БЛОГЕРЛЕРДІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?
Бұлай сөз қозғауымыздың себебі бар. Әлем желіде екі блогер сымақтың қозғаған тақырыбы жанкүйерлердің көңіліне қаяу түсірді. Әлгілерді блогер дейміз ау жүргізіп жүрген бір блогы жоқ. «Орда live» атауымен YouTubе каналын ашып, облыс әкімінің аппарат басшысы Ғалым Әміреевпен сұхбат құрып, халықтың сынына ұшыраған еді. Ендігі кезекте «Қайсар» футбол клубы жайында бастама көтеріпті. Көтерген мәселесі –«Қайсар» футбол клубының биылғы бюджеті. Айтуларынша, Әл-Фараби және Сабалақ елді мекендерінде ойын сауық алаңдары жоқ дейді. Осы жерден сәл шегініс жасайық.
2008 жылы облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің орнын Болатбек Қуандықов басты. Футболға көңіл бөлген Мұхаңның бастамасын Қуандықов қуаттамай «Қайсардың» қаржысын тұтастай қысқартып жіберді. Мардымды жалақы, уақытылы айлық болмаған соң жанкүйерлердің сүйікті ойыншылары өзге клубқа ауысты. «Қайсардың» жағдайы құлдырап, төменгі лигаға түсті. Жанкүйерлер шеруі басталып, спорт басқармасының басшысы мен облыс әкімінің орынбасарларын қыспаққа алды. Халық қозғалысы белең алды. Бір ғана «Қайсардың» салдарынан қаншама жас футболшылар спорттан кетуге мәжбүр болды. Қысқасы, стадион қаңырап, алаңнан береке кетті. Қуандықовтың бұл ісін жанкүйерлер әлі де ұмытқан жоқ. Сол қаржыдан Қызылорда гүлденіп, Париж немесе Дубай болып кетті ме, әлде блогерлердің басы қатқан ауладағы әжетханалар мектеп ішіне кіргізілді ме? Не болмаса Сабалақ пен Әл Фарабиге бір алаң салынды ма? «Қайсардың» қаражатын алып, керемет жоба немесе нысан салынғанын кім көрді?
Басы қатқан екінші мәселе – легионерлер. Елдегі қай саланы алып қарасақ та шетелден маман шақырып, жергілікті жұмысшыларға өз білгенін үйретеді. Мұндай тәжірибені футболда қолдансақ оның несі айып? Біз легионер шақыртқан «Астана», «Ордабасы» «Тобылдан» қай жеріміз кем? Легионерсіз өнер көрсеткен «Ақтөбенің» биылғы хәлі не болды? Топ етіп бірінші лигадан бір-ақ шықты.
Қазақстан премьер лигасында 12 клуб өнер көрсетсе, барлығы да мемлекет бюджетімен қамтылған. Әлгі Боранбаевтың «Қайраты да» ел қазынасынан өз үлесін алады. Яғни жалғыз қызылордалық клуб облыстық бюджетпен өмір сүріп жатқан жоқ. Өзге 11 команданың қала тұрғындары немесе блогерлері шу шығарып, «неге біз бүйітпедік» деп қызыл кеңірдек болып жатқанын көрмедік. Тағы бір айтатынымыз «Қайсар» жергілікті ойыншыларды қосуда ел ішінде алғашқы орында. Құрамда 11 жергілікті футболшы доп тебеді. Чемпион «Астанаңыз», «Тобыл», «Жетісу», «Шахтер», «Оқжетпес», «Ордабасыңыздан» түлеп ұшқан түлектерін тізбектеуге де келмейді.
Мәселе көтерген әлгі блогерлер стадиондағы матчтарға келіп, жанкүйерлер атмосферасын сезініп көрді ме? Бұлай сауал қоюдың өзі әбестік шығар. Өйткені футболды әйел адам қайдан түсінсін?!
Жанболат КАДЕНОВ,
«Жастар» фан клубының атынан