Жасұландықтар жаңа фитнес трендте
Әлемде «плоггинг» деп аталатын фитнес тренд тарап келеді. Плоггинг-саламатты өмір салтымен қатар табиғатқа деген қамқорлықты біріктіретін ұғым. Швециядан бастау алған плоггинг қазіргі таңда Қазақстанда да қолға алынып келеді. Қызылорда қаласында «Жас Ұлан ұйымы» орталығының ұйымдастыруымен плоггинг акциясы жүзеге асырылды. Акция Қызылорда қаласының туған күніне тұспа-тұс келді. Осындай мерейлі мерекеде "Жас Ұлан" ұйымы орталығының еріктілері қаламыздың тазалығына өз үлестерін қосты. Жастар мен жасөспірімдерді саламатты өмір салтын ұстай отырып, табиғатқа деген қамқорлықты арттыру, әлеуметтік жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған акцияға 100-ге жуық «Жас Ұлан» ұйымы орталығының еріктілері қамтылды. 4 топқа бөлінген жасұландықтар сүйікті қаламыз Қызылорданың көркеюіне, тазаруына, плоггинг акциясына белсене қатысты. Олар "Табиғатты аялайық" деп ұрандатып іске кірісті. Топ болып жарыса жүріп, плоггинг соңында 43 кг қоқысты жинап, үздік нәтиже көрсеткен «Эко сақшы» тобы I орынмен, акцияға қатысқан барлық топтар алғыс хаттармен және ең үздік белсенділік танытқан топ мүшелері марапатталды. Плоггинг акциясы мұнымен тоқтамады. Апта бойы жалғасатын бұл акцияға қаламыздың барлық мектептері ат салысады. Егерде саламатты өмір салтын ұстана жүріп, қаламыздың таза қала болуына септігіңді тигізгің келсе, қоғамда өз қолтаңбаңды қалдырғың келсе онда бізге қосыл!
Г.Ақмырзаева «Жас Ұлан » ұйымының төрайымы