» » Қаңғыбас қайдан шығады?

Қаңғыбас қайдан шығады?

   Қалада үйсіз-күйсіз жүргендердің қарасы қалың. Оның көпшілігі қайыр тілеп отырады. Қош делік, сонда олар қайда түнейді? Тұрғылықты үйлері бар ма, әлде жер төлені паналай ма?
    Егер сіз көпқабатты пәтерде тұрсаңыз әрі бері кезіп жүрген адамдарға жолығасыз. Одан қалды таңертең жұмысқа бара жатып дәлізде жатқан адамдарды көресіз. Кейде шулап, дамыл бермейді. Жәй жүрсе жақсы ғой, ішімдіктен де ұрттап алады. Мұны біз адамдардың шағымынан аңғарамыз. Қала тұрғыны Самат Серікұлы көше кезіп жүрген адамдардың көптігін растайды. Сонымен бірге у-шудың қиындық тудыратынын жасырмайды. "Біздің көпқабатты үйде тұрғанымызға көп уақыт бола қойған жоқ. Соның өзінде үйсіз жүргендер тыныштық бермейді. Кей үйлерге арнайы домофон қойылған. Оған рұқсатсыз кіру мүмкін емес. Ал шет жақтағы тұрғындар үшін қиын. Өз тыныштығын емес, балаларын уайымдап кешке ауланы барлап жүреді. "Балам сабақтан келетін еді, әлдекімдер тисіп жүрмесе" дейді үлкен кісілер. Оларды да түсінуге болады. Себебі, көше кезгендер бала екен деп қарамайды. "Бауырым шылым берші, тиын берші" деп әлемжеттік жасауы мүмкін. Мұны көрген аналар баласын аулада ойнауға да жіберуден қалған. Олардың үсті таза емес, ер кісілер болса мейлін, әйел кісілер де кездеседі", – дейді Самат.
       Тепсе темір үзетін жігіттердің шөлмекке сылқия тойып алып, қайыр тілеп отыратыны өкінішті. "Жұмыс жоқ" деп жатады, аңығында жұмыс  істейтін адам аз. Қазір еңбектеніп, тер төгіп, адал табыс тапқысы келетіндер қатары сиреді. Бәрінің ойлағаны "дайын асқа тік қасық болу". Олай болмады екен "үйіме жетіп алайын деп едім, 100 теңге беріңізші" деп жан бағады.
  Жақында қызылордалық полицейлер "Подвал" жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізді. Сол кезде тұрақты мекен-жайсыз жүрген 42 азаматты есепке алды. Өмірдің қиын жағдайына кезігіп, қанғыбастыққа салынған азаматтарды облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Тасбөгет кентінде орналасқан тұрақты мекен-жайы жоқ және өмірдің қиын жағдайында қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығына жеткізіп, оларға 7 түрлі қызмет (әлеуметтік тұрмыстық, еңбек, медициналық, психологиялық, мәдени, экономикалық және құқықтық) көрсету бойынша жұмыс жүргізілген. Аталған орталықтың  жалпы сыйымдылығы  60  орынға арналған болса, оның ішінде 50 орын күнделікті тіркелушіге қарастырылған. Қалған 10 орын түнемелік келушілерге арналған. Сөйтіп, жеке құрамға нақты тапсырмалар беріліп, қала орталығында өмірдің қиын жағдайына қалған азаматтарды осы орталыққа жеткізу шаралары жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда ауа-райының суытуына байланысты, полицияның кешенді күштерімен қаңғыбастыққа салынып жүрген адамдарды, қайта әлеуметтендіру орталығымен өзара бірлесіп жұмыстар ұйымдастырылуда. Көше кезіп жүрген адамнан көп нәрсені күтуге болады. Асқазанның қамы болмаса бір шөлмек сыра үшін ұрлық жасаудан да тайынбайды.
Көп қабатты тұрғын үйде тұру қиын. Адамдар айналаны ластап кетеді. Одан қалды дәлізге шылым шегіп, бүлдіріп жатады. Сосын оны тазалықшы апайлардың шамданып жинайтыны белгілі. Егер барлық көпқабатты үйлерге домофон қойылар болса онда мұндай жағдай орын алмас па еді?! Сонымен бірге рейд жұмыстары тұрақты түрде жүргізілсе жақсы болар еді. Үйсіз-күйсіз жүргендерді паналатып, тұрақты баспана бермес әрине. Дегенмен тұрғындар үшін азда-көпті септігі тиері анық.
Ескі базардағы Жайна сауда үйіне барар жол қайыр тілеушілердің тұрақты мекеніне айналған. Ол жақта адамның қарасы қалың. Дегенмен сол кісілердің ішінде денсаулығы сау, аяқ-қолы бүтін азаматтарды да кездестіреміз. Бір әттеген-айы қарт аналар да қылаң береді. Қартайған шағында баласының жүрегінен орын табылмаса да, үйінің бір бұрышынан орын табылмағаны ма? Бұрын қайыр тілеп жүргендер аз еді. Бірақ ол кезде адамдардың пейілі кең болатын. Соған қарағанда бәріміз де безбүйрек болып кеткенбіз-ау... Әйтпесе үйі-күйі бар, тұрақты жұмыс істеген болса аяқ-асты қаңғыбас қайдан пайда болады?
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
18 қаңтар 2020 ж. 382 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031