«Айтыстың ақтаңгері» атанды
Қазақтың айтыс өнеріне қарымды олжа салып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген жерлесіміз, екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жуырда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында өткен «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысында І орынды иеленіп, «Айтыстың ақтаңгері» атанды. Ақынның айтулы жеңісі Сыр жұртшылығын да бір серпілтіп тастады.
Ол – бүгінде Сыр бойындағы ұлттық өнеріміз айтысты, суырып-салма ақындық дәстүрді жалғастыру, айтысқа жастарды көптеп баулу мақсатында құрылған «Ақ сөйле!» атты ақындар бірлестігінің басшысы. 2011 жылы облыстық «Тілім – тірегім, Астанам – жүрегім» атты ақындар айтысының І орын иегері атанды. 2012 жылы Қазалы ауданында өткен Ғ.Мұратбаевтың 110 жылдығына орай «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты республикалық ақындар айтысынан бас бәйгені жеңіп алса, сол жылы «Алтын домбыра» иегері атанды. Ал 2015 жылы Қызылорда қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық айтыстың бас жүлде иегері атанған болатын. Ал 2016 жылы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Алматы қаласында өткен «Алтын домбыра» аламан-айтысында бас жүлде иеленіп, алтын домбыраны екінші мәрте жеңіп алды.
Қазіргі айтыс өнерінің көш басында келе жатқан Мұхтар ақынның әлі де алар асуы биік екеніне күмән жоқ. Жүлде құтты болсын!
«АЖ» ақпарат