ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛ
«Аманкелді көз мерген, Кейкі батыр қол мерген» дегендей«құралайды көзге атқан» батыр бабалардың ұрпағымыз. Мергендік халқымыздың қанында бар қасиет. Атқан оғы нысанаға дәл тиетін батырлар соғыс уақытында да, бейбіт күнде де елге қалтқысыз еңбек етті. Алайда бүгінгі смартфонның бетін сыйпап, таңнан қара кешке дейін телміруге бар балалардың бойында мергендік, батылдық секілді қасиеттерді қалай оятуға болады?
Қызылордалық жас Әли Ибрагим садақ ату десе ішкен асын жерге қояды. Мергендікке қызығып, елорда да арнайы садақ ату курсынан өтіпті. Жас шебер Түркияда өткен мергендердің халықаралық сайысына да қатысқан.

− Әлемнің түпкір-түпкірінен келген мергендермен садақ атып сынға түстік. Жеңіске жетпесем де бұл сапардан мол әсер алдым. Елге барып өз шеберлігіммен бөлісіп орталық ашу ойы туды. Ағам Шыңғысханның кәсіпкерлік саласында тәжірибесі бар еді. Сол қолдау білдірді. Ата-аналар балаларын көптеп әкелуде. Баланың нысанаға дәл тигізуге деген талпынысы өмірде де жауапты болуына себеп, − дейді Әли Ибрагим.


«Ұлымды жазда ипподромға апарғанда балалардың садак атып жургенін көрдік. Содан бастап садақ атуды қатты калап жүрді. «Қызылордада барма қатысайыншы? деп жүрген. Әлидің «Алтын жебе» орталығы ашылғанын естіп қатты қуандық. Ясин қазір нысананы дәл көздейтін болған. Жетістігіне қуанып жүрміз. Әлидің ісіне береке берсін. Қазақтың әр баласы елін қорғай алатын батыр, жүректі болып өссін», − дейді қала тұрғыны Марал Алтынбекқызы.
«Шешеннің сөзі − мерген, шебердің көзі – мерген» дегендей, «Алтын жебе» орталығына келуші қыздар да бар. Әлия Молдағұловадай мерген қыздар нысанаға дәл тигізіп, жігіттерді тәнті етеді екен.


Осылайша Әлидің «Алтын жебе» ұлттық садақ ату орталығы қызылордалықтардың қызығушылығын оятты. Келушілер саны артып, кәсібі алға басуда. Баланың рухты, жүректі болып өсуін қалайтын ата-аналар ұлттық спорт үйірмесін ашқан жас кәсіпкерге алғысын білдіруде. Біз де Әлидің батыл қадамына сәттілік тілейміз!
Гүлбану МАҚАЖАН