Жалағаштағы торқалы той (фоторепортаж)
Жалағаш ауданының орталық стадионда ауданның 80 жылдық мерейтойына орай салтанатты шара өтті. Шара «Алтын дән – 2019» мерекесіне арналған театрландырылған қойылыммен басталды. Әйелдер жағы дән сәпсе, ерлер қолмен күріш орған уақытты еске түсірді. Көрініс арқылы жалағаштық еңбек адамдарының ала жаздай егіс даласындағы бақытты қасиеттеі қара жерден тапқан қуанышты өмірі суреттелді.
Жастар сахна төріне жалағаштың қасиетті топырағында туған еңбек ерлерімен дара тұлғалардың портреттерін алып шықты.
Жастар сахна төріне жалағаштың қасиетті топырағында туған еңбек ерлерімен дара тұлғалардың портреттерін алып шықты.
Жалағаштықтарды облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов, аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев құттықтап, еңбек озаттарын марапаттады.
- Жалағаш – төскейде төрт түлігі өріп, алқапта ақ маржаны жайнаған берекелі мекен. Аудан ауылшаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. Еңбектің даңқын асырған егінші жұрт бүгінгі заман талабына сай, мықты әрі тиімді шаруаны жүргізіп, жоғарғы белестерді мойындатудың үлгісін көрсетіп келеді. Биыл аудандағы шаруашылық құрылымдары 36675 гектар жерге егін екті. Оның 21800 гектары Сырдың бағалы дақылы – күріш. Бүгінде аудандағы егіс алқаптарындағы күріш толық жиналып бітті – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Шарада еңбек озаттары, сондай-ақ Жалағаш ауданының Құрметті азаматтары марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Үстіміздегі жылы «Озат егін шаруашылығы» номинациясы бойынша Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Ер-Әлі», Бұқарбай батыр ауылдық округіндегі «Байтабын» ЖШС, Ақсу ауылдық округіндегі «Сәрке батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері марапатталды.
Шарада шаруашылық ұжымдары еңбек озаттарына, атап айтқанда «Нағи» шаруа қожалығы 2 автокөлік, «Қара-Бура» шаруа қожалығы 4 автокөлік, «Байтабын» ЖШС 5 автокөлік табысталды.
Марапат биігінен көрінген жастардың бірі - Айбек Жылысбаев. Он жылдан аса "Байтабын" серіктестігінде жемісті еңбек етіп келеді. Соңғы технология бойынша шыққан комбайнды тізгіндеген жігіт биыл да мол өнім алып, чемпион атанды. Аудан әкімі темір тұлпардың кілтін табыс етті.
- Бұл менің ғана жеңісім емес, бүтін бриғаданың, ала-жаздай тыным көрмеген диһаншылардың қуанышы. Заманауи темір тұлпар мінгізді. Қуанып қалдық. Ауданымыздың күріштен мол өнім алып алға шығуы да жетістік. Мерейтоймен қатар келген қуаныш мерейімізді үстем етті. Әркез еңбекқор жастарды қолдап, алға жетелеп отыратын "Байтабын" серітестігінің төрағасы Мыханов Сапар ағамызға алғыс білдіремін, - дейді комбайнер Айбек Жылысбаев.
Сыр елінің бұлбұл қызы Самал Байсейітова ән салды. Жалағаштық арулар мың бұрала биледі.
Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлерден, арнайы құрылған шатырлардан мерекеге жиылған қауым дәм татып тарқасты.
Жалағаш ауданы