Сот жүйесі айқын бағытпен дамуда
Қашанда өркениетті елдерде қалыптасқан өлшемдермен таразыласақ, сот төрелігінің әділдігі мен жедел, әрі толық орындалуы – кез-келген елдің кемел болмысының көрінісі болып табылады. Ал, оны жүзеге асыратын бірден-бір жауапты тұлға судья.
Судья қызметі заң саласындағы ең жоғары лауазым. Кез келген заңгер мамандығын қалаған адам судья болуға талпынады. Алайда, судьяға қойылар талап та қатаң. Мемлекет мүддесі үшін қызмет атқаратын судьялар «Мемлекеттік қызмет туралы» заңында қойылар талаптармен қатар, Судьялық әдеп кодексінде көзделген міндеттерді күнделікті өмірде, қызметтен тыс кезінде моральдық және этикалық әдеп нормаларын сақтауы тиіс. Сондай-ақ, сот билігінің беделін түсіретін, судьяның абырой-беделіне нұқсан келтіретін және сот төрелігін жүзеге асыруы кезінде оның объективтілігі мен бейтараптылығына күмән тудыратын жағдайлардың бәрінен өзін аулақ ұстауға міндетті.
Бекітілген қағидалары мен қағидаттары алдымен еліміздің Ата Заңына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңға негізделген Судьялық әдеп кодексі 15 бапты қамтиды. Кодекс тек судьялар корпусы үшін ғана емес, тұтастай қоғам үшін де маңызды.
Судьялық әдеп кодексінде судьяның мінез-құлық принциптеріне басты назар аударылып, сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды және ар-ожданды басшылыққа алып, шешім қабылдау қажеттілігі көрсетілген. Тіпті, жұмыстан тыс, өзге уақыттарда да судьяның сыртқы келбеті оның атқарып отырған лауазымына сәйкес болып, қызметін өзінің жеке басының қамын күйттеуге немесе отбасы мүшелерінің мүдделері үшін пайдаланбауға тиіс екендігі Кодексте егжей-тегжейлі жазылған.
Әділ сот биілігін атқаруға құзыреттілік берілген кешегі өткен билер де, қазіргі судьялар да халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегі мен шағым-өтініштерін тыңдап, шындықты жақтап, өзі өмір сүрген қоғамның әділдік ұстанымдарына қызмет етіп келеді. Олардан кәсіби ерекшеліктеріне қарай заңдарды, елдің салт-дәстүрі, жөн-жоралғыларын жақсы ғана біліп қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, қабілетімен ғана емес, жеке бастарының қадір қасиетімен де үлгі-өнеге көрсете білуі талап етіледі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев судьялардың ІV съезінде «Соттарға міндеттелген міндетті тапсырмалардың орындалуы заң мен әділеттіліктің үстемдік жасауымен бірге еліміздің экономикасының дамуына орасан үлес қосады» деген болатын.
Сот жүйесінде жүргізілген реформалар саланы жаңа биікке көтергені айқын. Озық елдер тәжірибесін ескере отырып енгізілген жаңашылдықтардың халық көңілінен шыққанына уақыт дәлел. Ал, Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен республика соттарында жүзеге асырылған «Сот төрелігінің жеті түйіні» пилоттық жобасы сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыруға үлес қосты. Атап айта кетер болсақ, «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» секілді жеті топқа біріктірілген мақсатты жұмыстар бүгінде сот саласының дамуы бағытында жұмыстар атқарды.
«Мінсіз судья» жобасы аясында тәуелсіз сот төрелігінің халықаралық стандарттары негізінде қазақстандық қоғамның сұранысына сай, жоғары кәсіби сот корпусын қалыптастыру мақсат етіп қойылды. Жоба Ұлт жоспарының 17-19 қадамдарын судья лауазымына кандидаттарды іріктеу механизмін, Сот төрелігі академиясы қызметін, сондай-ақ судьялардың есептілігі мен жауапкершілігі институтын жетілдіру жолымен одан әрі іске асыруға бағытталды.
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы
Б.Жаңабаев