» » Сөзден сән, әуеннен мән кетті ме?

Сөзден сән, әуеннен мән кетті ме?

    Қазақ қай заманда да әнде кие бар деп ұққан халық. Ертеде екінің бірі «әу» дейтіндей қабілеті бола тұра жүздің бірі ғана осы өресі биік өнердің жолын таңдағаны да содан шығар.  
Бұл бұрын ғой, бүгін туралы өкінішке қарай олай айта алмаймыз. Қазір екінің бірі әнші, онның бірі жұлдыз. Бірақ айтқан әні жүрекке жетпейді,  жарты сағаттан кейін жадыңнан шығып кетеді. Оған қарап жатқан «жұлдыздар» жоқ. Жаңа әні шыға сала, жарқылдатып бейнебаян түсіріп, оны жылтыңдатып эфирден беріп қағанағы қарқ, сағанағы сарқ жүріп жатыр. Бұрын шетелдің әнін тыңдаған баланың жайын ойлайтын едік, қазір өзіміздегілер де одан құр қалып жатқан жоқ. Жастарды барынша жілігі татымайтын арзан жылтыраққа үйір етудің үлгісін көрсетіп-ақ жатыр.
Сосын бәрі бесаспап. Бұрын фонограмманың арқасында жұлдыз болып жүргендердің әліне қарамай ән жазатынына таңқалатын едік. Қазір олар құлашты кеңге салып мәтінді де өздері жазатын болды. Екі ауыз сөздің басын құрап айта алмайтын, ғұмырында екі кітапты тауысып оқымаған адамнан не шедевр күтесің?  
Жарайды, өзінің жазғанын қалай айтса да еркі, бірақ арзан атақтың буына мас болғандар ел арасына таралып кеткен туындыларға да өздерінше «түзету» жасағанын көргенде на айтарыңды білмей қалады екенсің.
Мысалы, әйгілі Мұқағали ақынның сөзіне жазылған «Мен нағыз махабатты армандаймын» деген тамаша ән бар. Талай жылдан бері топ алдында айтылып, құлаққа сіңісті болған ән. Қазір осы әнді «Саламат» тобы орындап жүр. Бірақ Мұқаңның тағы бір өлеңін осы ән әуеніне әкеліп теліп, бір әнге екі мәтінді мінгестіріп қойған. Тіпті қайырмасын:  
Мен нағыз махабатты армандаймын,
Оны мен жоғалтып та алғандаймын,
Ақ қыздар арасынан аққуымды,
Ажырата алмаған сормаңдаймын, – деп құбылтатынын қайтерсіз... Осы әнге құлағы қанық адам оның мәтінінде «қыздар» деген сөздің жоқтығын жақсы біледі. Ақ қаздар арасынан арманын таппаған ақынның өлеңін редакциялап жібергендерге тоқтам салар кім бар?
  Қысқасы, әншілердің көбі жеңіл ақша табуға әуестеніп алды. Тыңдаушының да талабы соған сай. Әр жерден ұрлап-жырлаған әніне тойда жер тепкілеп билеп қайтқаннан басқа білеріміз болмай тұр.  
Сахнаның салмағын сезінбейтіндер шығарған, айтып жүрген әндерінің аты да айғайлап тұр-ау. Мәселен, «Чики-чики», «Че там, қарындас?», «Әкеме айтшы, мама», «Пах-пах», «Зың-зың» секілді әндердің тақырыбынан-ақ мәтіннің қандай екенін білуге болады. Осыған қарап бүгінгі жастар сөз бен әннің жүйесі мен киесін түсінбейтін жағдайға жетті ме деген ойға қаласың. Сахнада селкілдеп би билеп, мәнсіз ән айтатын әншілер жастардың үлгі тұтатын тұлғасына айналғаны қорқынышты. Ең қауіптісі – жастар соларды үлгі тұтып, өзінің ұлттық музыкасына емес, өзгенің жеңіл, сырты жылтыраған іші қуыс әндеріне бой үйреткен жастар тобы толық қалыптасты. Тіпті, «rap», «r'n'b», «q-pop» стиліндегі әндер өтімді болғасын басқасын айтпай-ақ қоялық.  
 «Әннің де естісі бар, есері бар» дейтін халық едік. Қазір соның естісі ескі заманда қалып қойып, бізге тек есері жеткендей күйдеміз. Танымы кең, талғамы биік бабалар салған өнерді қадірлеп, жандандырып сол жолдан жаңылмасақ екен…
Ерхан АҚЫН
29 желтоқсан 2019 ж. 365 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031