БІР АДАМНЫҢ ҒҰМЫРЫ...
"Ол ақындығын сол дәуірде-ақ дәлелдеген тұлға еді". "Әділ Алматыға ақын боламын деп келген жоқ. Өйткені оның өзі бір университетке ұқсайтын". "Ол бір-ақ жолдан тұратын өлең жазған талант болып танылды. Ол әнді де жақсы айтатын". "Ол өз миссиясын орындап үлгерген бақытты жарық жұлдыз". "Әділ тұрғанда бізге орынның қажеті жоқ, өйткені бірінші орын да, бас жүлде де Ботпановтікі болу керек". Бұл − Әділ жайлы замандастары мен достары айтқан естеліктің бір парасы ғана... Олар ақынның көзін көрген кісілер. Ал біз осы аптада тектінің тұяғындай Әділ Ботпановтың ұлы Ақназар, қызы Меруертпен ақынның 50 жылдық мерейтойы қарсаңында тілдестік.
− Ақын Әділдің 50 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мүшәйрада жақындары тарапынан көп естелік айтылды, өлеңдері оқылды. Ал анаңыздың айтуынша әкеңіздің ең жақсы қасиеті қандай еді?
Меруерт:
− Әкем жоғалып кеткен уақытта біз кішкентай едік, мен үш жаста, ал Ақназар небәрі бір жаста болатын. Бірақ бұл "көкеміз жайлы мүлдем хабарымыз жоқ" деген сөз емес. Анамыз кейде қателік жасасақ, "Әділ көкелерің болғанда бұл іске ренжуші еді", "Ол болғанда былай деп айтар ма еді?!" деп көкемізді жиі еске түсіретін. Көкем табиғатынан балажан кісі екен, тіпті таңертеңге дейін ұйықтамай бізге қарайтын кездері болған. Сосын таңға таяу көз шырымын алып, жұмысқа кетеді екен. Көп жағдайда анама "Гүлеке, сен ұйықтап ал, балаға өзім қараймын" деп бесік жанында отыратынын айтады. Байқасаңыз, көкемнің өлеңдерінде "Еңлік гүлім", "Аппақ айым" деген тіркес жиі кездеседі ғой. Осы естелікке қарап-ақ көкемнің жақындарына қамқор, жүрегі нәзік адам болғаны сезіледі. Кейде достары "түрі Әділге аумай қалған" деп мені көрсетіп жатады, ал жүрген жүрісі мен сөйлегенін Ақназарға ұқсатады. Көп жағдайда көкемді әкем (атасы ‒ ред.) тәрізді болған шығар деп ойлаймын, себебі әкем де сауатты, жаны таза адам еді.
Ақназар:
− Мен дүниеге келген сәттен бастап әкемнің (атасы Әнуарбек ‒ ред.) тәрбиесінде өстім, әрі бес жасыма дейін Әділ көкені түйе бағуға кетті деп ойладым. Ер жете келе көкем жайлы анамнан, достарынан естіп, тұлғалық болмысын тани бастадым. Достары көкемнің "қырсық, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей болғанын айтады. Бала күнімде "сенің көкең ақын болған" деген сөзді жиі естуші едім. Соның ықпалы болар 4 сыныпқа дейін қызығушылықпен тақпақтар жаздым, бірақ көкем тәрізді ақындыққа ден қойған емеспін. Ал көкем 4 сыныбында батырлар жайлы жыр жазып, оған өзі иллюстрация құрастырып, айдаһардың суретін бейнелеп, жақындарын таңқалдырған екен...
− Ал әкеңізді "көке" деп атауға сіздерді кім үйретті?
Ақназар:
− Негізі ол кісі төрт ағайынды, яғни үш ағасы, бір апасы бар. Біздің әкемізді ағасының балалары "көке" деп атайтын болған. Соларға еріп, біз де осылай атауға үйреніп кеттік. Ал атамызды бала кезден "әке" дейміз.
− Сіздің есіміңізді көкеңіз өзі қойған ғой... Солай емес пе?!
Меруерт:
− Иә, Ақназардың есімін көкем бір ай ойлана жүріп қойған екен. Бір айға дейін інім есімсіз жүріпті...
Ақназар:
‒ Хақназар деген ханның есімі бәріңізге тарихтан белгілі. Көкем сол есімді өзгертіп, мені Ақназар атауды жөн көріпті. Анам сол кезде Әділ көкемнің кітапты көп ақтарғанын айтады.
− Ал көкеңіздің жинағында сіздерге арнап жазған өлеңдері бар ма?
Меруерт:
− Мүмкін бар шығар, бірақ әлі күнге дейін ондай жазбаны кезіктірмедім. Біз көп жағдайда көкем жазған өлеңдердің "тілін" түсіне бермейміз. Өйткені жұмбақ, астарлы мағына көп. Көкем жоғалмас бұрын, яғни мен дүниеге келген уақытта телеарнаға барып, балаларға арналған бағдарлама шығарғысы келген екен. Қателеспесем, көкемнің өлеңдері "Байғазы" атты балалар кітабына да басылыпты. Әкеміз көкемнің білімді әрі сауатты кісі екенін, үйде өзіне ғана арналған жеке бөлмесі болғанын айтады. Қазір үйде көкенің кітапханасы түгелдей дерлік сақтаулы тұр, оның ішінде әлем классиктерінің жазбасы басым. Анам сол кітаптың бәрін көкемнің ұқыпты ұстайтынын жиі айтушы еді.
− Ақын бір прозасында "Акутагава мен Бодлердің дүниелерін оқып шықсам да көңілім тояр емес. Жалпы мен еш жазушы не ақынға табынбайтынмын. Ал бұлардың әлі мен түсінбеген құпиясы бар сияқты" деп жазады. Әділ әлем әдебиетінде кімді жақсы көретін? Ақназар:
− Акутагава, Кобо Абэ...
Меруерт:
‒ Естеліктерде қазақ ақындарынан Жұматай Жақыпбаевты жақсы көрген деп айтады. Сол кісінің қағанат құрған тұсында көкем алғашқы нояны болған екен.
− "Өмірзая" кітабында ақын туындысының біршамасына "нүкте" қойылмаған екен...
Меруерт:
− Көкемнің "Өмірзая" кітабы құрастырылған кезде өлеңдерін Бауыржан ағаға қайта теріп, пошта арқылы жіберіп отырдым. Өйткені түпнұсқадағы қолжазба әбден ескіріп, қағазы үлбіреп кеткен. Сондықтан анам өлеңнің бәрін өз дәптеріне көшіріп қойған. Көкемнің достары кірпияз мінезіне қарап "кіді Әділ" деп те айтады екен. Бітпеген туындылар жайлы Бауыржан аға "оның бір сөзін, бір әрпін түзетуге жүрегім дауаламайды. Егер бір күні Әділ қайтып оралса, мені кешірмес еді" деп айтқаны есімде. Сол себепті бітпеген әңгімелер кітапқа сол күйінше басылды.
Ақназар:
− Шынымды айтсам, мен көкемнің ақындығы жайлы ештеңе айта алмаймын. Мен атамның қолында өскен соң, тек естеліктер турасында ғана сөз қозғай аламын.
− Көкеңіз күнделік жазған ба?
Ақназар: − Иә. Қателеспесем, ол анамда сақтаулы. Көкемнің анама жазған хаттары, тек өзіне ғана арнаған жырлары ешқандай жинаққа енбеген. Ал оны анам күнде қарап, ұстап жүруге бермейді, өйткені ол − ескі дүние. Көкемнің күнделігінде жазылған өлеңдерді бірнеше рет көргем. Ол жерде шумақтар белгілі бір тәртіппен емес, түрлі қатарда шимай-шимай жазылған. Көкемнің өлең жолы ойына оралғанда бірден қағаз бетіне түсіре бергені көрініп тұр.
− Одан бөлек ақынның сурет салатын қасиеті де болған екен...
Меруерт:
− Иә, суреттері де өлең тәрізді философиялық мәнге ие. Анама арналған бір суреттің соңында "Гули от Лида" деп жазылған қолтаңба бар. "Лида деген қандай мағына береді?" деп анамыздан сұрасақ, "Адил" сөзін керісінше оқығандағы нұсқасы екен. Қателеспесем, суретте 1986 жыл деп жазылған. Көкем ол суретті шамамен 17 жасында салған болу керек. Сурет ағашқа сым арқылы бейнеленген. Күнделіктегі суреттерде күн басты адам, күнге талпынған қол сияқты өзге де бейнелер бар. Бір қарасаң, адамға да ұқсамайды. Одан өзге үйде Әділ көкенің құмырасы, керамикадан жасалған күлсауыты бар.
Ақназар:
− Сақталған суреттің көбісі абстрактілі суреттер. Оған қоса көкемнің қолөнермен айналысатын қабілеті болған. Үйде өзі жасаған шегесіз сандығы да бар.
Меруерт:
− Әділ көкемнің туған ағасы Айбаттың: "Бірде Әділге "жүр, екеуміз қораға барып, сандық жасайық" − дедім. Ол келісті. Мен балға, шеге сынды құрал-сайманды дайындап әкелсем, Әділ "жоқ, біз сандықты шегесіз жасаймыз" деп қарап тұр. Соңында сандық клей қоспасымен шегесіз жасалды" деп естелік айтқаны есімде. Сол сандық әлі күнге үйде сақтаулы тұр.
− Ал әкеңіздің ең жақын да жанашыр досы кім еді?!
Меруерт:
− Ең жақын адамы Аманжол аға болар, себебі біз ол кісіні бала күннен білеміз. Негізі көкемнің курстас достары "Сендер де біздің баламызсыңдар" деп жиі айтады. Ол кісілердің осы сөзінің өзі бізге үлкен демеу.
Ақназар:
− Мен есімді білгелі әкеммен (атасы) жақсы араласқан адам − Аманжол аға. Ал қалған достары көкем жоғалып кеткен сәттен кейін келе бастады. Атам мені ертіп "Халық" газетінің редакциясына жиі барып тұратын, мен баламын ғой ол кісілердің әңгімесін түсіне қоймайтынмын. Ал кейде ол кісі атама келіп сырласатын.
Меруерт:
− Студент кезімде қыздармен бірге балгерлерге жиі барып тұрушы едім. Көбісі "қайтып келеді, үміт үзбе" деп айтады. Қарап отырсам, әкем ғайып болған 22 жыл бір адамның ғұмыры ғой... Сонда да әлі күнге дейін көкемнің қайта ораларына сенемін.
− Ал қазір қай салада еңбек етіп жүрсіздер?
Меруерт:
− Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманымын, бірақ қазір бала тәрбиесіндемін. Ал Ақназар ағылшын тілінен аудармашы, бүгінде қоғамдық қорда үйлестіруші қызметін атқарады.
− Сұхбаттасқандарыңызға рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН