Бейбіт күннің бағасы

– Атыс, жарылыс, азғындық, өшпендік, жастарды аяусыз ұрып-соғу, қинау. Бұл біздің көзбен көргеніміз. Айтсақ ертегі іспеттес. Бірақ барлық қиындықты бастан өткердік. Өзіңнен бұрын балаларға тамақ тауып беру қиын еді. Ана үшін баланың қарны ашып, тамақ іздеп жылағаннан ауыр нәрсе жоқ. Ал атаңмен танысу сәті керемет болған жоқ. Ағайындардың ақыл-кеңесіне жүгініп, тұрмыс құрдым. Ол кезде қыз бала үшін жалғыз жүру қиынның қиыны еді. Менің бір ғана арманым бар. Ол біз көрген ауыртпалықты біздің ұрпақ көрмесе екен деймін. Сонымен бірге жалғыз ұлымнан ерген немере-шөберелерімнің болашағы жарқын болса деймін. Алладан тілерім осы, – дейтін әжем көзіңе жас алып.
Ата-бабамыз жарқын болашақ үшін не көрмеді, нені бастан өткермеді дейсіз? Сондағы бар тілегі – Тәуелсіздікке қол жеткізу. Алланың қалауымен бұл тілек орындалды. Шүкір, бүгінде бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Ешкімге тәуелді емеспіз. Көрші үйден нан сұрап жеген күндер есте қалса да, бәрі артта қалды. Ішер асымыз, киер киіміз дайын. Баспанамыз бар, бұдан артық не керек? Ендігі жастардың яки біздің тілегіміз Тәуелсіздіктің тууы мәңгі желбіресе дейміз. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсыншы!
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА