Жәрмеңкелердің берері көп
Қармақшы ауданы әкімдігінің және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен, Жосалы кентінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өтті.
Аудандық қалалық мәдениет үйінде өткізілген жәрмеңкелерге халықтың сұранысы жоғары жұмыспен қамту, білім, жер, тұрғын үй, сәулет және құрылыс, ахаж, әділет, мемлекеттік кірістер, көші-қон салалары бойынша қызметтер көрсететін уәкілетті органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық бөлімінің өкілдері қатысты.
Халықтың сұранысына ие жәрмеңкелердің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Жарқын Омаров пен ҚР МҚІА облыстық департаментінің басшысы Нұрман Талқанбаев шараның маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесінің мақсаты – тұрғындарға бір мезетте бір жерден бірнеше қызметтерді алу және сала мамандарынан заңгерлік кеңес алу мүмкіндігін қамтамасыз ету болып отыр.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мемлекеттік органдар мен жеке мекемелерге өздерінің талаптарына сәйкес келетін мамандарды табуға, ал аудан тұрғындары үшін мамандықтары бойынша жұмыс іздеуге үлкен мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді Н.Талқанбаев.
Жәрмеңкеге келген тұрғындарға «Digital agent» мобильді қосымшасы арқылы қызмет сапасына шағым беру тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ, «еgov-mobile» мобильді қосымшасы, «Үшінші тұлғалар сервисі» мен Telegram-бот көмегімен түрлі анықтамалар алу жолдары көрнекі түрде көрсетілді. Бірнеше тұрғынға электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) рәсімделіп, ЭЦҚ көмегімен қажетті құжаттарын сол жерде алды.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне ұсынылған вакансияларға тұрғындардың қызығушылығы жоғары болды. Жосалы кенті әкімі аппаратына қарасты «Толғанай» балабақшасы, №105 мектеп, Төребай би ауылдық клубы, №111 мектеп және жеке кәсіпкер Ш.Кәрібаевтың «Нұр» шайханасы, жеке кәсіпкер Б.Несіпбаевалар мекемедегі бос орындары бойынша тиісті мамандарға сұраныс жасады.
Жалпы алғанда, жәрмеңкеде 7 мемлекеттік мекемеден және 6 кәсіпкерлік субъектісінен бос жұмыс орындары ұсынылып, 27 адамға тұрақты жұмысқа, ал 3 адамға уақытша жұмысқа жолдама берілді.
Сонымен қатар, жәрмеңкеде 12 азамат «Жастар тәжірибесі» бойынша, 13 азамат кәсіпкерлік негіздері курсын оқу бойынша консультациялар алды.