СЕРТИФИКАТСЫЗ САЛЮТТЕР
Жаңа жыл жақындаған сайын отшашудың да саудасы қыза түсетіні белгілі. Желтоқсан басталысымен-ақ әр тұстан тарсылдаған дыбыстар жиілейді. Әсіресе кішкентай балалар өздері «пақылдақ» деп атап, ерекше құмартатын петардаларды осы кезде көп сатып ала бастайды. Базар маңына жақындай қалсаңыз отшашудың алуан түрін молынан сатып алуға деген ұмтылысқа ұласып кеткенін байқайсыз. Жаңажылдық түнгі аспандағы «отшашу бәйгесіне» атсалысуға әсіресе, бала атаулының әуес келетінін ескерсек, базардағы пиротехниканың саудасы бүгінде қызып тұр. Мереке қарсаңында Ескі базарды шолып шықтық. Әдетінше шырша мен пиротехникалық заттар көздің жауын алады. Сатып алушының кейпіне еніп, Дархан есімді саудагермен аз кем әңгімелестік. Дархан қыс мезгілі енгеннен жиған тергенін отшашуға жұмсап, Алматыдан түр-түрін алып келеді екен.
– Сауда мезгіл талғайды. Жаз айында балалардың сөмкесін сатумен айналыссақ, қыстағы табыс көзіміз отшашу. Жаңа жылдың көркі отшашу болғандықтан сатып алушыларда есеп жоқ. Шүкір, алып келген затымызға сұраныс жоғары. Бағалары да қалтаға қонымды. 50 теңгеден 6 мыңға дейінгі аралықта түр-түрі бар. Мұнымен айналысып жүргенімізге 5-6 жылдың көлемі болды. Қайсысы қауіпсіз екенін де ажырату біз үшін қиын емес, – дейді Дархан.
Бір байқағанымыз, базардағы саудагерлердің көбінде отшашуды сатуға рұқсат етілген сертификат жоқ екен. Негізінде пиротехника тауарларын сөреге қоймас бұрын сатушылардың тауар сертификаты мен арнайы лицензиясы болуы тиіс. Сондай-ақ пиротехникалық тауарларды 14 жасқа толмаған балаларға сатуға тыйым салынады, олай болмаған жағдайда саудагер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады екен. Демек, бұл жаңажылдық жарылғыштарды балаларға қолдануға болмайды деген сөз. Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жағдайда оның зардабының қандай болатыны айтпаса да түсінікті.
Солай десек те, түрлі-түсті отшашу, шулы шартылдақ сияқты өнімдерді пайдалануда қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығына мән берген ТЖД қызметкерлері пайдаланар алдында пиротехникалық бұйымның қолдану нұсқаулығын мұқият оқып шығуға, өнімдерді қолдануға қатысты шектеулерді қатаң сақтай отырып, тұтатар алдында қауіпсіз алаң таңдап алуға, отшашудың жарамдылық мерзімі мен дайындалған уақытына айрықша көңіл бөлуге, қолдану тәсілі жөніндегі мәтіннің қазақ және орыс тілдерінде анық әрі айқын қаріптермен түсіндірілгеніне мән беруге кеңес береді. Осындай қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтағанда ғана отшашудан тараған жұлдызды өрнектер сұлулығын тамашалап қана қоймай, мерекелік көңіл күй мен қуанышқа да кірбің түспейтіні анық.
Ерасыл ШӘРІБЕК