Әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты
Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов Тереңөзек кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысты. Аудан басшысына әрбір мекемедегі сала бойынша атқарылған және алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстар жөнінде мағлұматтар берілді.
Аудан әкімі Р.Рүстемов "Сырдариясушар" өндірістік учаскесінде болып, суды пайдалану мен реттеу бағытында жұмыс жасайтын мекемені аралап көрді. "Сырдариясушар" өндірістік учаскесінің басшысы Б.Искаков кәсіпорынның негізгі қызметі, мамандардың біліктілігі және материалдық-техникалық базасы жөнінде баяндады. Аудан басшысы мекеме жұмысының маңыздылығына назар аударып, егін науқаны кезеңінде шаруашылықтарға бекітілген жоспар бойынша суды уақытылы жеткізу жұмыстарын жандандыру бағытында бірқатар ұсыныстарын айтты.
Мұнан кейін аудан әкімі Р.Рүстемов бір ғимаратта орналасқан аудандық қазынашылық және мемлекеттік кірістер басқармасында болды. Басқарма басшылары өз салалары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, қызметкерлердің жұмыс бөлмелерімен таныстырып, негізгі индикаторлардың орындалу барысы жөнінде айтты. Мекеме қызметкерлерімен кездескен аудан басшысы бюджет көлемін ұлғайту, бюджеттің тиімді игерілуін бақылау бағытында жұмыс жасайтын мамандардың жұмысына сәттілік тіледі.