Білім саласындағы былықтар талқыға түсті
Бүгін «Ақмешіт» институтында білім саласында орын алған сыбайлас-жемқорлық фактілері бойынша мәселелер көтерілген мәжіліс өтті. Саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы шараларды талқылай мақсатындағы шараны өткізуге облыстық білім басқармасы мұрындық болыпты.
Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов, «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Түсмағанбетов, білім бөлімінің басшылары мен сала ардагерлері, орта және арнаулы оқу орындарының директорлары, балабақша меңгерушілері, қатысты. Мәжілісті облыстың бас ұстазы «Тынышталайық!» деген сөзбен бастады. Алғаш болып баяндама жасауға қалалық білім бөлімінің басшысы Меруерт Әбдіқалықова көтерілді.
− ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен, «Нұр Отан» партиясымен, ҮЕҰ бірлесіп атқарылған жұмыстарға тоқталды. Азаматтарды қабылдау, білім мекемелері басшыларымен өткізілген жиындар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңы түсіндіріліп, әдеп кодексі мен еңбек тәртібін сақтау, пара алу және беру туралы қатаң ескертпелер берілді. Оқушылар мен ата-аналар арасында ақша жинау мәселесі де талқыланып, ескерту жасалды. Жастар арасында да адалдық пен, парасаттылықты дамыту мақсатында барлық мектепте «Адалдық дүкендері» ашылды. Білім бөлімі мекемесіне жеке заңды тұрғалардан түскен 1492 өтініш, 132 жеке қабылдауда болған азаматтарға жауап берілді. Орталықтандырылған есеп-қисап бөлімі де таратылды. Жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шаралар жүйелі жүргізілгенімен, жемқорлық әрекетіне барған №4 IT мектеп директорының қызметін атқарған А.Ахметоваға қатысты сот процесі жүруде. №9 мектеп-гимназия директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Н.Тастанбекова да ҚР Қылмыстық Кодексінің 366 бабын бұзғаны үшін ұсталып, тексерілуде. Оқушылар және жасөспірімдер үйінің директорының м.а. Б.Ибраева ҚР Қылмыстық Кодесінің 189 бабының 1,2 тармақтарымен кінәлі деп танылып, қызметінен босатылды. Білім бөліміне қарасты басшылардың барлығына қызметкерге қысым жасап, пара алмау қатаң тапсырылды, − деді Меруерт Наушақызы.
Мұнан соң мәжіліс қыза түсті. Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова басқармаға түрлі арыз-шағымдар келіп түскенін айтты. Бір оқу жылында 23 адамды жұмысқа қабылдаған мектеп-лицей басшысын орнынан тұрғызды. Кадрлардың бір мезетте бұлай жұмыстан шығу себебі не? − деп сұрақты төтесінен қойды. №9 мектеп-гимназияның басшысы Батырбек Абиев, «5 адам зейнетке кетті, 12 мұғалім декреттік демалыста, қалғандары өз еркімен қызметтен кеткен. 126 сағатқа әлі маман керек», − деп жауап берді. Жауапқа қанағаттанбаған сала басшысы, «мұғалімдермен жеке сөйлесіп, жұмысқа орналасты ма, жағдайлары қалай біліңіз», − деп басқарманың бөлім басшысы Гүлзия Дүйсембаеваға тапсырды. Директормен бірлесіп бұл мәселеге қызметтік тексеру жүргізілмек. Жұмыстан шыққан мұғалімдерден қандай да бір шағым түссе басшы жауапқа тартылатыны ескертілді.
Мәжілісте сөз алған сала ардагері Мылтықбай Байымбетов, «Біздің ойымызда ең алдымен елдің мүдесі тұруы керек. Бұл адамгершілік міндет. Білім саласында жүрген азаматтар қолында тұрғанда қонышынан басуды ойласа, білім саласы дамымайды. Пара алған басшы қызметкерден қалай жақсы жұмысты талап етеді? Қоғам таза болса, жеген нанымыз таза болса, күніміз жарқын болады. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге барлық жағдай жасалған. Жасұрпақ тәрбиесі сеніп тапсырылған жауапты сала кемшіліктерге жол бермеуі тиіс», деп әріптестерін тазалыққа шақырды.
Ортаға шыққан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов елімізде Сыйбайлас жемқорлық тақырыбында сараптама жүргізетін «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қорының деректерімен бөлісті. «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандос Түсмағанбетов аймақтағы балабақшаларда орын алған кемшіліктерді сөз етті. Жиын соңында облыстың бас ұстазы саладағы кемшіліктермен күресіп, ашықтықты одан әрі дамытатынын айтты.
Гүлбану МАҚАЖАН