ҮШ ТҮЙТКІЛ

   Кезінде қарт Құнанбай баласы Абайдан: "Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, әлде өте туғансың ба?" деп сұрайды. Сонда Абай: "Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым" деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: "Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек" деген екен. Қазақта атаның тәрбиесі, әкенің беделі, ер-азаматтың абыройы жайлы аз айтылмайды. Десек те, қазіргі қоғамда бұл тақырып төңірегінде өзекті мәселе жетерлік. Арыдан толғанбай-ақ, он жылдық төңірегіндегі тәрбие тәмсілдерін жазушылар шығармасынан беруді жөн көрдік.  
10 жыл бұрын...
2009 жылдың шілде айында жазылған Қабдеш Жұмаділовтің «Бір шөлмек сыра» деп аталатын әңгімесіне арқау болған мәселе қоғамда әлі де өзекті. Басты кейіпкер Айжарық есімді жазушының болашақ ұрпақ тәрбиесі жайлы іштей толғанысынан үзінді келтірсек...                                                                                                                                                                                                                                          
«Мектептегі оқу-тәрбие жұмысы құлдырап кетсе, оның себептері аз болмауға тиіс. Айжарықтың пайымдауынша, соның ең басты себебі, мектептен еркектер кетіп, оқу-тәрбие жұмысының бірыңғай әйелдердің құзырында қалып қоюында. Кеңес заманында отбасының қожасына айналған ұрғашы жұрты әлі күнге дейін мектептің тізгінін де ешкімге бермей келеді. Мектепте ер мұғалімдердің болмауы – қыз балаларға ештеңе емес, ұлдардың соры. Мектепте ер мұғалім болмаса, болашақ азаматқа еркектің мінезін, өнеге-үлгісін, ойлау жүйесін кім дарытады? Жас жеткіншек кезінде үлкендерге ұқсағысы келіп тұратын ұл бала кімге еліктейді? Кімді пір тұтады? Бұл жағдай әкесі бар балаға да оңай емес, ал жалғыз басты жесір әйелдің қолында өскен ұлдардың күні не болады? Ондайлар ерлердің тәлім-тәрбиесінен мақұрым қалып, үйде де, түзде де әйел ақылынан әбден ығыр болуы да мүмкін ғой...»
Кеше...
Жуырда журналист, ақын Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашшы» кітабы қолға түсіп, «Әке беделі» атты әңгіменің көзіме жылы ұшырай кеткені бар. Қазақтың қабырғалы жазушы қызымен әңгімелескен журналист сол кісінің ойын оқырманға шынайы жеткізіпті...
«Жазушы апайым әке беделі қалай өсетіні туралы құр фәлсапа емес, өз отбасы, өмірінен мысал ала отырып нақты және қадап-қадап айтты» деп бастайды журналист әңгімесін. «Әке үйдегі ұсақ-түйектің бәріне араласпауы керек. Көп міндет анаға, сосын баланың өзіне жүктеледі. Қазір көп әке баласының қызметшісі секілді. Тамағын ішкізіп, киімін киіндіріп, «Анау керек пе?», «Мынауың керек пе?» деп елпек қағады. Жоқ, үш-төрт жасынан бастап баласы әкесіне қызмет қылуды үйренуі керек. Оған қызмет қылдыратын – анасы. «Әкеңнің киімін әпер», «Әкеңнің аяқ киімін дұрыстап қой», «Әкеңді тамаққа шақыр» деген секілді қолдан келер шаруаларды үнемі тапсырып отыруы тиіс. Күйеуінің қызметіне жүгіріп жүрген ананың балалары әкеге қызмет қылуды тез үйреніп алады».
Қазір...
Әлеуметтік желінің заманы. Бұрын ел жаппай кітап оқитын болса, бүгінгілер әлемжеліні ақтарады ғой. Осы орайда тәрбие жайлы ғаламтордағы жазба да қалыс қалмасын деп, журналист Нұрбек Бекбаудың парақшасындағы мына жазбаны да жариялауды жөн көрдік. Бұл да тәрбиенің бір олқы тұсы екен...
«Қандай әкесің?». «Иә, бірден «жақсы әкемін ғой» дейсіз... Иә. Салыстырмалы түрде жақсы әкеміз. Бірақ, кіммен салыстырғанда? Баласына назар аудармайтын анау Әнуарбекке қарағанда жақсырақ әке сияқтымыз. Бірақ... Неге нашарлау әкені мысалға аламыз? Себебі оның фонында жақсы әке көрінеміз. Солай өзімізді алдаймыз. Ал, салыстырады екенбіз, неге ұлын жанынан тастамайтын Расулмен салыстырмаймыз? Өйтсек, әке рөліміз орта деңгейден де төмен болып қалады-ау, ә?!
Енді тағы өзіңе сұрақ қойшы. Мен қандай әкемін? Ең-ең мықты әкелермен өзіңді салыстыршы. Нашарлау болып тұрсың ба? Бұлай болмайды. Бар да, балаңа уақыт бөл. Ертең бізден оларға «әкем осындай еді» деген естеліктер ғана қалады. Сенің солар үшін таңнан қара кешке дейінгі офисте отырғаның дым да естелік емес. Жақсы әке болайықшы?! Бар мәселе осы жақсы әке бола алмауымыздан шығып жатқандай көрінеді...»   
P.S. Мектептегі ер мұғалімнің аздығы, әкеге деген бала құрметінің төмендеуі, отағасының жұмысбастылығы... Үш жазбада көрсетілген түйткілден өзге тәрбиеге қатысты сын көп. Бірақ бойкүйез бозбала, жігерсіз азамат, сән қуған салмақсыз серінің көбеюіне де осы үш  мәселенің шешілмеуі әсер етеді емес пе?!
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
27 желтоқсан 2019 ж. 493 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031