Адам түгіл нардың белін қайыстыратын қиыншылықпен өстім
– Биыл Сыр өңірінің бас газеті «Сыр бойының» 90 жылдық мерейтойы. Бұл мереке сіздің де мерекеңіз. Құтты болсын! Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ. Жалпы, «Сыр бойы» газетіне берген алғашқы мақалаңыз есіңізде ме?
– Рахмет, балам. Нақты қандай тақырыпта бергенім есімде жоқ. Бірақ университет қабырғасында жүргенде облыстың бас басылымына жиі өлеңдер мен әңгімелер шығарып тұратынмын.
– Сізді қоңыр дауысыңыздан ел танығанмен, өмір тарихыңыздан көпшілігі бейхабар болуы мүмкін. Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз...
– Мен, 1934 жылы 24 маусымда Тереңөзек ауданындағы «1 май» колхозында дүниеге келгенмін. Ата-анадан ерте айрылдым. Атадан екеу қалғанбыз. Ағам бар. Қазір ол кісі Алматыда тұрады. Тағдыр тезіне салып, тез есейтті бізді. Білім қудым. Кішкентай кезімде көршілерім орыс болған еді. Содан болар орыс тілін жетік меңгердім. Одан жаман болмадым. Өзім еңбек жолымды 1952-53 жылдары 1 май мектебінде пионер вожатый болып бастадым. Елу үшінші жылы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінің студенті атанып, төрт жылда тәмамдап шықтым. Кейін аудандағы Калинин атындағы №35 орта мектепте мұғалім болдым. Біршама уақыт өткеннен кейін мені облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған Дәуірхан Айдаров облыстық радиоға қызметке шақырды. Өз ынтаммен қызығушылығыммен шығармашылықпен айналыссам да бұл қызметтің оңай емес екенін ішім сезді. Шынымды айтайын барғым келмеді. Алайда бірнеше қайтара ұсыныс түскесін, ойлана келе баруды жөн көрдім. Кейін бұл саланың отымен кіріп, шоғымен шықтық қой. Сөйтіп жүріп 30 жылды артқа тастадым. Мақтанғаным емес. Алайда мен өз аяғыммен барып, жұмыс іздеген адам емеспін.
– Журналистикада жағымды естеліктеріңіз көп шығар...
– Алла адамға мол ризық берген ғой. Мәселен, тілші болғанның пайдасы көп. Тіпті шын ықыластансаң адамдардың жоғын тауып беруге атсалыса аласың. «Тар жол тайғақ кешкен» соғыс кезінде хат-хабарсыз кеткен азаматтардың туыстарына талай рет ақпарат алып беріп көмектескен болатынмын. Тіпті қаншама жыл архивте сақталып келген награданы иесіне қайтарғаным есімде. 1991 жылы «Ветеран» газетінде басылған марапаттарын алып үлгермей қайтыс болған жауынгерлердің тізімінен жауынгер Ернияз Сатов, Жалағаш дегенді көзім шалды. Ол Германия аймағында соғысып, Одерге дейін барған. Үйіне үзбей хат жазып тұрған. Одерден кейін хат келуін тоқтатқан. Белгілі болғандай, ауыр шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Мерт боларының алдында оны «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынған екен. Бірақ марапатты алып үлгермеген.
Осыны көріп, сол күні облыстық радионың кешкі хабарында бұл деректі тыңдарманға жарияладым. Келесі күні Жалағаштан батырдың балалары келді. Бір айдың ішінде орден Ернияздың ұлы Кеңестің қолына табыс етілді. Мұндай жайттар біраз кездесті өмірімде.
– Журналист болғандықтан кейде істі де қиыннан қиыстыру керек болады ғой. Сізде ондай жайт болды ма?
