Зейнетақы жинағына баспана алуға бола ма?
Енді зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана немесе білім алуға жұмсай аласыз. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтып өтті. Осыған дейін де мұндай ұсыныстар бұқаралық ақпарат құралдарында аракідік жарияланып тұрды. Сарапшылар инвестициялық табысы инфляция деңгейінен әзер асатын қор тиімсіз деп түйінді жасаған. Азаматтар зейнетақы жинағында қаражаты болғанымен, оны басқару мүмкіндігі жоқтығын талай рет ашына айтты. Үкіметте де бұл проблема сан рет қаралды. Бірақ осыншалықты жоғары деңгейде сөз болғаны көптің көңіліне үміт бергендей. Ендігі жағдайда жылдан-жылға құнынан айырылған қаражатыңыз қазіргі маңызды деген проблемаңызды шешуге сеп болуы мүмкін.
Қазір зейнетақы жүйесіндегі қордаланған проблемалар тағы бір он жылда қиындықтарға алып келуі мүмкін екенін айтқан Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке тапсырма берді. – Еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту саласына ерекше тоқталғым келеді. Мұнда да қордаланып қалған мәселе жеткілікті. Қазіргі кезде зейнетақы жинағының жетіспеушілігі онша сезілмейді. Алайда 10 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүмкін. Жұмыс істеп, зейнетақы қорын толықтырып жатқан азаматтар саны азаяды. Ал зейнеткерлер саны арта түседі. Бұл ретте, зейнетақы активінен түсетін инвестициялық табыс пен жинақ деңгейі төмен болып қала бермек. Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізуі керек, – деді Президент. Жолдауда ақпарат алаңында айтылған мәселелер ескерілгені сөзсіз. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көкейінде жүрген жайтты дөп басып айтты. – Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққаннан соң ғана пайдалана алады. Бірақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін пайдаланғысы келетіні түсінікті жағдай. Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын, – деген ол шығындарды оңтайландыру және активтерді инвестициялық басқару сапасын жақсарту мақсатымен Үкіметке ортақ әлеуметтік қор құру және бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу арқылы әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін жұмылдыру мәселесін пысықтауды тапсыратынын жеткізді. Ендігі жерде бұл ұсыныс қалай жүзеге асырылмақ деген сауал туындайды. Жалпы, мұндай жүйе тиімді бола ма? Көпшілігі бұл жаңалықты қуана қарсы алғанымен, оны қолдамайтындар да табылып жатыр. Мысалы, экономист Арман Бейсенбаевтың мәлімдеуінше, бізде зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алған күннің өзінде оны айналымға салатын тиімді құралдар жеткіліксіз көрінеді. Сарапшы брокерлер мен сақтандырушы компанияларда активтер барын, бірақ оның өзі шетелдік активтер екенін алға тартты. Ол: «Демек, біздегі зейнетақы жүйесі тағы да батыстағы нарыққа жұмыс істейді. Сол себепті, альтернатива қажет. Мысалы, мемлекет жылдық табысы теңгемен алғанда 10-15 пайыздық облигациялар шығарсын. Азаматтар оны сатып алады, ал Үкімет табыстан түскен қаражатты жүйені одан ары дамытуға жұмсай бермек. Осындай жүйе болса ғана біз қарттығымызға алаңдамас едік» деп ой түйген. Зейнетақы қорындағы қаражат халыққа дәл бүгінгідей қолжетімді болмаған шығар. Бірақ экономистер бұл қаражатты қайда жұмсасам деп керемет жоспар құруға әлі ерте екенін айтуда. Қордағы қаражатты кім көрінгенге тарата бермейтіні бесенеден белгілі. Тек жұмыс істейтін азаматтарға жинағындағы қаражатын мерзімінен бұрын шешіп алуға мүмкіндік берілетін шығар деген долбар да жоқ емес. Өйткені қартайғанда қаражатсыз қалу қаупі тым жоғары.