Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін
«Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» дегендей, тәуелсіз мемлекетімізде тіл саясаты күн тәртібінен түспейтін негізгі мәселелердің бірі.
Мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны жария етті. Ал, 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа қазақстан» деп аталатын жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды ұсынып, Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс екеніндігін атап өтті.
Тіл - өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Тілден тілдің кеңдігі болмағанымен, кемдігі жоқ. Үш тұғырлы тіл саясатында қазақ тілі - мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі екендігі көрсетілген. Ал, тілдерді меңгеру бәсекеге қабілетті ел азаматының міндеті. Бұл келешегіміздің кепілі, ел экономикасының өрлету жолындағы халықаралық байланысты дамытуға ықпал жасайтын саясат.
Бұл жерде ана тілімізді жылы жауып қоямыз деп ұғым қалыптастыруда қателік. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» - деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтпақшы, ұлттық мүддені бір саты жоғары қою да керек. Дегенменде, үш тілді қатар меңгергеннен, тіл білгеннен ешкім де ұтылмайды.
Аталмыш идеяны іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында 2015-2020 жылдарға арналған үш тілде білім беруді дамытудың «Жол картасы» қабылданып, «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» жоспарының 79-қадамы бойынша білім беру жүйесінде жоғары сыныптар мен ЖОО-да ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі көтерілді.
«Талабы бар тоқсан тілді меңгерер, талабы жоқ тоқсан сылтау өңгерер» дегендей тіл үйрену мәселесі әр адамның ниеті мен санасына, ішкі мәдениетіне де байланысты. Ұлы Абай «Әр елдің тілін, өнерін білген кісі өзгемен бірдейлік деңгейде сұхбаттаса алады» деп айтқандай, өзге тілдерді меңгеру ешкімге де артық болмас.
Іс жүзінде тілдердің үштұғырлылығы бәсекеге қабілетті Қазақстанның ұлттық идеологиясының бір бөлшегі болып табылады. Әрбір қазақстандықтың үш тілді білуі заман сұранысы.
Ысқақова Айжан Мұқтарқызы,
Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің бас маман-баспасөз қызметінің маманы