Челлендж: халық пен Абай арасы
«Қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ, рухына соншама жақындаймыз. Халқымыз үнемі бұл күйде тұра бермес, ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артар. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...» деген екен Алаштың арысы Міржақып Дулатұлы. Әулие бабаның айтқаны айдай келген күн осы күн шығар бәлкім.
Ел газеті «Егемен Қазақстан» арқылы Мемлекет басшысы биылғы хакім Абайдың 175 жылдығын атап өтудің бағыт-бағдарын көрсетіп, ой мен тойдың аражігін салмақтап, қоғамдық сананың жаңғыруында Абай шығармашылығының алар орны деген сауалға жан-жақты жауап бергенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген бұл мақалаға қоғам болып үн қатты.
«Абайды тану – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы» – деп жазады Президент. Ұлы хакімнің қазақ баласын ғылымға шақыруы, тіл үйренуге назар аударуы, әділетті қоғам құру идеясы, құр мақтанға салынып, өзгені қор, өзімізді зор санайтын популизмнен аулақ болуға үндеуі, масылдықпен күрес, кәміл мұсылман ұғымы деген мәселелерін ой таразысынан өткізіп, оқушының көңіл зердесіне жеткізе жазады.
Мақаладағы: «Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіладамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық» деген жолдар биылғы біздің ой-кемемізді бағыттайтын шамшырақ іспетті.
Сонымен биыл не істейміз?
«Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.
Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.
Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады.
Абай тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын құру жоспарланып отыр» деп мақала барысында биылғы негізгі жұмыстарға екпін түсірілген. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымын абаттандыру, Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды талапқа сай жаңғырту, Жидебайды абаттандыру, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейіне ерекше көңіл бөлу, музей үшін арнайы «Абай мұрасы» деген жаңа ғимарат салу, Семей қаласында 1918 жылы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған, 1992 жылдан қайта шыға бастаған «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету сияқты мәселелерге Үкімет тарапынан тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Қазақтың бас ұстазы Абай ең әуелі адам ретінде өз өзіне сын көзбен қарап, содан соң ұлт болмысын осы безбеннен өткізген адам. Оның замана көшін салыстыра отырып, қазаққа бағыттаған сын садағының дәл тиіп, тап басуы – ұлтты шексіз сүйген және өзі жазған толық адам дәргейіндегі дүниетанымынан, шын хакім даналығынан. Бүгінгі қазақтың бір бірін қанша сынап-мінесе де Абай деңгейіне бойлай алмайтын ғаріп күйі осыдан көрінеді. «Мен боламын демеңдер, Аяқты алшаң басқанға» дейді Абайдың өзі бұл жайлы.
Енді жас отағасы немесе отанасы ретінде шағын мемлекетіме мен қалай Абайды насихаттай алам? Челлендждің үлгісімен алсақ, бірінші қадам: биыл міндетті түрде Абайдың ең болмағанда бір кітабын сатып аламын. Мәселен, күні кеше кеңсе заттары дүкенінің бірінен сатып алдық, «Абайдың қара сөздері» деген шағын жинақ 360 теңге тұрады екен.
Екінші қадам: үйдегі балаларды Абай өлеңдерін жаттауға жұмылдырамыз. «Аю отыр партада» деп емес, «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де – бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан» деп тақылдап тұру керек. Ақынның өз сөзімен айтсақ, «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиетін бір шумақ өлеңі болса да тілі шыққан үш жасар бала үшін үлкен олжа емес пе?!
Үшінші қадам: ата-ана ретінде үлгі болу үшін өзім Абайдың үш өлеңін жаттаймын.
Абайды отбасымен оқудың қарапайым үлгісі осы. Үлкен жол кішкентай қадамнан басталады. Іске сәт!
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