» » ӘКЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ

ӘКЕМНІҢ ӘҢГІМЕСІ

   (Эссе)
Бұл беймезгіл оқиға бүкіл елді дүрліктірді. Алдымен Сағитжанның өлімі туралы хабар жетті. Сосын басқалары айтылды.
Азалы ақпанның ауыр жайын үйге көңілсіз оралған әкемнен есіттік те, оның қас-қабағына қарайлап қалдық. Уайымшыл кісі ғой, мұңға батып алып, аяғында ауырсынып, өзін жайсыз ұстайтын. Мені әкемнің осы халі мазалады.
Дегенмен Сағитжан ағаны ажалға қимай, мүжілген, қиналған әкемнің ішкі әлеміне көп үңіле қоймадық, оның сырын енді ұға бастадық. Жарқ еткен жұлдыздың, түптеп айтқанда теле журналистиканың бір бұтағы сынып, бір болашағы баянсыз қалғанын сеземін. Әттең десеңші,  жас шыбықтың бүр жармаған байыбы да кім-кімді болсын, еріксіз езгілейді. Әке жолын қумақ ниетпен журналистика мамандығын қалап, бір шешімге келген тұста арнайылап Жалағашқа апарды. Ештеңеден бейхабар мені мұнда не үшін әкелді деген сауалға жауап іздеп тұрмын. Ләм-мим деместен қалың шеңгелді қақ жарып, тұп-тура қарсы беттегі төбе тұғырдың жанына жақындады. Сонан соң тізе бүкті де  Сағитжанға және барша мұсылман жұртына бағыштап дұға  оқыды. Осында тікұшақтың құлағаны, онда бірнеше адам қаза тапқаны мәрмәр таста жазылған. Оқыдым да шоршып түстім. Лезде денем дір етті.
Бұл біздің Қорқыт ата атындағы Қызылода мемлекеттік университеттің түлегі, мақтанышымыз, студент кезінен-ақ теледидар арқылы көрерменге жылы жол тапқан Сағитжан Бермағамбетов болатын. Қазір оны білмейтін адам жоқ. Ол ізденімпаз,  қай мәселені де  жан-жақты ашып, түреннен тың тақырып тауып, көрермен талғамын толтырған кәсіби журналист еді. Мамандығын сүйгені соншалық, еңбектен ерінбеді, әрбір хабардың бай мазмұнын, терең тағылымын ұғынықты ұсына білді. Жағымды дауыс дикциясы халықтың құлағында жатталды. Біршама уақыт экраннан көрінбей қалса, ел іздейтін жағдайға жетті. Құдды Левитанның, Әнуарбек Байжановтың даусын  немесе Бейбіт Құсанбектің, Нұртілеудің, Жұмабай Шаштайұлының хабарларын іздегендей көрерменнің аңсары оған ауып тұратын. Жас жігіттің осындай абырой биігіне көтерілген бағасы биліктің де мойнын бұрғызды. Қызметке шақырды. Барды. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы болды. Осы қызмет оның соңғы еңбек жолы еді. Өкінішті. Өлімге қимайсың. Өмірге құштар талпынысына тыныс бергің келеді. Әттең қол қысқа...
Қысқа ғұмырының өзінде оның есімін ел елеп, еңбегін ескерді. Үлкендер жағы құрметтеді, інілер ізет көрсетті. Біз енді осындай озық ойлы асқақ ағаның өнегесін арқау етіп, үлгісін жалғастыруға талпынып келеміз. Бұл Сағитжан аға салған сүрлеудің шаң баспайтынын білдірсе керек.
...Жалағаштан қалаға қарай қайттық. Жолай әкем тағы әңгіме бастады. Мен беріліп тыңдап отырмын.
‒ “Қазақстан-Қызылорда” телеарнасының редакторы Нұрсәуле Қоңырбаева жол апатына ұшырап, денеге орасан зақым келді. Сынған сүйектер орнына келе қоймады. Әріптес қатты қиналды. Дәрігер мамандар Ресейде емделген дұрыс деп шешті. Бірақ қаражат қол байлады. Үмітті көлегейлеген кемдікті толтыруға дос-жаран түгел араласты. Әлі де қаржы жетімсіз еді. Осындай қысылтаяң шақта Сағитжан жеке автокөлігін сатты да, ақшасын толық Нұрсәулеге берді. “Денсаулыққа жетер байлық жоқ, дүниенің орны толады” деді. Міне, мықтылық. Мәрттік. Достық. Жанашырлық.
Әкем бір күрсініп алды. Сосын барып сөзін жалғады. “Жер бетінде қанша адам болса олардың мінез-құлқындағы айырмашылық сонша көп. Бірі жайсаң, бірі лайсаң келеді. Сағитжан салиқалы қалыбынан бір аумаған азамат болатын” деп бір тоқтады. Және үнсіз қалды.
Біздің келесі сапарымыз Белкөлдегі мұсылмандар зиратына бағытталды. Сағитжан осында жерленген. Қабіріне барып тағзым жасауды мақсат тұттық. Бардық, әріптес інісіне дұға оқыды. Мәңгілік мекенде тыным тауып, мүлгіген тыныштықта жатқан марқұмды еске алдық. Кенет әкем көктаста жазулы бір шумақ өлеңді көрсетті: “Бұл менің Сағитжанға арнаған қоштасу өлеңім” деді. Сөздері салмақты, бой шымырлатар өлең жолдарына көзім түсті.
Тағдырға налып күні-түн,
Тапсырдым Алла -әмірге...
Үзіліп түскен үмітім
Үздіге келдім қабірге...
Әкемнің ақын еместігін біле тұрсам да сағыныш, қимастық сезімдерінен тұтанған тұңғиықтан өлең туындағанын ұқтым. Қазақтың қай баласы да өлеңге таласы бар талант екен ғой деп іштей толғанып тұрмын. Бірақ бәріне бірдей өлең жазыла бермейді. Сағитжан секілді саңлақтарға ғана тән теңеу шығар. Менің де эссе жазуыма да осындай әсер жетелеп келді.
Ерасыл ШӘРІБЕК
20 қыркүйек 2019 ж. 861 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031