Жер жібіді дегенше, батпаққа баттым дегейсіз...
Әне-міне дегенше қытымыр қыстың да соңғы айына келдік. Енді күн жылынып, қаламыздың шет аймақтарындағы тұрғындар батпаққа батып, жол жүруі қиындай бастайды. Осы орайда, біз де тұрғындарды толғандырған жол мәселесіне байланысты халықтың хал-ахуалын көзімізбен көрдік.
Жыл санап көркейіп келе жатқан қаламыздың орталық көшелері жинақы, таза әрі заманауи. Алайда қала сыртын демей-ақ қояйық, орталықтан сәл аса берсеңіз, балшық пен лайсаңнан аяқ алып жүру мүмкін емес. Аязы мен қары бар қыс мезгіліндегі бүгінгі жағдай мынадай. Ал жердің тоңы жібіп, көктем келгенде бұл аймақты елестету тіпті қиын. Ересектерді былай қойғанда, оқушылар, студенттер мен балабақшаға баратын бүлдіршіндердің межелі жеріне жетуі қиямет-қайым. Көшеміз жөндеуден өткен жоқ деп халық жылдар бойы айтудайын айтып келеді. Тым құрығанда тас төсеп, адам түгіл көлік әрең жүретін көшелерге жағдай жасалса деген тілек біреу ғана.
Айта кетейік, қала әкімінің 7 ақпан күнгі есебінде қала тұрғындарынан ешкім бұл мәселені көтерген жоқ. Бірақ қала әкімі Н.Нәлібаевтың өзі қалаға қарасты 32 көше жөндеуді қажет етеді дегенді айтты. Көше дейміз-ау, көше болу үшін де оған кемінде тас төселіп, асфальтталу керек-ақ. Демек біздің фотоаппарамыздың нысанасына ілінген мына суреттер "көше" болғысы келетін тұрғылықты және өтпе жолдар деп айтсақ жарасар.
Қазіргі таңда қала аумағында 823 көше бар. Оның ішінде 426 көшесі – асфальт, 138 көшесі – тас жол. Ал қалған 259 көше қара жолды құрайды. Биыл қаладағы 32 көше мен кент, ауылдық округтердің көшелеріне орташа, ағымдағы жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге қалалық бюджеттен 892 млн 157 мың теңге қаралған.
Ақтілек БІТІМБАЙ
Суреттерді түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ
Жаңарту көшесіАқмаржан көшесі
Арман Төлеубаев көшесі
Шанхай. Ақберен-3 көшесі
Әл-Фараби