Екі жүз теңге беріңізші...

Бір жігіт менен сұраған екі жүз теңгесін алып кетті. Байқап қарасам, келесі аялдамаға барып, өзгеден де ақша алды. Сөйтіп қаланың әр аялдамасынан ақша жинай ма? Сондай-ақ олай істеуге не итермелейді?
Жақында әріптесіміз Нұрбике Құдайбергенова өзінің әлеуметтік парақшасында осыған қатысты ойымен бөліскен болатын.
– "Қазақпыз ғой, мұсылманбыз, үйге қайтуға жолақым болмай тұр. Жүз теңге берші" Дәл осы диалогты өрбітуге себепкер адамдардың қатары күн санап артып келеді. Тіпті бір көшенің бойынан бірнешеуін кезіктіріп жүрміз. Киімі бүтін, дені сау азаматтардың осындай тіленшілікке салынуына не себеп екені өздеріне аян. Қоғамдық ортаны торуылдап, әр кісіден «проезд» сұрайтын болған. Уақыт пен адам талғамастан, жаяу жүргіншілердің жүйкесіне тиіп, қайырға қара бақыр сұрап жүргенін баласы білсе, «менің әкем» деп айтуға ұялар еді, жары білсе, «отағасы сөзінен садаға кет!», ал әке-шешесі (өмірде болса...) «Е, Құдайым, бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деп қарғанатыны анық", – дейді журналист.
– Менің қайтуға тиыным болмай тұр, екі жүз теңге бере аласыз ба?
– Айналайын, жарығым-ау, ата-анаң неге сенің күніңді өзгеге тәуелді етіп қойған?
– Ата-анам демалуға өзге қалаға кетіп қалды. Үйде қарындасым екеуміз ғана, ол мені күтіп отыр. Бермесеңіз өзгеден аламын, уақытымды алмаңыз, асығыспын...
Бұл аялдамада өрбіген диолог. Сіз өзге елде саяхаттап жүргенде немесе жұмысыңызда отырғанда бір уақыт балаңыздың немен шұғылданатыңа көңіл бөліңіз. Күндердің күнінде сіздің балаңыз да көше кезіп кетпесін. Себебі көшеде қайыр сұраған жасөспірімдердің іс-әрекеттерінен ата-анасының хабарсыз екені анық...
Бозбала мен бойжеткеннің көше кезіп, қайыр тілеуі ненің белгісі? Өзгеге алақан жаймау керегін, өзің еңбектеніп, нәпақанды табу керегін үйреткен ата-ана тәрбиесі қайда қалды? Қазақта "балаңды аясаң аяма" деген сөз бар емес пе... Бүгін балаңыздың қалауын істеп, қалағанына оңай қол жеткізуге болатынын үйретсек, ол болашағынан да сондай қарым-қатынасты күтері анық қой. Қазіргі таңда бәрін аузына тосып, салулы төсек, салқын үй дегендей аялаймыз деп буынын бекіте алмай ұрпағымыз жасық көкжөтел болып, сол баяғы бабалар баулыған қырандық сипатқа жете алмай жатқан секілді...
Мөлдір САБЫРЖАН