Не тапшы?

Сол сәттен бастап, адамның көпшілігі жан қалауына дер уақытында еркіндік бермейтінін түсіндім. Әйтпесе ешкімнің мұндай жұмысты істегісі жоқ. Неге? Сол баяғы заман талабы деген сылтау. Қазір екінің бірі офисте жұмыс істегісі келеді. Кім құрылысшы немесе электрик, аспазшы болуға талпынады? Шынына келгенде көпшілігі мұндай мамандыққа ниетті емес. Осындай маман атанғым келеді деп армандап жүрген жастар бар ма? Болса да анау айтқандай көп емес.
Жақында Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бір мәліметін көзім шалды. Сонда биылғы еңбек биржасындағы түйіндемелер мен бос жұмыс орны санының есебі бойынша күзетшілер Қазақстандағы ең тапшы маманның көшін бастап тұр. Орталық сарапшылары осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еңбек нарығында 3,3 мыңнан астам күзетші жұмыс орны бос қалған айтып дабыл қағуда. Тапшы мамандардың үздік бестігіне тәрбиешілер (1,5 мыңнан астам бос орын), даяшылар (1,5 мың), сатушы-кассирлер (1,3 мың) және тәрбиеші көмекшілері (1,2 мың) екен. Ең сұранысқа ие мамандықтың ондығына санитарлар, жүк көлігі жүргізушісі, орта мектеп мұғалімі, жол жұмысшысы, сатушы-кеңесші кірген.
Талғамға талас жоқ. Бірақ кейде заманның ығына жығылып, «өзгеден кеммін бе немесе жұрт сөз қылады» деп жан қалауымызды жасаймайтынымыз бар.
С.АЛДИЯР