2019 жыл - «Сот төрелігін жүзеге асыру бойынша сапа жылы"

Қызылорда облысы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық соттың ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауының сот жүйесіне қатысты бағытын ақпараттық түсіндіру және 2019 жылдың 9 айындағы сот төрелігін атқару жұмыстары бойынша баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз конференциясында Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы, Судьялар одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Сәбит Әбдіқанов, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Светлана Жуынтаева, облыстық соттың судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Шолпан Маликова жүргізді.
Судья С.Әбдіқанов өз сөзінде есепті кезеңде облыстың бірінші сатылы соттарында 1183 қылмыстық, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында 195 қылмыстық іс қаралғанын айтып өтті.
Шара барысында судья С.Жуынтаева 2019 жылдың 9 айында облыс соттарының өндірісіне 16 295 талап қою арызы, 683 азаматтық іс, 8 170 әкімшілік іс түскенін, бұл көрсеткіш өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда азайғанын жеткізді. «Сотқа жүгінуші азаматтардың облыс соттарында ашылған фронт-офистерде қызмет атқаратын медиаторлар мен адвокаттарға, заңгерлер кеңесіне жүгінгенінің нәтижесінде аудандық соттарда талап қою арыздарының түсу саны біршама азайған»,-деді С.Жуынтаева.
Есепті кезеңде Қызылорда облысы соттарында медиация тәртібін қолдану арқылы 1151 іс, 270 қылмыстық және 350 әкімшілік іс қаралған. Партисипативтік рәсім тәртібімен 27 іс, татуласу келісіммен 139 іс аяқталған. Қызылорда облысында 5 айға жуық уақытта Билер кеңесінің көмегімен сотта және сотқа дейін сатыда 72 азаматтық іс, 12 қылмыстық іс шешімін тапқан.
Жиында Ш.Маликова Мемлекет басшысының жолдауындағы сот және құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформаларға қатысты тапсырмаларды айтып өтті. Ол өз сөзінде «2019 жыл - «Сот төрелігін жүзеге асыру бойынша сапа жылы» деп жарияланғаны белгілі. Аталмыш жолдауда да сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажеттілігі айқындалған», -деді.
Шара барысында «Сот төрелігінің жеті түйіні» шеңберінде Қызылорда облысы соттарында жүзеге асырылып жатқан «Түнгі сот», «Виртуалды сот», «Судья көмекшілері», «Татуласу: сотқа дейін, сотта», «Отбасылық сот» пилоттық жобалардың нәтижесі айтылды.
Іс-шарада журналистер Билер кеңесінің қызметі жайлы сұрап, облыс соттарының бастамаларына оң пікірлерін білдірді.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі