4 тілді жетік білетін маман «АҚШ-та талап жоғары, ал біздің елде бәсекелестік аса көп емес, сондықтан шет елде оқу үшін өзіңе деген сенімділік керек» дейді.
- 5 жыл АҚШ-та тұрып келсем де сол ел туралы толыққанды білдім деп айта алмаспын. Алайда, енді ғана шетел көруге талпынған жастарға мына мәселелерді айтқан болар едім. Көп адамдар өзге елде оқимын деп қызды-қыздымен құжат тапсырады. Түскеннен кейін оқу бағдарламасымен танысып, ішкі талапқа енгеннен соң қиындықтарға мойынсұнбайды. Себебі шетелде біздегідей "келдім-кеттім" жүйе жоқ, ерке баланың сценарийі жүрмейді. Бұл ерекше күш-қайрат, ерік жігерді қажет етеді. Өзім алғаш оқыған жылдары бір пәнге қажетті тапсырма үшін кітапханада 4-5 сағатымды арнайтынмын. Кейде қонып та қалатын уақыттар аз болмады. Себебі Америкада сабақ беретін ұстаздар сіздің қай жақтан келгеніңізді, бұрынғы базалық біліміңіздің бар-жоғына қарамайды. Олар америкалық балалардың білім стандартын білуі керек деген қағидамен тапсырма береді. Яғни сіздің өреңіз әлемдік стандарттарды қабылдауға дайын болуы шарт. Ал, ол күні-түні оқумен келеді. Бұған қоса өмірлік қағида, яғни шыдамдылық пен өжеттілік те керек,-дейді Диас.
Диас Жорабеков «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланған жалғыз қазақ емес. Дегенмен, ол қазақ студенттері Альянсын құрған тұңғыш жас. Елден жырақта оқып жүрген жастардың басын қосып, мәдени һәм спорттық жетістікке жетуіне, Қазақстанның білімді жастарының ойын бір арнаға тоғыстырған.
28 жастағы қазақ жігіті ашқан онлайн марафонның жөні тіптен бөлек. 21 күнді қамтитын оның онлайн курсына қатысушылардың саны ерек екені әлеуметтік желіден анық білінеді. 4 тілде сабақ беретін заманауи ұстаздың тілді үйретудегі методикалары көпке ұнай бастапты. Сондықтан ол енді марафонмен қатар ағылшын тілінде магистратураға түсуге талпынып жүрген жастарға жәрдем береді.
- Ағылшын тілін қазақша баламамен түсіндіруге тырысамын. Яғни сабақта ғылыми тіл қолданбаймын. Жүйелі түрде үйретудің құрылымын айтамын. Грамматиканың бүкіл тақырыптарын қамтып, негізгі жиынтығын даярлап беремін. 21 күн ішінде ағылшын тілінің бір деңгейін толықтай меңгертемін. Әрине, курсқа қатысушының ынта-жігері де әсер етеді.
Тіл үйрену барысында адам бойында жалғастырымдылық қасиет болу керек. Аз-аздан бірақ күнде жасау принципін жасаймын. Ізденімпаздық дағды да керек. Мен ағылшын тіліндегі платформаларды тегін түрде беремін. Және айтарым, ағылшын тілін үйренуде батылдық керек. «Мен ағылшын тілінде сөйлей алмай қалсам қалай болар екен? деген үрейден арылуға тиіспіз,-дейді ол.
Заманауи ұстаз марафонның басты ерекшеліктері жоқ емес дейді. Яғни үш апта уақыт ішінде ол beginner, elementary, pre-intermediate және intermediate деңгейлеріне қажет 7 мың аудиосабақ, 2500 видеосабақ, 450 подкастар мен 130-ға жуық онлайн кітаптар ұсынады екен. Оның айтуынша, бұл материалдар ағылшын тілінде ойлау қабілетін арттырады.
Кейіпкеріміз Диас тек тіл үйретіп ғана қоймайды. Ол инстаграм әлеуметтік желісін пайдалана отырып әртүрлі тақырыпта ой қозғайды. Тікелей эфирге шығып, шетелге түсудің жолдары, виза алудың тетіктері, келешек мамандықтар жайында пайдалы посттар жазады, білгенімен бөліседі. Айталық, оның жаңа қазақтың образы атты посты көп адамға мотивация берген.
- Бүгінгінің көзі ашық баласы – ертеңгінің ел ағасы! ХХІ ғасыр – білім мен қабілет дамытатын заман. Аспанға қарап қол жаятын емес, білекті сыбана білім алуға, керекті білім алуға кірісетін заман.
Жаңа заман қазағы – өкіметке қол жайып, айлыққа бағынатын емес, стереотипті бұзып, кәсіппен айналысатын, бай болатын адам. Бай болғанда да, елімен бөлісіп, халқына жақын болатын азамат! Өзін ғана ойлап емес, өзгеге жаны ашитын, барымен бөлісіп, балық жеуді емес, балық аулауды үйрететін азамат болуы шарт,-дейді ол постында.
Қысқасы, өзін жаңа заман қазағы деп санайтын Диас Жорабеков «тіл үйренуде аса бір қиыншылық жоқ, тек ниет және айтылым, жазылым, тыңдалым дағдыларын білсеңіз, шет тілін еркін меңгерген азамат болып шығасыз» дейді. Болашақта Диас түрік тілін үйретудің онлайн марафонын жасау жоспарда бар екенін бөлісті. Оның түпкі мақсаты – әр қазақ баласы әлемдік білімді аудармамен емес, өз тілінде түсінсе игі.
Абай Тағыберген,журналист