– Иә. Болған (күліп). Ыбырай Жақаевты білесің ғой. Ол кісі көп сөйлегенді ұнатпайтын. Іске жақын адам. Бірде сұхбат алуға бел будым. Содан жан-жағымдағылардан ол кісіні қалай сөйлетудің жолын сұрай бастадым. Бір ағамыз Ыбекең жайлы әңгімелеп берді. Жас кезінде өте қарулы болғандықтан замандастарының барлығы оны «Алыпсоқ» деп атап кеткен екен. Осыны іліп әкеттім. Үйіне барсам ол кісі де шаруасын ыңғайлап әйелі екеуі енді дастарқанға отырғалы жатыр екен. Барып сәлем беріп, жағдай сұрастым. Әбден шай ішіп, маңдайдан тер шыққанша ананы-мынаны әңгіме етіп отыра бердім. Шамалыдан соң дауыс жазғышымды көпшікті астына байқатпай қойдым да, аға, осы сізді жас кезіңізде «Алыпсоқ» деп атапты ғой деп әңгімені бастап жібердім. Бір рахаттанып күліп алды. Міне, осы жерден бастап ішіндегісін ақтарып, барын айтты. Мен бәрін басып алдым. Кейін өзіне сол жазбаны тыңдаттым. Тағы да бір күлді мынаны көріп. Журанлистің міндеті қалайда ақпаратты алу. Көп жерде деталды тауып үйрену қажет.
– Бүгінгі қазақ журналистерінің қандай да бір кемшін тұстары бар ма?
– Бұрын Қызылорданың дәуірлеп тұрған тұсында, мұнда көптеген газеттер жарық көрді. Қазірде солай. Бұрын бірін қалдырмай оқитынбыз. Қазіргі басылымдардың барлығын оқып отыруға әл де жоқ. Көз де шаршады. Әйткенмен сапалы дүние аз ішінде. Көпшілігі жанын салып, тырбанып ізденбейтін секілді. Қазақтың тілі шұрайлы, бай тіл. Бұрынғы бабалардан қалған қандай керемет сөздер бар. Соларды қосса, жазған мақалалары жұтаң болмас еді.
Мен жастайымнан жетім қалдым дедім ғой. Әкемді «халық жауы» деп «Волголаг» лагеріне айдап әкетті. Бірақ ондағы азапты өмірге шыдас бере алмаған әкем көп ұзамай көз жұмды. Анама да «халық жауының» әйелі деген айып тағылды. Әкеміз қайтыс болған соң, анамда бұл
ауыртпалықты көтере алмай, мәңгілік мекеніне аттанды. Мен осындай адам түгіл, нардың белін қайыстыратын қиыншылықпен өскен адаммын. Ата-анадан ерте айрылғасын нағашы ата-әжемнің қолында өстім. Көненің көзі еді ғой ол кісілер. Құдды бір энциоклапедия дерсің. Сөз өнерін солардың үйрендім. Өлеңдер, қисса-дастандарды айтып беретін. Салиқалы әңгімелерін тыңдап өстік. Ал қазіргілердің кітап оқымайтыны, кемпір-шалдың әңгімелерін құлақ түріп тыңдамайтыны шығармашылықтағы жастардың шын дарынын көрсете алмауына негізгі себеп секілді. Бірақ бәріне кінә қоюға болмайды. Үлкен дүниелер жазып жүрген жастарды да ара-тұра көріп тұрамын.
ауыртпалықты көтере алмай, мәңгілік мекеніне аттанды. Мен осындай адам түгіл, нардың белін қайыстыратын қиыншылықпен өскен адаммын. Ата-анадан ерте айрылғасын нағашы ата-әжемнің қолында өстім. Көненің көзі еді ғой ол кісілер. Құдды бір энциоклапедия дерсің. Сөз өнерін солардың үйрендім. Өлеңдер, қисса-дастандарды айтып беретін. Салиқалы әңгімелерін тыңдап өстік. Ал қазіргілердің кітап оқымайтыны, кемпір-шалдың әңгімелерін құлақ түріп тыңдамайтыны шығармашылықтағы жастардың шын дарынын көрсете алмауына негізгі себеп секілді. Бірақ бәріне кінә қоюға болмайды. Үлкен дүниелер жазып жүрген жастарды да ара-тұра көріп тұрамын.
– Өзіңіз жазғыңыз келген мақаланы біреудің қыспағымен жаза алмаған кез болды ма?
