ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР ОҚУЫ КЕРЕК 3 КІТАП
Бізге ұнады, сізге ше?
«СҰҚБАТТЫҢ САРДАРЛАРЫ»
Олардың сондай «қасиеті» бар. Сөйлескен кейіпкері туысқанымен әңгімелескендей болып, кез келген сауалға ағынан жарылып жауап береді. Адам жанының қалтарыс-қуысына дейін қопарады. Тіпті, сол тұлға өзін-өзі танып, өткен күннің елесі мен бүгінгінің белесіне шолу жасайды. Кейіпкердің жаны жадырап, әй бір шешіліп сөйлегенін оқырман да сезіп қояды. Өйткені, олармен әңгімелескен – сұқбаттың сардарлары. «Бес қаруын» сайлап баратын сайыпқыран журналистер сұқбатты неден бастайды? Ел түгілі, әлгі тұлғаның өзі күтпеген сауалды қиюын келтіріп қалай, қайдан табады? Бұл кітапта қабілеті бөлек журналистердіңсұқбаттары жинақталған. Біз айтқан сауалдың жауабы да сонда.
Қазақтың құмырсқаға не қатысы бар? Неге мың құмырсқа? Осы ерекшелігі үшін де оқып көруге болатын кітап. Мақаланың тақырыптары мен мұндалайды. Көзің түссе болғаны, соңғы нүктеге келіп бір-ақ тоқтайсың. Автормен бірге ашуланасың, ойланасың, күліп аласың, ызаланасың. Бірақ шешімі бар. Өйткені, журналист мәселеге қатысты ұсыныс айтуды ұмытпайды. Аттандап ұран салушының емес, жанашырдың сөзі. Бұл – түйін түйе алмайтын қаламгерлерден басты ерекшелігі. Тақпақтап отырып тіліп түсіп, ойсыратып салады. Тақырып таңдауы да, жазуы да өзгеше.
«11- ҚАЛАМҰШ». Бауыржан ОМАРОВ
Журналистер туралы жазыла бермейді. Бірақ кез келген тұлғаны жаһанға жариялап, мұңын мұңдап, қуанышын хабарлайтын – қаламгер. Ал «11-қаламұш»-тың ерекшелігі – журналистердің өзі туралы жазылғандығында. Қаламгер қандай адам? Ақпаратты қайдан алады, қалай жеткізеді? Жұмысының ерекшелігі қандай? Жан дүниесі, ішкі әлемі ше? Кітапта салақұлаш сөйлем жоқ. Өмірбаян атымен жоқ. Бірақ, Бауыржан Омаровтың ерекшелігі қысқа-нұсқа, анық-қанық сөздермен-ақ, кейіпкерінің өмірін, мінезін алдыңа ашып тастайды. Өмірі кездеспеген қаламгеріңнің түр-түсіне дейін шамалап, танып-біліп қоясың. Жақында, «11-қаламұштың» «туған бауыры» дүниеге келді. Аты – «Төртінші билік». Жұтынып, «мені оқы» деп тұратын тақырыпшалар елітеді, оқытады. Рухани байып, әр кейіпкерден бірнеше жақсы қасиет «жұқтырып аласың».
Айдана ЖҰМАДИНОВА