Парасаттылық мектебі ашылды
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А. Шпекбаевтың қатысуымен «Парасаттылық мектебі» ашылды
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Ж.Шпекбаев пен облыс әкімі Қ.Д. Ысқақов бастаған делегация мүшелері Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Парасаттылық мектебінің» ашылуына қатысты.
Мәртебелі меймандарға мектеп жетекшісі болып бекітілген заң ғылымдарының кандидаты Ляззат Қаржаубаева аталған орталықтың мақсаты туралы баяндап, алдағы атқарылатын жоспарларын айтты.
«Парасаттылық мектебі» - бұл студент жастардың бойында адалдық, парасаттылық, отансүйгіштік құндылықтарын қалыптастыру арқылы сыбайлас жемқорлықты болдырмауға сеп болатын жұмыс болмақ. Ондағы негізгі мақсат-білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды және мәдениетті қалыптастыру, өскелең ұрпақты адалдық қағидаттарына тәрбиелеу, сонымен қатар халықаралық стандарт талаптарына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін дамыту және енгізу жөніндегі жобаны жүзеге асыру. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен республика бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес мақсатында қолға алынған ауқымды шаралар жоғары оқу орындарында осылайша жүзеге асырылуда. Адами құндылықтар мен адалдық принциптері бойынша әр бала үйден ұлттық тәлім-тәрбие алып, әрбір студент жасқа оқу орнында дұрыс бағыт-бағдар берілсе елімізде жемқорлық болмайтыны анық. Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы үшін мұндай шаралар өте қажет.
Шара аясында, қонақтар «Археология және этнография ғылыми зерттеу» орталығының мұражайымен танысты. Орталық директоры А.Тәжекеев мұражайдағы барлық экспонаттардың тарихы туралы кеңінен әңгімелеп, құнды ақпараттар берді. Қонақтар бағдарлама аясында «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» оқу-көрме залында аралап көрді. Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі А.Ж.Оразбақов Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихы жайлы мол мағлұмат беріп, зал жұмысы жайлы әзірленген арнайы бейнероликті қонақтар назарына ұсынды.
Осы күні көпшілік сонымен қатар инновациялық IT стартап жобалар көрмесін тамашалады. Оқу орнында «Бизнес-Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығы жұмыс жасайды. Бизнес-инкубаторда бүгінге дейін 85 білім алушы 25 бизнес-жобаны жүзеге асырып, 14 шағын кәсіпкерлік субъектісі ашылды. Жас Проджект жобасы бойынша студенттеріміз 22 жобаға қайтарымсыз 1 000 000 тг жеңіп алып, қазіргі таңда 22 млн теңгені игеруде.
ҚР Зияткерлік меншік институтынан соңғы 2 жылда Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғалымдары алған патент саны 50-ді құрайды. Университет ғалымдарының «Инновациялық жобалар каталогы» дайындалып 500 данасы шығарылып, технологияларды коммерциаландыру бойынша қызығушы отандық және шетелдік мекемелер мен бизнес-құрылымдарға ұсынылды. Каталогқа «Техника және технологиялар», «Жаратылыстану», «Тарих және мәдениет», «Педагогика», «Экономика және бизнес» тармақтары бойынша 60 жоба жинақталған. Көрмеде жиналғандар аталған жобалар туралы да ақпарат алды.
Спорттағы жетістіктерде тілге тиек болды. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ спортшы студенттер арасында халықаралық дәрежедегі 7 спорт шебері, Қазақстан Республикасының 31 спорт шебері, спорт шеберлігіне 42 үміткер бар. Университеттің баскетболдан құрама командасы Қазақстан Республикасының студенттер лигасының аймақтық ойындарының финалына қатысты. Университет студенттері волейболдан «Кайсар ҚМУ» командасы Қазақстан Республикасының 24 чемпионатында 3 орын иеленіп, ал гандболдан «Сейхун ҚМУ» құрама командалары Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Жалпы университетте Әлем Чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері - 7. Азия Чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері – 15. Қазақстан Республикасы чемпионатының спорт түрлері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер -37 спортшыны құрайды.
Осы күні сонымен қатар Ғылыми Кеңес мәжіліс-залында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы А.Ж.Шпекбаев пен облыс әкімі Қ.Д.Ысқақовтың қатысуымен «Адалдық сағаты» тақырыбында лекция ұйымдастырылды. Жиында білім алушылар көкейкесі сауалдарына нақты жауап алды. Ұсыныс-тілектерін де жеткізді.