– Жоқ. Біздің заманымызда журналистерге біршама еркіндік берілді. Мен Байқоңыр ғарыш айлағындағы су мәселесі және Арал теңізіне қатысты проблемаларды көтеруге күш салдым. Радиодан Сыр өңіріндегі барлық өнер адамдарының шығармаларын насихаттадым. Бәрінің ішінде жағыну жоқ қой олардың. Ешкім де ешқашан кедергі болмады. Қазір біздің заманға қарағанда мүлде еркін жазуға болады. Бірақ сондай дүниені кейде таппаймыз. Батылдық керек журналистерге.
– Қазір біреу біреуден ақыл сұрауға қымсынады не арсынады. Шығармашылық байланыс аз. Осы жайында не ойлайсыз?
– Мұның арты тағы да ізденіске апарып тірейді. Бүгінде әңгімешіл, көргені көп, зейінге тоқығаны мол қариялар саны сиреп бара жатыр. Бірақ сол ақсақалдардың салиқалы әңгімесін тыңдап, бірдеңе үйреніп қалайын-ау дейтіндер бар ма өзі? Болса да аз. Былайынша айтқанда білуге деген талап жоқ көпшілігінде.
– Қазақ радиосында отыз жыл қызмет еттіңіз. Осы аралықта Қорқыт күйлерін жинақтап шығардыңыз. Осыған тоқталып өтіңізші...
– Соғыс кезеңінде біз қалада тұратынбыз. Жаңа айттым ғой. Әкем Әбжаппарға жалған жала жабылып, айдауға кеткен. Ол кісі біраз жерде ірі ет комбинаттын басқарған. Біз кейін елге көшіп кеткен едік. Бірақ қалаға ат басын жиі бұрып тұратынбыз. Келуге себеп табылады әйтеуір. Сол кездері қобызын тартып отыратын соқыр Нышан (Смайыл Шәменұлы) ақсақалды жиі көретінмін. Елдің бәрі оның күйлерін ұйып тыңдайтын. Кейін бұлар Қорқыттың туындысы дегенді естідім. Шынымды айтсам, мен Нышан абыздың Қорқыт күйлерін білетінін естіп, қайран қалдым. Содан 60-жылдары облыстық радиоға жұмысқа тұрғанда осы күйлерді таспаға басып алғым келді. Сөйтіп тартып беруін сұрадым. Бірақ мен барғанда қолындағы аспабы жоқ екен. Содан не керек қобыз іздеуге көштім. Жан-жақтың бәрінен сұрап шықтым. Таппадым. Ақыр соңында Мардан Байділдаев деген азаматқа өтініш айттым. Ол кісі сөзімді жерге тастамай, Алматыдан қобызды беріп жіберді. Міне осыдан кейін соқыр Нышан ақсақалға бабаның күйлерін тартқызып, таспаға басып алдым. Олардың ішінде «Әупбай, Әупбай», «Желмаяның желісі», «Ұшардың ұлуы» және т.б. күйлер бар. Бүгінде мұның барлығы ұлттық академиямызда сақтаулы тұр.
– Заман күн санап дамып келеді. Бүгінде теледидардың орнын интернет басуда. Радио мүлде көмескіленіп қалғандай. Бұл жайтқа көзқарасыңыз қалай?
– Дұрыс айтасың. «Елу жылда ел жаңа». Бұрынғы дүниелердің орнын жаңа дүниелер басып жатыр. Қазір өзі жол жүргенде болмаса, радио тыңдауға да онша мүмкіншілік бола бермейді. Басқа аймақтарды қайдам, Қызылордадағы радиожурналистика кенжелеп қалды ғой. Тәп-тәуір дүниені бекер жапты. Бұл қала халқы үшін маңызын жоғалтқан шығар. Алайда шалғайда орналасқан елді мекендерге қажет еді. Кезінде бұл бүкіл ауыл, еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін үйіріліп отырып тыңдайтын аппарат еді-ау. Қазақ радиосы арқылы елде және әлемде бүкіл болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып отыратын. Бұрын радиожурналистика мықты еді. Біздер ел асып, елдің көп нәрседен хабардар болуы үшін жанымызды салатынбыз. Мен 1964 жылы радио, телевидение бөлімі бойынша бітіріп, сол жылдың көктемінде мемлекеттік өндірістік практиканы Мәскеуде өткіздім. Мәскеуде Бүкілодақтық радиода тәжірибеден өту дегеніміз біз үшін үлкен мектеп болды. Онда тікелей эфирдің хас шеберлері Константин Ритинский, Юрий Летунов, Юрий Левитандардың лекцияларын тыңдап, тәжірибелерін үйрендік. Ол кезде Мәскеуге хабар тарату үшін 5 журналисті ғана таңдап алатын. Мен сол тізімнен түспейтінмін. Ол бүкіл одақтағы елдерге, Түркия және Моңғолиядағы Баян-Өлгей аймағына да тарайтын. Қазір бәрі интернет қой. Қазір мүлдем басқаша жағдай.
