Лепра – жазылатын дерт
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ республикалық лепрозориіне – 90 жыл. Бұл айтулы мерекеде бірқатар сала үздіктері облыс әкімінің «Алғыс хаты», «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, ҚР Денсаулық министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде өткен халықаралық ғылыми конференцияға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов және шетелден келген арнайы мамандар қатысты.
"Қызылорда қаласы Қазақ кеңестік республикасының астанасы болған жылдары бой көтерген мекеме күні бүгінге дейін қызметін абыройлы атқарып, өзіндік дәстүрі қалыптасқан іргелі емдеу-сауықтыру орнына айналды. Бүгінде әлемдік қауымдастық алдында лепра ауруын толастату міндеті тұрғаны белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде 20-22 млн адам лепра сырқатымен өмір сүруде. Жыл сайын 200 мыңнан астам осындай жағдай тіркелсе, оның 10 пайызы балаларға тиесілі. Сала мамандары дүниежүзі ғалымдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, ғылыми-тәжірибелік қарым-қатынасты нығайту арқылы лепраны емдеудің заманауи тәсілін енгізіп, жазылатын аурулар санатына жатқызды. Науқастарды оқшаулау тарих қойнауына кетіп, көбісі қоғам өміріне белсене араласуда. Бұл еліміздің лепродәрігерлерінің ғасырға жуық еңбегінің нәтижесі деуге болады", – деді Н.Байқадамов.
ДДСҰ-ның мәліметінше бүкіл дүние жүзінде 15 млн лепраға шалдыққан науқас бар. Жыл сайын лепраның 500-800 мың жаңа жағдайы тіркелуде, өкініштісі бұл көрсеткіштің төмендеу қарқыны байқалмайды. 2013 жылы Белгияның Брюссель қаласында болған Конгресте 2012 жылы жаңадан анықталған аурулардың 58 пайызы Үндістаннан, 14 пайызы Бразилиядан, 8 пайызы Индонезиядан, 20 пайызы өзге елдерден анықталғаны туралы айтылды. Биылғы есеп бойынша елімізде лепраға шалдыққна 381 науқас және аурумен байланыста болған 217 адам өмір сүреді.
Қазақстандағы лепраға қарсы күрестің басталуы 1929 жылы Қазақ лепрозориінің ұйымдастырылуымен тікелей байланысты. Осы уақытта Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы мен Сырдария өзенінің теңізге құяр сағасында лепра ошақтарының бары белгілі болды. Жаңадан ашылған емдеу орнының базасы ретінде қаладан 9 шақырымдағы австриялық әскери тұтқындарға арналған колонияның бұрынғы ғимараты таңдалды. Бірақ ол ауруларды орналастыруға жарамсыз еді. Сырқаттар санының өсуі төсек орнын көбейтуді қажет етті. Онда 1936 жылы – 108, 1941 жылы – 296, 1949 жылы – 473, 1959 жылы – 876 науқас жатты. Материалдық базаның өз деңгейінде болмауы стационарлық сырқаттар арасында ерекше тығыздық тудырды. Қалыптасқан жағдай жаңа ғимарат салу мәселесін алға тартты. Осыған орай 1956 жылы Қазақ КСР Үкіметінің қаулысымен Талдыарал тоғайының жер учаскесі мен лепрозорий ғимараты кешенінің құрылысына қаржы бөлінді. Лепрадан жапа шеккендер оқшауланды және жылдар бойы лепрозориден сыртқа шығарылмады. Тұрғындар жаппай тексеруден өткізілді. Сырқаттар өткен ғасырдың 50-жылдары көп тіркелді, яғни, аурушаңдық деңгейінің ең жоғары көрсеткіші сол жылдарға сәйкес келді. 1953 жылы лепрозориде эпидемиологиялық бөлім ашылды. Дәрігерлер дертті емдеуге сульфондық препараттарды алғаш рет қолданды. Бүгінде лепрозориде барлығы 201 адам еңбек етеді. Мамандар дүниежүзінің және ТМД елдерінің лепрологтарымен, германияның Вюрзбург қаласында орналасқан туберкулез және лепраға қарсы күрес ұйымымен тығыз байланыста. Лепрозорий жұмысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының назарында. Олар емдік препараттармен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді.
– 1993 жылы неміс телеарнасынан «Қазлепрозориясы» туралы фильмді көріп қалдым. Сонан менің ойымнан Қазақстан шықпай қойды. Алғашқы байланысымыз Динслакен қаласында өткен конгрестен басталды. 1994 жылы Қазақстанға алғаш рет келдім. 1995 жылдан бастап тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасай бастадық. Лепра дертіне қатысты барлық халықаралық конференция мен конгреске Қазақ республикалық лепрозориінің бас дәрігері Молдағали Сейталиевпен бірге қатысып келеміз, – деді лепра мен туберкулез науқастарына көмек беру неміс қауымдастығының мүшесі Романа Драбик.