Бала бер, бала берсең сана бер
Жақында туысқанымның "Алтын тойына" куәсі болдым. Шапан жауып, сый-құрмет көрсетіп жатыр. Әсем әуен шырқалып, би биленуде. Көзім бір бұрышта отырған ақ жаулықты анаға түсіп кетті. Көзі мұңға толы. Осындай сәтте ол кісіні не жабырқатты? Бұл сұрақтың жауабын тек өзі беретін болған соң қасына жайғастым.
– Апа-ау, мұндай қуанышта сізді нендей күй мазалады?
– Мен бейбақтан не сұрайсың? – деп бастады әңгімесін қарт әжей.
"Құдай берген алты баланы оқытым, тоқыттым. Балаларым үшін өмір сүремін деген түсінікпен қайтара тұрмыс құрмай, өмірімнің соңғы уақытын балаларыма арнадым. Жап-жақсы отбасы болдық. Балалардың болашағы үшін жұмыс істеп, ақша тапқан соң оларға көп уақыт бөле алмадым. Бәлкім аналық махаббатты қажетінше жеткізе алмаған да шығармын. Не де болса кінәні өзімнен көремін. Бүгінгі туған күн иесі де мен секілді үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Айырмашылығы олар анасын көкке көтеруде. Ал мен қарттар үйін паналаймын. Ұлдарым келіншектерінің дегенімен жүріп, мені ұмытса, қыздарым барған жерінен бата алмай менен теріс айналды. Ана үшін бұдан өткен қандай қорлық керек?", – дейді жабырқаулы қарт ана.
Жұмысқа барар кезде де, қайтар кезде де қарттар үйінің үстімен өтемін. Таңның атысымен кештің батысында терезеге телміріп, "қашан балам келеді" екен деп үміттеніп отырған аналардың жүзіне бажайлап қараймын. Көзінен балаға деген сағынышты сеземін. Кешкісін аулада серуендеп жүргенде мектеп оқшыларына күлімсіреп қарайды. Балаларының жастық шағын немесе немерелерін көз алдарына елестетін шығар.
"Мен осындай қызметте істеймін, даңғарадай үйім бар" деп мақтанды бір бастық-сымақ достарымен кездесуінде. "Жап-жақсы жігіт екен" деп құрбыма көзімнің қиығымен көрсеткенім сол еді, "әкесі қарттар үйінде" деп қойып қалды. Ал жап-жақсы жігіттің сиқы осы енді.
"Өмір-ай, қалтылдаған қайығы бар,
Қарттардың тек қартайған айыбы бар.
Бақтырған мұңлықтарды үкіметке,
Көбінің үйде бала-зайыбы бар.
Жаратқан, жан емес ем тілге ұста,
Батпай-ақ қойды-ау мынау күнде қысқа.
Кімге де ата-анасын бағу парыз,
Бұл сөзім болғай ұрпақ, елге нұсқа. Бұл қартар үйінде көз жұмған қарттың шығарған өлеңі. Санасы бар, көкірегі ояу адамның жүрегін қарып өтетіні рас. "Қарттардың тек қартайған айыбы бар" дейді өмірге өкпелі қалпында. Жәрдемақысын нәпақа көретіндердің жүрекке жара салатыны тағы бар. Не десек те ақылсызға ақыл құйдыратын дәрменіміз жоқ. Бұл тек жаратқан Алланың қолында. Біз тек Алладан "бала бер, бала берсең сана бер" дейміз.
P.S "Жасым ұлғайып, қартайған шағымда керексіз болып қаламын-ау" деген ой ешкімнің ойына келмес сірә. "Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай" өсірген перзентінің сырт итергені кімге оңай тисін. 1 қазан қарттар күні. Ал бұл күні қай бала ата-анасының мерекесін ойлап, құттықтап, қарттар үйіне жол салады екен... Бұл мейрамда "кім келеді" деп есікке көз салатыны жасырын емес.
Мөлдір САБЫРЖАН