Анимациялық костюмдерді қайдан аласыз?
Жаңа жыл – балалар асыға күтетін мереке. Аяз атаны қарсы алып, түрлі ертегі кейіпкерлерімен кездесіп, өздері де әртүрлі образда киінуге асығады. Балаларға арналған Жаңа жылдық костюмдер қанша тұрады? Қайда тігілген? Базар бағасын бағамдап қайтқан едік. Қаладағы ескі базар жаңа жыл базарына айналған. Шыршалар, бетперделер, балалардың жаңа жылдық киімдерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Саудагерлерге жақындап киім бағасын білдік.
– Сәлеметсіз бе, тышқанның киімі қанша тұрады?
– 3500 теңге.
– Неше жастағы балаға?
– 6-7 жастағы балаға сияды, – дейді сатушы.
"Қырғызстаннан көтерме бағада әкелеміз. Алматыдан алдыратындар да бар. Дайын тігілген киімдер", – дейді саудагер Гүлсім Рахатқызы.
"Бес балам бар. Оларға мектепке, балабақшаға қажет киімдерін үйден тігіп бере алмаймын. Базарға келдік. Ең арзан анимациялық костьюм 3500 теңге, қымбаты – 10 000. Бәрін аралап шықтым. Қатарынан қалдырмас үшін айтқандарын алып береміз", – дейді қала тұрғыны Гүлнұр Бақытқызы.
Доңыз, тышқан, қасқыр, аю, түлкінің киімдерін қарап шықтық. Қысқа жең, қысқа балақ. Бас киімі де бетті толық жаппайды. Неге өзімізде тіктіріп кимеске?
Осы сәт тігіншілерге де соғуды жөн көрдік. Мәселен, базардың нақ ортасындағы Қорқыт ата сауда үйі 10 бутиктегі тігіншілердің алдында адам көп.
– Балаларға жаңа жылдық костюмдерге ата-аналардан тапсырыс аз түседі. Дайын дүниені алғанды жөн көретін секілді. Біз қазір қыз-келіншектердің жаңа жылдық кешкі көйлектерін тігіп жатырмыз. Анимациялық топтан тапсырыс алып, доңыз, тышқан т.б. киімдерді тігіп бердік. Матасын өздері әкелді. Әр киімге 5000 теңгеден алдық. Себебі жануарлардың басын ұқсатып тігу тіпті қиын. Әрі уақыт алады. Мата да біздің елдің өнімі емес. Сосын қымбат болады, – дейді Гүлмира есімді тігінші.
"Балам – бауыр етім" деп отырған ата-ана баланың қалауын орындауға асық. Қалтасы қалыңы қалауындағы киімді тіктіріп алады. Ал ақшасы аз отбасы амалсыз қырғыздың дайын дүниесін алуға мәжбүр. Киімдердің сапасы төмен болса да, бағалары қол жетімді.
Отандық жеңіл өнеркәсіптің кенжелеп тұрғаны тағы да алдымыздан шықты. Базардағы баға да, сапа да белгілі. Отандық өндіріс өркендемей, өрендерімізді қуанту мұң болып тұр.
Қаракөз ҚЫПШАҚ