"Жолда қабылдау": ешбір сұрақ елеусіз қалмайды
Қызылорда қаласында полиция қызметкерлері «Жолда қабылдау» акциясын өткізуде. Акция полицияның азаматтармен өзара әрекеттесудің жаңа моделіне көшу бағыттарының бірі екенін атап өткен жөн.
Қала тұрғыны Ақмырза Исбасханов облыс орталығында орналасқан жылжымалы қабылдау бөлмесіне жүгінді. Оны көше ластайтын, қоқыс лақтыратын, орындықтарды сындыратын адамдарға қатысты әкімшілік айыппұлдар мен басқа да заңнамалық шараларға қатысты мәселелер қызықтырды. Мұндай жағымсыз көріністі көптеген тұрғындар байқап шағымданады және құқық бұзушылар үлкен кісілердің ескертпелеріне қарамастан заңбұзушылықтарға жол береді.
Полицейлер азаматтың сұрақтарына заң аясында жауап берді. Мұндай құқықбұзушылықтардың куәсі болса, дереу полицияға хабарлама беру керектігі айтылды. Қарт кісі полицияға кеңес бергені үшін алғысын білдірді.
Қабылдау барысында келген тұрғындардың барлығы көкейіндегі сұрақтарын еркін қойып, тұшымды жауаптар алып жатыр.
Акция барысында әлеуметтік желілер және «жедел желі» арқылы түскен тұрғындар сауалдары да назардан тыс қалған жоқ. Акция аясында облыстың қалалары мен аудан орталықтарында 11 мобильді топ жұмыс істейді.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі