» » Күйзелістен шыға алмау ‒ актердің әлсіздігі

Күйзелістен шыға алмау ‒ актердің әлсіздігі

  Әлмұхаммед АЛДАЖАРОВ, қалалық «Жастар» театрының режиссері, труппа жетекшісі:

‒ Әлмұхаммед, жақында ғана «Қызылорданың қыздары» атты қойылыммен жастар театрының жаңа маусымы ашылды. Осы орайда әңгімемізді театрға алғаш қабылданған сәттен бастасақ...
 Жастар театрының 2016 жылы құрылғаны бәріңізге белгілі. Мен сол сәттен бастап осы ұжымда актер және режиссер ретінде қызмет етемін. Негізі мектеп қабырғасында, университетте түрлі шараларды ұйымдастырып, үлкен сахнада өнер көрсетіп жүрсем де әртіс болуды армандаған емеспін. Бірақ театрдың ашылғанын естіген бойда кастингке келіп, бағымды сынап көрдім. Кәсіби мамандығым актер болған соң кастингтен кедергісіз өтіп, ортаға тез бейімделдім. Сахнада ең алғаш «Алғашқы махаббат» қойылымындағы  Қанат рөлін сомдадым, одан кейін  «Қыз қасқыр» спектакльінде  Қаражалды ойнадым. Ал «Неге?» спектакльінде қоюшы режиссер болумен қатар актерлік шеберлігімді тағы бір сынап көрдім.
‒ Осы уақытқа дейін театрда «Алғашқы махаббат», «Қыз қасқыр», «Неге?», «Қызылорданың қыздары» атты төрт пьеса сахналанғанын білдік. Жалпы қойылымға дайындық барысы қалай жүргізіледі? Бір спектакльге қанша уақыт жұмсалады?
‒  Театрдың өзге өнер ордасынан ең басты  айырмашылығы толықтай жастардан құралған, яғни мұнда  18-25 жас аралығындағы жастар қызмет етеді. Тағы бір ерекшелігі ‒ қойылым көп жағдайда бимен, пластикалық элементтер және  сахна қозғалысынан құрылады. Спектакль барысында сөзге қарағанда қозғалыстың үлесі басым түседі. Осылайша заманауи көркемдік әдістермен көрермен талғамына сай дүние жасауға тырысамыз. Сондықтан әртістердің дайындық уақыты толықтай дерлік тренаж, спорттық қимылдарды қамтиды. Сондай-ақ спектакльдің  жанры мен мазмұнына қарай дайындыққа әртүрлі уақыт бөлінеді. Мысалы, кейбір спектакльге бір-екі ай, ал келесі біріне алты-жеті ай уақыт жұмсалуы мүмкін.
‒ Сонда ең ұзақ уақыт дайындық жүргізілген қойылым қайсы?
‒ Сахнада 1,5 сағатқа созылған «Неге?» спектакльі алты ай бойы дайындалды. Байқасаңыз қойылым баяу әрі ұзақ, бірақ ол режиссерлік шешіммен біршама қысқартылған нұсқасы болатын. Бастапқы сценарий бойынша спектакль бұл уақыттан да әріге созылушы еді. Себебі спектакль  барысында  айтылатын түйткіл көп, мәселенің маңыздылығы да жоғары. Қойылым біздің деңгейімізге де ауырлау келді, әрі жастарға негізгі ойды жеткізу қиын болды. Сол үшін актерлерге жеке-жеке психологиялық сабақтар өтілді.
‒ «Қызылорданың қыздары» атты қойылым да біраз уақытты қажет еткен болар...
Бұл  ‒ бірнеше жыл бойы жоспарға бекітіліп, тыңғылықты дайындалған қойылым. Осыдан тура бір жыл бұрын сценарий авторы  Сұлтанәлі Балғабаев бізге осындай жақсы туындыны жазып беремін деп уәде еткен еді. Қойылымның сценарийі қолымызға тие сала, біз үш-төрт ай бойы үздіксіз дайындалдық. Қойылымның негізгі мазмұны бойынша Сыр өңірінің қазақылықты сақтаған, қазақ тілін және салт-дәстүрді берік ұстанатын аймақ екенін көрерменге барынша шынайы жеткізуге тырыстық. Спектакльде өзге этнос өкілдерінің де образы бар. 
‒ Ал көрерменнің ерекше ықыласына бөленген шоқтығы биік туынды деп қайсы қойылымды айтар едіңіз?
‒ Негізі режиссеріміз Оңталап Нұрмаханов спектакльді кездейсоқ немесе арнайы тапсырма арқылы таңдаған емес. Алдымен қойылым сценарийінің мазмұнын терең зерделеп, жастар аудиториясына лайықты туындыны кеңінен зерттеп алады. Қорымыздағы мағынасы терең, көрерменнің көңілінен шыққан қойылым деп жазушы Шерхан Мұртазаның әңгімесі негізінде жазылған Айжан Атымтаеваның «Қыз қасқыр» трагедиялық спектакльін айта аламын. Бұл спектакль адалдықты арқау етіп, ардан аттамаған қыз тағдырын суреттейді. Қасқырлар ортасында қалған қыз өмірі түз тағыларының адамнан көрген қиянатқа қарсы тартысымен бірге өріледі. Сондай-ақ спектакльде аң атаулының адалдығы мен адам пенделігінің әшкере әлемі қатар көрініс табады. Осы туынды арқылы біз республика бойынша бірнеше қалаға барып, фестивальдерге қатыстық.
‒ Жастар театрының труппасы қалай қалыптасты? Актерлар кастинг арқылы қабылданады ма?
‒ Бастапқыда  әртістердің кастинг арқылы қабылданғаны рас. Бірақ кейінгі уақытта актерлардың кәсіби біліктілігіне ерекше мән беріле  бастады. Ендігі жерде әртістердің актер мамандығы бойынша білім алуын жіті қадағалаймыз. Қазір театрда 15-ке жуық әртіс бар.
‒ Театрдың негізгі аудиториясы жастар екені белгілі.  Қойылым жайлы олардың пікірі қандай?
‒ Үш жыл ішінде театр студенттер мен оқушылардан құралған тұрақты көрерменін қалыптастырып үлгерді. Олар әр қойылымның жарыққа шығуын асыға күтіп, алған әсерін жеткізіп отырады. Олардың саны көп болмаса да, біз жастарға рухани азық, ерекше әсер сыйлай алғанымызды жетістік деп санаймыз.
‒ Біздегі көрермен мәдениетінің төмендігін жиі айтамыз ғой. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
Оқушының немесе студенттің қай ортада болмасын өзін-өзі мәдениетті ұстауы ата-ана тәрбиесі мен ұстаз өнегесінен хабар береді. Бізге келетін көрерменнің бәрін бірдей бағалауға болмайды. Мысалы, былтыр біз арнайы мектеп оқушылары үшін балалар қойылымын дайындадық. Сол кезде қаламыздағы бірнеше мектептен оқушылар келді. Бір қызығы кейбір мектеп оқушыларын қойылым барысында тыныштандыру қиынға соқса, ал келесі бір мектептің оқушылары өздерін үлкен адамша мәдениетті ұстады.
‒ Өзіңіз сомдаған рөлдерді толығымен көрерменге жеткізе алдым деп ойлайсыз ба?
‒  Актер ешқашан өзі сомдаған рөлді толығымен шынайы ойнадым деп айта алмайды ғой. Әр қойылым сайын кемшілігіңді көріп, сабақ алуға тырысасың және келесі ойында қосымша идея қосасың. Жалпы осы кезге дейін тапсырылған кейіпкер бейнесін өз деңгейінде сомдап шықтым деп ойлаймын. Сахнадағы ең алғашқы рөлім мектептегі бала сезімді бейнелейтін «Алғашқы махаббат» қойылымы екенін жоғарыда  айттым. Бұл комедияда Қанат өзінің мұғаліміне ғашық болып, сезімін жеткізе алмай әбігерге түседі. Спектакль барысында Қанаттың ішкі сезімі толықтай суреттеледі, бірақ соңында Қанат ғашық болған мұғалима алыс туысқанының атастырылған қызы болып шығады.
 ‒ Белгілі бір кейіпкерді сомдау барысында актер психологиясына әсер ететіні рас. Қойылымнан соң кейіпкердің аурасынан шығу ұзақ алатын болар...
‒ Режиссер актерге рөлді тапсырмас бұрын алдын-ала сұхбат жүргізеді. Психологиялық немесе физикалық тұрғыдан болсын барлық жағдайға дайын болу керегін айтып, дайындайды. Ал актердің міндеті сол рөлді шынайы қабылдап, өзінің ішкі болмысына енгізе алу керек. Ал қойылымнан соң  психологиялық ауырпалықты қайта өз өміріне қабылдап, күйзелістен шыға алмау актердің әлсіздігі деп ойлаймын. Шыны керек, спектакльден кейінгі бірер сәтте ішкі әлеміңді түсінбестік,  толқу сезімі билейді. Бірақ сол сәтте актер өз кәсібилігін дәлелдеп, эмоциясын уақытында тоқтата алу керек.
‒ Кәсіби біліктілікті жетілдіру үшін кімнен сабақ аласыз?
‒ Театрға республикамызға белгілі Т. Жүргенов академиясының ұстаздары арнайы келіп, шеберлік сағатын өткізіп тұрады. Мысалы, сахна тілі маманы Дариға Тұранқұлова, Мұрат Әбзелбаев, сахна қозғалысының маманы Аман Бекенұлының дәрісі бізді нағыз маман болуға бейімдейді.
‒ Мәдениет ордасында қандай қиындықтар бар?
‒ Актерларға белгілі бір деңгейде жағдай жасалмауы осы кезге дейін үлкен мәселе болып келді. Бірақ соңғы уақытта мәдениет саласы қызметкерінің материалдық жағдайын жақсарту жөніндегі қуанышты жаңалықты естіп жатырмыз. Одан бөлек ғимарттың жетіспеушілігі, екі-үш  мекеменің бір жерде орналасып, сахнаның бізге уақытында берілмеуі, дайындықты аядай бөлмеде жүргізу  сынды мәселелер жұмыс барысында  қиындық тудырады.
‒  Әдетте сахнадағы спектакльді көргенімізбен, театрдың ішкі кухниясын біле бермейміз. Қойылым барысында қызықты сәттер жиі кездесетін болар...
‒ Жаңа айтып өткенімдей,  театрдағы қойылым көп жағдайда би және сахна шайқастарынан тұрады. Кейде осындай қозғалысты қайталау барысында актерлар жарақаттанып қалады. Бірде қойылым барысында жас әртісіміз иығын шығарып алды, бірақ спектакль соңына дейін шыдап, бәрі біткен соң ғана жедел-жәрдем шақырттық. Жас болған соң актерлар қойылым барысында Сөзден жаңылып немесе әдейі импровизациялық сөздерді күтпеген жерден айтып қалады. Театрда осындай қызықты әрі тосын сәттер жиі болып тұрады.
Ал театрдағы ең жас өнер адамы кім?
Ұжымның ең кенжесі  ‒ Ілияс Өтетілеу. Жасы небәрі 19-да болғанмен жақында өткен «Қызылорданың қыздары» спектакльінде қоюшы режиссер қызметін абыроймен атқарды. Оңталап Нұрмахан  ағайымыз оның режиссерлік қабілеті бар екенін айтып,  кәсіби тұрғыда тәрбиелеуде.
‒ Болашақта өзіңізді қандай тұлғаның бейнесінде  көргіңіз келеді?
‒ Алдағы уақытта өзімді психологиялық жанрдағы рөлмен сынасам деймін. Біздің театрда әлі күнге дейін тарихи драмалар сахналанған жоқ, бірақ жоспарда бар. Бұйырса осы жылы «Томирис» спектакльін көрерменге ұсынатын боламыз. Онда патша мен батырлардың әсерлі рөлдері бар, мен өзімді батыр бейнесінде көргім келеді.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
 Әңгімелескен
Гүлдана ЖҰМАДИН
17 қазан 2019 ж. 618 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031