Қауіпсіздік ережелері пысықталды

Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев, департаменттің зілзалалар қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының басшысы Бақтияр Тұрманов жылу маусымында сақтық шараларына мұқият болу қажеттігін айтты.
Тілсіз жаудың алдын алу үшін ұқыптылық пен қауіпсіздік ережелеріне мұқият болу қажет. Өткен жылу беру маусымы кезінде немқұрайлылық соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Облыс бойынша тұрғын үйлерде 147 өрт оқиғасы орын алған. Өрттен 7 адам қаза болып, 5 адам жарақат алған. Түтінге улану фактісі бойынша – 11, табиғи газға улану фактісі бойынша 2 жағдай тіркелген.
– Тұрғындардың өрт қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, балаларды қараусыз қалдырудан өрт болып жатады, – дейді Р.Қайрақбаев.
Мамандардың айтуынша, жылу беру маусымында пештің түтін шығу жолдары екі-үш реттен тазалану қажет. Алайда, тұрғындар мұны ескере бермейді. Департамент жариялаған «Өрт қауіпсіздігі» айлығы кезінде қызметкерлер мен еріктілер әр үйге барып, сақтық шараларын түсіндіруде.
Биыл облыс әкімдігінің қолдауымен көмірқышқыл газының дабылқаққышына тапсырыс берілген. Қондырғы әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың үйлеріне орнатылмақ. Мұндай санаттағы 1528 тұрғын үй анықталған.