Жан аямай кәсіп қыл
Жан аямай кәсіп қыл.
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң,
Бола ма дәулет, нәсіп бұл? Абай атамыз тамаша өлең жолдарын жастарға қарата жазған секілді. Жастық шақ қалжыңға да, бос уақытқа да толы. Ал әрбір уақытты тиімді пайдалану барлық жастың қолынан келе бермес. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өткен жылы жастарға тиімді «Жас кәсіпкер» жобасын жүзеге асырды. Жоба аясында 1100 азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқытты. Нәтижесі жаман емес, 578 жоба қаржыландырылған.
"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ арқылы 9 млн теңгені құрайтын 3 жоба, Өңірлік инвестициялық орталығы "Қызылорда" ЖШС арқылы − 3,5 млн тенгені құрайтын 2 жоба және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының қатысушыларына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант арқылы – 289,4 млн теңгені құрайтын 573 жоба қолдауға ие болды, − дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының 1 дәрежелі эксперті Салтанат Болатбекқызы.
Біз өз идеясын жүзеге асыруға бекінген жас кәсіпкерлердің оқиғаларымен бөлісіп жүрміз. Бүгінгі кейіпкерлеріміздің бірі балаларды қуантуға асықса, енді бірі халыққа медициналық қызмет көрсетуді бастап кетіпті. Кейіпкерлерімізбен таныстырып шығайын.
БАЛАЛАР ҚУАНСА БАҚЫТҚА БӨЛЕНЕМІН
Жалағаштық жас Олжас Өмірғалиұлы «Ақмешіт» колледжінде тасымалдауды ұйымдастыру мамандығын меңгерген. Белсенді студент колледж қабырғасында жүріп-ақ қысқы универсиада ойындарында ерікті болып қызмет еткен. Белсенділігімен көзген түскен Олжасты Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және FISU президенті Олег Матыцин алғыс хатпен марапаттады. Оқу орнының барлық мәдени шарасынан қалмайтын ол «Сыр ұландары» жайдарман тобының капитаны болды. Астарлы әзілмен көрерменін қуантып жайдарман ойындарына қатысты. Олар қаласында өткен Сырым Датұлының 275 жылдығына ұйымдастырылған «Айбынды жігіт-2017» байқауында бақ сынап, аймақ намысын абыройлы қорғай білді.
− Студент кезден тойларға шығып асаба бола бастадым. Оқу бітірген соң ауылға келіп үйлендім. Жұмыссыз жүрген соң жаңалықтарға құлақ түріп жүргенмін. Жастарға арналған қайтарымсыз грант туралы естіп қуанып қалдым. Мен үшін үлкен мүмкіндік жіберіп алмауым керек деп шештім. Аудандық кәсіпкерлік палатасына келіп кеңес алып, құжаттарымды өткізіп, оқу курсынан өттім. Палата қызметкерлері кәсіп бастауыма қажет мотивация берді. Қандай жоба болғаны дұрыс деп ұзақ ойландым. Түрлі салаларды сараптадым. Өзім балажанмын. Балалармен уақыт өткізгенді қатты жақсы көремін. Ойлана келе балаларға қатысты жоба жазуға кірістім» дейді Олжас.
Осылайша Олжас қайтарымсыз гарнтқа қол жеткізіп, аниматорлық костюмдер сатып алып, балаларға арналған көңілді кештерді ұйымдастырып жүр. Қосымша той ұйымдастыру орталығын ашуды да мақсат етіп отыр.
ТӘЖІРИБЕЛІ МАМАНҒА ҚАРАЛҒАН ДҰРЫС
Екінші кейіпкеріміз шиелілік Несібелі Арғынбаева косметолог- хаджам. Медициналық қызметтің бұл түрі бойынша ол Атырау қаласындағы "Асылай" сауықтыру орталығында дәріс алған.
Грантқа қол жеткізген соң қажетті медициналық құралдар алып, халыққа қызмет көрсетуде. Бұл жұмысқа жолдасы Бұрхан Нұрсұлтан жәрдемдесуде. Олар өз жобаларын әлеуметтік желі арқылы жарнамалап, сұраныс санын арттыруда. Несібелінің айтуынша, көптеген дертке ем болған сауықтыру шарасы шиеліліктердің оң бағасын алған. Қазір ғимаратты жалға алып, сапалы қызмет көрсетуде.
− Қазіргі таңда адам ағзасының құрамы дәрі-дәрмектердегі химиялық заттарға тәуелді. Хиджама жасау кезінде адам бойындағы қан алмасу процесі жақсарып, арам қандар сыртқа шығады, барлық жасушалары жаңарып, ағзаға оттегі мен нәрлі заттар тарайды. Бізге анализ қорытындысымен келеді. Науқастардың қаназдықпен немесе қант диабетімен есепте тұрмауы да маңызды. Дұрыс жасалған хиджаманың адам ағзасына зияны жоқ. Ал дұрыс жасалмаған жағдайда ағзаға үлкен зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан хиджаманы арнайы маманнан кеңес алғаннан кейін ғана, білімді, тәжірибелі адамға жасатқан дұрыс. Сонымен қатар, косметология бойынша бетті тазалайтын арнайы аппарат сатып алдық. Он бағытта жұмыс істейді. Қазір қыз-келіншектер осы қызмет түрін пайдалануда, − дейді Несібелі.
P/S:
«Жас кәсіпкер» жобасы жастарға өз ісін бастауға ғана емес, алға мақсат қойып, әрі қарай қызметін дамытуға жол көрсетті. Енді тек қиындыққа қажымай, жігерлі еңбек ету керек. Біз кейіпкерлеріміздің оқиғаларымен бөлісуді жалғастыратын боламыз. Газетіміздің келесі санын күтіңіз.
Гүлбану МАҚАЖАН