Кварц шамын қосып, адамның бар-жоғын тексермеген
Жаңаөзенде балалар жұқпалы аурулар ауруханасында төрт жасар бала мен оның әпкесінің көзі кварц шамынан күйіп қалған. Фото: Интернеттен алынды InAktau-дың жазуынша, оқиға палатаны зарарсыздандыру кезінде болған. Қызметкер кварц шамдарын қосып, бөлмеде адам бар-жоғын тексермеген. Біршама уақыттан соң бөлме кварцталған соң бала мен оның әпкесінің көзі қатты ісіп кеткені мен қышығанына шағымданған. «Қараңыздар, көздерін мүлде аша алмайды. Осы медбикелер. Олар өздері қоспаған, тазалықшыға айтқан, ол болса 45 минутқа бір-ақ қосқан», - дейді видеода отбасының туысы. Осы оқиғадан кейін, ауруханада басшысының қатысуымен жиналыс өткен. Жұқпалы аурулар бөлімінің жетекшісіне ескерту берілген. Аға медбике сөгіс алды. Ал екі медбике өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Аурухана басшысының орынбасары осы жағдайды өз бақылауына алып, науқастармен кездескен», - деді облыстық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері. Қазіргі уақытта науқастар қажетті ем алып жатыр.