» » САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ – СҰРАНЫСҚА ИЕ

САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ – СҰРАНЫСҚА ИЕ

  Кәсіпкерліктің өрісі кеңейе түсті. Бүгінде жақында ашылған дүкенді, өндіріс орнын көптеп кезіктіресіз. Қажетті нәрсені алу үшін ат терлетіп, шалғай жерге барудың қажеті жоқ. Себебі әр ауданда, ауылда іздеген дүниенің бәрі бар. Тың идеядан туындаған дүниелер өз жемісін беруде.
Қармақшылық кәсіпкер Қанат Үсенов 2016 жылдан бері бизнестің қыр сырын меңгеріп келеді. Ол "Бизнестің жол картасы − 2020" бағдарламасы аясында 800 мың теңге көлемінде несие алып, жергілікті тұрғындар үшін монша ашты. Монша тек демалыс күндері ғана емес, аптаның жеті күнінде де пайдаланылады. Бағасы тұрғындарға ыңғайлы. Бастысы, халық сұранысына сай. Қанат кәсібін кеңейту мақсатында "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" жобасымен 2 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, жұмысын одан әрі жетілдірді.
– Алдымен моншаны аштым, келушілер саны көбейді. Сосын үлкейтуді жоспарладым. Ойлана келе, қосымша сауна ашуды жөн көрдім. Ішінің жабдықталуы, дизайны бәрі өзімдікі. Саунаның ішін тастармен безендірдім. Қазіргі таңда монша мен саунаны бірге жүргізіп келемін. Тұрғындар қалта телефоны арқылы жазылып қояды. Кәсіппен айналысу үшін жеңілдіктер берілетінін білген соң, қарастырылған жеңілдікті пайдаланып, өз ісімді бастауды ойға алдым. Халыққа қажетті нәрсе не екенін білген соң, осы кәсіп түрін таңдадым. Маған анам көмектеседі, басы-қасында өзі болады, – дейді жас кәсіпкер.
Бүгінде тұрғындарға жаңғыртудан өткен монша мен сауна күнделікті қызмет атқарып келеді. Бағасы да қалтаға қонымды, әр адамға 500-600 теңге көлемінде. Ауданда жұмыссыздық санын азайтуды көздеген азаматтың алға қойған жоспарлары да жоқ емес. Кәсібі өрлеген Қанат Үсенов мал бордақылаумен де айналысуды жоспарлап жүр.
– Бұл кәсіпті ата-анама қалдырып, өзім мал бордақылаумен айналысқым келеді. Осылайша ауылшарушалығына ден қоямын. Аудандағы жұмыссыздар санын азайтуға үлес қосамын. Мен мұнымен тоқтап қалмақ емеспін. Ауданнан моншаны кездестіреріңіз анық, дегенмен сауна бірен-саран болады ғой. Өзге де жоқ кәсіпті меңгеріп, жаңалық ашқым келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Кәсіпкер Қанат Үсенов мемлекеттік қолдау арқылы табысқа кенелетініне сенеді. "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы ауыл кәсіпкерлері мен жұмыссыздар үшін таптырмас мүмкіндік екенін алға тартты. Иә, бүгінде аталмыш бағдарламаның шарапатын көргендер көп. Ал жас кәсіпкер Қанат бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, кәсібін дөңгелетуді алға қойды. Сәттілік серігі болғай.
Мөлдір САБЫРЖАН
04 тамыз 2019 ж. 538 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031