Қазақтарға миллионер болуға кедергі басты кемшілік: басым бөлігі неліктен кедей?
42 жасында қатерлі ісікті жеңіп шығып, психолог, мотиватор ретінде халыққа пайдасын тигізуді жөн көрген Айсұлу Құтпанбекова көптеген қазақстандықтардың көкейін қандай сұрақ мазалайтынын айтып берді. Психологтың сөзінше, қазақтардың басты кемшілігі оларға миллионер секілді өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, Құтпанбекова Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне құлдық санадан қалай арылып, жақсы табыс көзіне кеңелуге болатынын түсіндірді.
Қатерлі ісікті жеңіп шыққан кейіпкеріміз шешілмейтін түйін жоқ деумен қазақстандықтарға сынақтан сүрінбей өтуді, кедергіге тап болса, берілмеуді үйретіп жүр. Құтпанбекова өзінің өмірлік тәжірибесін өзгелермен бөлісуді, жетістікке жетудің қыр-сырын үйретуді міндеті деп біледі.
"Инфобизнеске келіп, тренерлермен жұмыс істей бастағанда, білімім күллі Қазақстанға қажет екенін түсіндім. Ал адам өзінің білімді маман екенін ұғынған кезде, үндемеуге құқығы жоқ. Мен дертімді жеңіп шығып, Құдайға шүкіршілік ете бастап едім, сәттіліктің ағымы мен толқынына іліндім. Жолым ашылды. Жетістікке жету, ағымға іліну менің қолымнан келсе, басқа қазақстандықтардың да қолынан келеді. Ауыртпалыққа мойымаңыз, кедергіге берілмей, Жаратқанға деген сеніміңізді жоғалтпаңыз. Алла Тағаладан жолыңызды ашуды сұраңыз. Сол кезде ағымға қосыласыз. Біреу жетістікке он жылдап жетсе, сіз көздегеніңізге бір жылда қол жеткізесіз. Өз-өзіңізбен жұмыс істегенде, өзіңізді жақсы көргенде, жасыңыз қаншада екені маңызды емес, өміріңізді өзгертуге мүмкіндік бар екенін түсінесіз ", — дейді Құтпанбекова.
Психологтың сөзіне сенсек, қазақтардың кемшілігі ойлау қабілетінің жоқтығында, құлдық санамен өмір сүруінде жатыр. Маман қазақтардың көпшілігі өсек айтып, өсек теруден, той тойлаудан - бірінші, бірақ ойлануға келгенде мүлдем нашар екенін айтып күйінді. Қаржылық сауаттылық, бай мен кедейдің айырмашылығы жайында сөз қозғай келе психолог қазақстандықтарды бірінші кезекте өзгенің емес, өзінің мәселесін шешіп алуға шақырды.
"Біздің қазақтар уақытының 90%-ын біреудің проблемасын шешуге жұмсайды. Мұны қойып, өзінің басына түскен іспен айналысуы қажет. Миллионерлердің бізден бір-ақ артықшылығы — ойлау қабілетінің өзге болуында жатыр. Болды, басқа жоқ. Ол көкейіне келген ойын жүзеге асырғанша тыным таппайды. Сондай болуды үйреніңіз. Күйеуім қаңғырып кетті, ақша жетпей жатыр деген проблемамен алдыма жиі келеді. Әрине, ақша өмірімізде көп мәселені шешеді, бірақ біз оған құл болмау керекпіз. Керісінше, ақша бізге жұмыс істеуі қажет.
Егер сіздің санаңызда құлдық сана тұрса, өмір бойы ақша үшін өмір сүресіз. Өкінішке орай, біздің қазақтардың басым бөлігінің қаржылық сауаттылығы жоқ. Еңбегімен тапқан табысын қалай дұрыс жұмсарын білмейді. Айлық , мысалы, 150-200 мың теңге болса, дастарханға қанша жұмсау қажет, жылына неше рет киіну керек, келешектегі шығындарға қанша қаражат қалдыру дұрыс екенін есептеп анықтауға болады. Сондай-ақ отандастарымыздың арасында өзіне инвестиция құюға ақшасын аяйтындар жеткілікті.
Білім берейін десең, тегін емес, ақылы екен деп бас тартып шығады. Бай адам мен кедей адамның психологиясындағы ерекшелік осы. Барлық кедейдің жаны тегін дүниеге құмартып тұрады. Кедей кінәні өзгеден, ал бай менікі дұрыс емес деп өзінен іздейді. Сондықтан жетістікке жетеді. Бай мен кедейдің айырмашылығы осында. 99% адамдар кедейлікте, қалған бір пайызы байлықта өмір сүреді. Сіз ешкім істемеген дүниені істеуіңіз қажет, сонда ешкімде болмаған өмір сізде болады", — дейді ол.
Айсұлу Құтпанбекова үздіктерден алған білімді міндетті түрде тәжірибе жүзінде қолданып, қай кез болмасын, қаржылық сауаттылықты арттырып отыруға кеңес береді.