ЕҢ БАСТЫСЫ – ЕЛ МҮДДЕСІ

Ауданға «көгілдір отынның» келуімен көпшілік көкейіндегі сауалдар көбейген. Тұрғындар табиғи газды тұтынуға асық. Былтыр Жосалы кентіне газ жеткізу, кварталішілік газ тарту желілерінің құрылысы үшін республикалық, облыстық бюджеттен барлығы 753,3 млн теңге қаржы бөлінді.
– Бұл қаржыға биыл Жосалы кентіне газ тарту жұмыстары басталды. Өткен жылы Т.Көмекбаев елді мекеніндегі №185 орта мектептің бу қазандығын сұйытылған газға ауыстыруға аудандық бюджеттен 23,1 млн теңге бөлініп, жұмыс толық аяқталды. Оған қоса, бірқатар білім ошағында осы бағыттағы жұмыс жалғасуда. Биыл Төретам кентіне, Ақай елді мекеніне газ таратудың жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы бөлінді, – деді М.Қалдарбеков.
Ауданда жол мәселесі де шешімін тауып келеді. Өткен жылы аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен 22,8 млн теңге қаржы бөлініп, оның 500 метр бөлігі күрделі жөндеуден өткізілді. Одан бөлек, елді мекендерде жол жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жүйелі жүргізілді.
Қармақшыдағы түйіні тарқамаған түйткілдің бірі – жазғы демалыс лагері еді. Бұған дейін балаларды көршілес облыстар мен аудандардың лагеріне жіберді. Аудан әкімі жұртшылықпен жүздесуде «Жосалы кентіндегі жыл бойы балалар демалатын лагерь құрылысын уақытылы аяқтау үшін тиісті басқармалармен тығыз байланыстағы жұмыс жалғасатын болады» деп атап өтті. Айта кетейік, лагерь құрылысына облыстық бюджеттен 2017 жылы 100 млн теңге, 2018 жылы 200 млн теңге қаржы бөлінген. Ал нысанның жалпы құны – 1 млрд 292 млн теңге.
Кент, ауылдық округтерде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, өндіріс пен қызмет көрсету бағытында кәсіпкерлік жобаларды іске асыру жіті назарда.
– Кәсіпкерлік саласының жандануы қандай кезеңде де болмасын тұрғындардың әл-әуқатының артуына әсерін тигізеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы ауданда тіркелген кәсіпкерлік субъектілердің саны 3206 болса, оның 90,5 проценті немесе 2900-і жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 438 нысанның ішкі қаржылық айналымы 2 млн теңгеден асады, – деді аудан әкімі.
Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары толастамайды. Бұл үшін 75,9 млн теңге қаралған. Санитарлық тазалық жұмыстарына 16,5 млн теңге, жарықтандыруға 28,3 млн теңге бөлінген.
Есепті кездесуде аудан тұрғындары атқарылған жұмыстарға лайықты баға беріп, алғыс білдірді. Ұсыныстарын жеткізді. Көкейкесті сауалдарына тұшымды жауап алды.