Тұрғын үй
Ертеде сонау Таяу Шығыстың үлкен шаһарында орта жасқа келген бір кісі өмір сүріпті. Тұрмыс жағдайы жаман емес, басында баспанасы, жанында әйелі, балаларымен тәуір ғұмыр кешіпті. Бұдан басқа, ол тұратын қаланың тұрғындары да жақсы адамдар еді. Барлығы бірін бірі құрметтейтін. Бірақ қожайынның өзі үнемі жайсыз сезімді бастан кешіретін. Оның өміріне бір нәрсе жетіспейтін секілді көрінеді. Оның үстіне үйінің алдынан өткен саудагерлер мен түйеге толы көштен үнемі анау шөлдің артындағы әсем, жайқалған қала жайлы еститін.
Бірде ол нақты шешім қабылдап, сол шаһарға жалғыз өзі кетіп, бақытты өмір сүргісі келді. Бұл жайлы ешкімге тіс жармады. Түні бойы жолға азық дайындап, жүгін жинақтайды. Шарап құйып алып, ірімшіктерді жүгіне түйеді. Осылай таң атам дегенше жолға аттанды.
Көп ұзамай өз қаласының қоршауынан асады. Өңі бөлек сап-сары құмның ортасына, шөлдің бетін шарлай тура жүре береді. Ал кеш бата жолда біраз аялдап, төсенішін төсеп, біраз ауқаттанып алады. Алып шыққан шарабын ұрттап, ашық аспан астында ұйқыға кетеді. Өз жолынан жаңылып қалмас үшін жатар алдында басын өзі алған бағытта қойып ұйықтайды. Осындайда бір құдіреттің болатыны анық қой. Түнде әрі-бері қозғалып ақыры басын ұйқы үстінде өзі келген жаққа қойып, уайымсыз тәтті ұйқыға кетеді.
Таң ата оянып, тандыр нанын мен ірімшігінен ауыз тиеп жолын жалғастырды. Күн бата бір әсем шаһарға ат басын тірейді. Ол шаһар өзінің туған жеріне қатты ұқсайды. Тіпті көшелері де бірдей. Ал сол көшелермен келе жатып тура өзінікінен айнымайтын үйді кезіктіреді. Сол үйдің ішінде өзінің әйеліне және балаларына қатты ұқсайтын адамдарды көреді. Тіпті есімдеріне дейін бірдей болады. Оны сол үй қабылдап өмірінің соңына дейін сол жақта бақытты ғұмыр кешеді. Алайдыа кей кездері ол өзінің туған қаласы мен отбасын қатты сағынатын еді...
Павел РУБИНИН,
Аударған Дамир АМАНГЕЛДІ