– Жастайымнан орыс тілін меңгердім дедіңіз. Әйткенмен 75% пайыз ақпаратты қазақша жазғансыз. Жалпы қазақ тілді БАҚ-қа сіздің берер бағаңыз қандай?
– Иә. Мәскеуден елге оралып жұмыс істегенде, қазақ және орыс тілінде хабар тараттым. Орыс тілі міндеттелетін онда хабар беру үшін. Тәуелсіздік алғанымызға 28 жыл өтті. Алайда біз қанша тырыссақ та, елімізде орыстілді ақпарат құралдарының басымдығы әлі бар. Бірақ біздің аймақта әзірге ондай мәселе жоқ. «Сыр бойы» газеті – біздің өңірдегі сұранысқа ие негізгі газет. Сондықтан орыс тілділер әзір алға түсе алмайтын шығар. Оның үстіне мұнда басым көпшілік қазақтар ғой.
– Жоғарыда заманның жаңа технологияларға иек артқандығын айттық. Қазір екінің бір ғаламторда. Сіз де қарайсыз ба?
– Мен оны пайдалана алмаймын. Қазір бәрі соған үңіледі де жүреді ғой. Пайдасы көп дейді сұрасаң. Бұл интернетің радио мен теледидардың орнын басты. Оны мойындау керек. Ол газетке де дәл солай әсер етуі мүмкін. Бірақ кім біледі, қалай боларын болашақ көрсетеді.
– Осы күнге дейін журналистикада өшпес із қалдырдыңыз. Кітаптар жаздыңыз. Әлі де кейінгі ұрпаққа рухани азық болатын жазар дүниелеріңіз бар ма?
– Қазір 85 жастамын ғой. Денсаулық та сыр беріп жүр. Өзің көріп тұрсың. Тез шаршап қаламын. Қартайғанда көз де нашарлайды ғой. Көкейімде бәрі сайрап тұр. Тек оны қағазға түсіретін күш жоқ, балам. Осы күнге дейін жетпістен аса блокнотты тауыстым. Олардың ішінде жазылмаған, бірақ бір-бір кітап болатындай дүние бар.
– Өзіңіз кезінде пайдаланған көне дүниелеріңізді көрсем деп едім...
– Бұрын болды ғой. Біраз заттарымды мұражайға тапсырғанмын. Оның ішінде өзім пайдаланған жазу машинкасы, талай адамның даусын жазып алған «Р-7» репортерын да өткіздім. Өзімнің блакнотымның да біршамасын тараттым. Қазір үйде 30-40-қа жуығы қалды.
– Жас журналистерге айтар ақылыңыз...
– Балам, сен қасиетті мамандықта жүрсің. Мұны қастерлеу керек. Жалпы жас тілшілерге көбірек ізденіс қажет. Оқып, білгенде ғана қаламы қарымды болатынын әрбірі сезінуі тиіс. Жазған да да әдебиетпен, тарихпен сабақтасып жатқан дүниелерді жазуға тырысыңдар. Көркемдік бағыт та назардан тыс қалмағаны дұрыс. Мақаланың жұтаң болмауына жұмыс істеңдер. Қаламдарыңнан тәуір дүниелердің шығуына тілектеспін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ақтілек БІТІМБАЙ